Оқу-жаттығу достас елдердің әскери басқару органдарының үйлесімділігін арттыруға, Әуе шабуылына қарсы қорғаныс күш-құралдарын бірлесіп қолдану мәселелерін пысықтауға, жауынгерлік кезекшілік атқарудың ерекше жағдайларында командирлердің әскери бөлімдерді басқару бойынша практикалық дағдыларын үйренуге бағытталған.
Оған майдан тікұшақтары, армия және әскери-көлік авиациясының ұшақтары, сондай-ақ Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің күш-құралдары қатысты. Оқу-жаттығу барысында Әскери-әуе күштерінің ұшқыштары Қырғызстан мен Тәжікстанның әуе кеңістігінде де ұшу жаттығуларын орындайды.
«Ашық аспан-2024» жедел-стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуы ҚР Қарулы күштері Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы, авиация генерал-лейтенанты
Дәурен Қосановтың басшылығымен өтті.
– Осындай оқу-жаттығуларды тұрақты түрде өткізіп тұрамыз. Олар достас елдердің әскери қызметшілеріне әуе шабуылына қарсы қорғаныс, жауынгерлік есептоптарды үйлестіру жөніндегі бірлескен міндеттерді орындау кезінде практикалық тәжірибе жинақтауға, оған қоса екі елдің қорғаныс қабілетін арттыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Д. Қосанов.
Оқу-жаттығудың ерекшелігі мемлекеттік шекара немесе әуе кеңістігін пайдалану қағидалары бұзылған жағдайларда Әуе қорғанысы күштерінің командалық пункттерімен және Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан секілді шекаралас жатқан мемлекеттердің басқару пункттерімен өзара іс-қимыл жасау тәртібін пысықтау болды.
Бұдан басқа «Ашық аспан –2024» бірлескен оқу-жаттығуы шеңберінде Тәуелсіз мемлекеттер достастығының біріккен әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі шеңберінде әскерлерді қарсылас авиациясының соққыларын тойтару жөнінде практикалық іс-қимылдарға дайындау жүргізілді.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ