Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Дәстүрлі дін – экстремизмге қарсы басты құрал

Дәстүрлі дін – экстремизмге қарсы басты құрал
Ашық Дереккөз
Ислам діні мен қазақтың салт-дәстүрлері ғасырлар бойы өзара кірігіп, ажырамастай болып тамырласып кеткелі қашан. Біздің рухани құндылықтарымыз – ата дініміз бен дәстүріміздің терең тамырлы байланысының тағылымды туындысы.

Дәстүрлі құндылықтар – қазіргі зайырлы қоғамдағы әлеуметтік-саяси қатынастарды реттеуші және ішкі саяси үдерістерді тұрақтандырушы негізгі факторлардың бірі. Бұл факторға Қазақстан қоғамы ғана емес, бүкіләлемдік қоғамдастық, әсіресе тарихи тағдыры өзімізбен ортақ ТМД елдері баса назар аударуда.Қазір ел тұтастығын сақтау мақсатында дәстүрлі құндылықтарды жаңғыртуға баса көңіл бөлінуде. Құндылықтар кешені бір-бірімен тығыз байланысты. Бір ғана мысалға жүгінейік. Дін құндылықтарының төресі – бейбітшілік пен келісім. Өйткені бейбіт өмір ғана дін адамына Жаратушының алдындағы пенделік міндеттерін орындауға мүмкіндік береді.Ал зайырлы қоғам тұрғысынан қарасақ, бейбітшіліктің маңызы тіпті өлшеусіз. Дін ісі де, дүние ісі де бейбітшілік жағдайында ғана көгеріп-көктейді.

Осыны түйсіну өз кезегінде отансүйгіштік сезімдерге тәрбиелеп, елдік мұраттарға жетелейді. Себебі тыныштық, тұрақтылық пен татулық тек заңдылыққа, тәртіпке, жүйеге негізделген біртұтас құрылым мемлекет аясында ғана орнайды.Бұрын қазақтың тілі мен дәстүрін, әсіресе мәдениеті басқаша қалыптасқан жандарға үйрету керектігі өзекті болатын. Ашығын айтсақ, қазір дін ғалымдары мен қызметкерлерінің бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңіру маңызды мәселеге айналды. Себебі олардың көпшілігі дінді жеткілікті деңгейде игергенімен өзінің салт-дәстүрі мен мәдениетінен, тілінен бейхабар болып жатады. Екіншіден, қазақтың мәдениеті мен дәстүрін, мемлекеттігін жоққа шығарып жүргендердің кейбірі – өзге елдің мәдениетімен уланғандар.

Олардың дені дінді шетелде үйреніп, өмірлік көзқарастары мен ғылыми пікірлері сол жақта қалыптасқандықтан көп жағдайда өз ұлтының ұлттық болмысы мен мәдениетінен, мол тілдік мұрасы мен әдет-ғұрыптарынан бейхабар қалып жататыны бар. Ал осы олқылықтың орнын «есесіне мен дінді жақсы білемін» деген максималистік ой басады. Ал негізінде өзінің ұлтына, еліне деген менсінбеушілік, өткеніне өштікпен қарап, болашағына сенбеудің арты жақсылыққа апармайтындығы белгілі.Тәуелсіздік таңы атқан соң жоғымызды түгендеп, етек-жеңімізді жинап, енді ел боламыз ба дегенде ұлтты алға бастайды деп үміт артқан жас буынның кейбірінің кешегі қазақылығын мансұқтап, өзге елден үйренген кейбір діни дәстүрлерді таңсық көріп, талғамсыз ала беруі жанға батады, қабырғаны қайыстырады.

Жалпы дәстүрлі діндер дегеніміз – белгілі бір этникалық қауымдастықтың мәдени-тарихи дамуындағы орны мен рөлінің болуы, діни дәстүрді белгілі бір аумақта, белгілі бір этностар арасында кейінгі ұрпаққа беру, күнделікті өмірде, мерекелер мен рәсімдер жүйесінде, мифологияда, ойлау түрі мен тәсілінде, мәдениетте, психологияда терең тамыр жаюы. Оларға ислам және православие діндерін жатқызуға болады.Тиісінше дәстүрлі емес діндер белгілі бір этностың өткен дәуірлерінен мұра болып қалмайды. Дәстүрлі діннің негізгі белгілеріне келсек, ол ең әуелі Жаратушы тарапынан бастау алатын, тиісті пайғамбарлар арқылы адамзатқа жеткізілген, барлық тарихи кезеңдерде көптеген халықтың өмірінде дәстүрлі түрде орын алған, негіздері мен қағидаттары, сондай-ақ мақсаты мен міндеттері жалпы адамзаттың өзіндік игілігіне арналған Жаратушының заңдарының жиынтығы. 

Дана халқымыз «Саясат күнде өзгереді, ал дін – мәңгілік»  деп атап өткендей, діни құндылықтар сол күйі қалады. Ал дін қоғамға ұдайы өз өзгерісін тигізіп отырады. Дәстүрсіз ел болмайды, ежелден саралап келген құндылықтарымызды жоғалтсақ, мәдениетімізді жоғалтамыз. Мәдениетсіз халық, әрине, жабайы, тұрпайы халыққа айналады. Өткен заманда салт-дәстүрді сақтамаған адамдарды «салтын білмеген – сауапты түсінбейді» деп заң негізінде жазалап та отырған. Қазақ қоғамы үшін салт-дәстүр мен әдеп-ғұрып бұлжымас заң рөлін атқарды. Құран Кәрімде Алла Тағала ешқашан әр ұлттың өз салтына тыйым салмаған. Онда: «Ей, адамдар! Мен сендерді бір еркек, бір әйелден жараттым және бір-бірлеріңді білсін деп, сендерді ұлттар және ұлыстар етіп жараттық», – дейді. 

Бұл аяттардың астарында ұлттар мен ұлыстардың өзара бірлігі мен салт-санасына құрметпен қарау жатыр. Ұлт болған соң оның өзіне тән салты мен ғұрпы болатыны анық. Ислам ұлттық салт-дәстүрді жоққа шығарады немесе қабылдамайды деген пікірлер ата дінімізді жете түсінбегендіктен туады. Дәстүрге теріс көзқараспен қарау және оны жоққа шығару тек бір ұлттың тамырына ғана балта шабу емес, дінді бұзушылық болып та табылады. Еліміздегі дәстүрлі ислам діні Қазақстан халқының дәстүрлі құндылықтарына қарсы емес, керісінше игілігіне, ел бірлігіне қызмет ету керектігін түсінуіміз қажет.

Мұстафа СЕЙТХАЗИ,
облыс әкімдігі дін проблемаларын 
зерттеу орталығының инспекторы 

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар