Әсіресе соңғы жылдары әскердегі әлімжеттік қоғамдағы ең бір өзекті мәселеге айналды. Мәселен, 2022 жылы Павлодарда орын алған Бекжан Әлімовтің оқиғасы қоғамда қызу талқыланды. 16 жастағы Бекжан Әлімов 2020 жылдың қаңтарында Павлодардағы Химгородок ауданындағы теміржол көпірінен секіріп, өзіне қол салмақ болған. Себебі кадет мектебінде физикалық және психологиялық қысым көрсетіліп, салдарынан ауыр жағдайға душар болған Бекжан өз-өзіне қол жұмсауға тырысады. Бекжанның бастан кешкендері әскердегі зорлық-зомбылық мәселесіне қоғамның назарын аударды. Оқиғадан кейін Бекжанның отбасы заңды жолмен әділдік іздеп, құқық қорғау органдарына жүгінді.
«Ашығын айтқанда, әскердегі казармалар әлімжеттік жиі орын алатын жерге айналып кетті. Бұл назар аударатын мәселе. Ата-ана ұлын Отан қорғауға жібергенде бауыр еті баласының мәйітін құшақтап қаламын деп ойламайды. Тіпті мұндай ой миына кіріп те шықпайды. Өзім де ана ретінде әскери училищеде ұлымның суицидке дейін итермелейтін ауыр жағдайда жүргенін мүлде болжай алмағанмын. Неге? Себебі қалай болғанда да мұнда 18-ге толмаған жасөспірімдер оқып жатыр. Меніңше, училищенің басшылығы мұндай жағдайлардан хабардар болып отырған. Алайда жиі орын алатындықтан онша мән бермей, көз жұма қараған, – дейді Бекжанның анасы Әсия Алимова.
Өкінішке қарай, әскердегі әлімжеттік деректері өңірімізде де өршіп тұрғаны жасырын емес. 2022 жылдың тамызында «Шөлдала» шекара заставасында Отан алдындағы борышын өтеп жүрген қатардағы сарбаз Бекбол Мираштың қазасы қалың елдің қабырғасын қайыстырды. 2004 жылы дүниеге келген Бекболдың да әлімжеттіктің құрбаны болғаны анықталды.Сонымен қатар бүгінде мектептердегі әлімжеттік мәселесі де қоғамның үлкен алаңдаушылығын тудырып отыр. Жақында облысымызда орын алған оқиға осы сөзімізге айқын мысал бола алады. Мәдина Дүйсенбиева есімді келіншектің 15 жастағы ұлы мектепте әлімжеттікке ұшырап, салдарынан көптеген қиындыққа тап болыпты.Анасының айтуынша, ұлы мектептегі жоғары сынып оқушыларынан физикалық және психологиялық қысым көрген. Оқушы басқа мектепке ауысқаннан кейін де жағдай өзгермей, жаңа білім ордасында да ақша бопсалаудың құрбаны болған. Мәдина Дүйсенбиева тергеудің әділетсіз жүргізіліп жатқанына наразы. Сөзіне сүйенсек, құқық қорғау органдары мен білім беру мекемелері мәселені тиісті деңгейде қарастырмаған. Ал әлімжеттік жасаған оқушылар жазадан құтылып кеткен.
– Жоғары сынып оқушысының өзіне ешқандай шара қолданылмайтынын біліп тұрып өзге балаларға да жәбір көрсетуі әбден мүмкін екенін жоққа шығара алмаймыз. Оның тағы да күш қолданып, менің баламнан полицияға арызданғаны үшін кек алуы ықтимал. Мен сондықтан да бұл мәселеге қоғам белсенділерінің назарын аударғым келді. Осылай ғана қандай да бір әділеттілікке қол жеткіземін деп ойлаймын, – дейді Мәдина Дүйсембиева.
Әлімжеттік деректері жиілеген сайын ата-аналар балаларын мектепке немесе әскерге жіберуге қорқатын жағдайға жетті. Білім беру мекемелері мен әскери бөлімшелер балалар мен жастар үшін қауіпсіздік пен тәртіптің кепілі ретінде қарастырылуы тиіс еді. Алайда бүгінгі таңда бұл орындардың буллингтің ордасына айналуы ата-аналардың психологиялық тұрғыдан ауыр күйде болуына және олардың балаларын қорғау үшін алаңдауға себеп болып отыр.
А.Орынбасарқызы