ЖҮРЕКТЕ МӘҢГІ САҚТАЛАДЫ
Оқ-дәрілер қоймасында отпен арпалысып қаза тапқан өрт сөндіруші, Халық қаһарманы Мейіржан Аймановтың есімін барша Жамбыл жұрты ерекше тебіреніспен еске алады. Батыр 1976 жылдың 17 шілдесінде Тараз қаласында дүниеге келген. Азаматтық қорғау органдарында 1995-2021 жылдар аралығында қызмет атқарған азамат ҚР Қорғаныс министрлігі №28349 әскери бөлімінің аумағында оқ-дәрі қоймасынан шыққан өртті сөндіру барысында ерлікпен қаза тапты.Әскери бөлімде өрт оқиғасы туындағаны жөнінде хабарлама келіп түскен сәттен төтенше жағдай орнына күштер мен құралдарды тарту жоспарына сәйкес 114 адамнан құралған жеке құрам аттанған.
Гарнизон бойынша жоғары дәрежелі шақыру жарияланған.Сағат 19.15-те оқиға орнына жеткен алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері қойманың лапылдап жанып жатқанын байқаған.Бастапқы кезеңде от жауынгерлері нысанның қақпалары арқылы лафеттік оқпандармен су беру жұмыстарын жүргізеді. Алайда бұл өрт сөндіру тактикасы оң нәтиже бере қоймаған. Дегенмен өртсөндірушілер одан әрі өртті сөндіру жұмыстарымен жанұшыра айналыса берген. Тіпті бастарына төніп тұрған қауіпті ойлауға мұршалары болмаған.
Төтенше жағдай кезінде Мейіржан Айманов жігіттерді бір сәтке де жалғыз тастамай, бастан-аяқ бірге болып, өрт сөндіру және адамдарды қауіпсіз орынға көшіру жұмыстарымен айналысып жүрген сәтінде орны толмас қазаға ұшырады. Дегенмен Мейіржан Қақпасынұлының сауатты іс-әрекеті мен асқан қайсарлығының арқасында 3 елді мекеннің 710 тұрғыны қауіпсіз жерге эвакуацияланды.Әріптестері Мейіржан Айманов қызмет барысында өзін үнемі тек жақсы қырынан көрсетіп, басқаларға үлгі-өнеге бола білгенін айтады.Білікті маман өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарына белсенді қатысып қана қоймай, өрт сөндіру-құтқару спортын дамытуға да үлкен үлес қосыпты.Мейіржан Айманов оған дейін де талай мәрте күрделі өрттер мен төтенше жағдайлар орын алған аумақтарда жұмыс атқарып, қызметіне шын берілген білікті маман екенін дәлелдей білген.
2012 жылдың ақпан айында Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысы, Ордабасы ауданының елді мекендерін су басқанда облысымыздан жіберілген жинақтық жедел-құтқару тобына жетекшілік етіп, су тасқынының салдарын жою жұмыстарына атсалысады.Ал 2016 жылдың 3 сәуірінде облыстық төтенше жағдайлар департаментінен Солтүстік Қазақстан облысына авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін 30-дан аса адам аттанады. Жауынгерлік есепті төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру мекемесінің бөлім бастығы Мейіржан Айманов бастап шыққан болатын.
Облыстың құтқарушылары Петропавл қаласынан шалғай орналасқан елді мекендерде, яғни Аққайың, М.Жұмабаев, Степное ауылында, Тимирязевка аудандарында су тасқынының зардабын жою жұмыстарын атқарады. Облысымыздан аттанған құтқарушылар тобының күшімен 111 мың текше метрден аса су сорып шығарылады, Жағалауды бекіту үшін 800-ден астам қапқа құм толтырылып, ұзындығы 2 шақырымнан асатын арналар тазартылады. Сондай-ақ су басу аймағынан 18 адам құтқарылады.Ерлік істерімен артында өшпес із қалдырған Мейіржан Айманов 2021 жылдың 26 тамызында әскери бөлімдегі өрт оқиғасы кезінде ажал құшты. Артында асыл жары, 5 баласы қалды.Қазақстан Республикасына сіңірген еңбегі, қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ержүректігі мен жанқиярлығы үшін облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары Мейіржан Аймановқа Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы беріліп, отбасына «Алтын жұлдыз» бен «Отан» ордені тапсырылды.
АЛЕКСАНДРДЫҢ
АРМАНЫ АСҚАҚ ЕДІ
Қайғылы оқиға орнына алғашқы болып келгендердің қатарында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметінің кезекші өрт сөндіру қызметінің жедел кезекшісі, азаматтық қорғау подполковнигі Александр Микропуло да бар еді.Александр Николаевич азаматтық қорғау органдарындағы еңбек жолы 1995 жылдың мамырынан басталған. Табаны күректей 25 жыл ішінде бейбіт күннің батыры талай жанның өмірін ажалдан арашалай білді. Табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға үлес қосты. Мәселен 2017 жылдың 8 қыркүйегінде Тараз қаласы Абай көшесіндегі №133 үйдің №37 пәтерінде өрт оқиғасының орын алғандығы туралы хабарлама келіп түскен. Дабыл белгісі бойынша оқиға орнына азаматтық қорғау подполковнигі А.Микропулоның басқаруымен күштер мен құралдар бағытталды.
Шақыру орнына жете салысымен жағдайды анықтау кезінде бес қабатты үйдің үшінші қабатында орналасқан төрт бөлмелі пәтерде тұрмыстық заттар мен жиһаздардың лапылдаған өртке оранғаны, салдарынан заттардан улы иіс бөлініп, аталған подъезде тұратын тұрғындардың өміріне де айтарлықтай қауіп төніп тұрғаны белгілі болады.Қалыптасқан ахуалды жылдам әрі дұрыс бағамдап үлгерген А.Микропуло газ-түтіннен қорғау қызметі буынының жұмысын тез арада ұйымдастырып, оны өзі басқарып, өрт ошағына өрт сөндіргіш заттарды терезе және балкон ойықтарына қол сатыларды орнату арқылы беру жөнінде бұйрық берген. Көзге түртсе көргісіз қалың түтін тұмшалаған ортада газ-түтіннен қорғау қызметі буынының жұмысын сауатты басқарған ол төртінші және бесінші қабаттарда орналасқан пәтерлерге кіріп, үш жас баланы құтқарып, жеке құрамға үлгі болатындай ерлік танытқан. Сонымен қатар төрт тұрғынды қауіпсіз орынға көшірген. А.Микропулоның кәсіби дағды-машықтарының арқасында жедел жәрдем қызметкерлері келгенше құтқарылған балаларға дәрігерге дейінгі алғашқы жәрдем көрсетіліп, психологиялық тұрғыдан да көмек берілген.
Тағы бір айта кететін жайт, А.Микропулоның өртті сөндіруді сауатты ұйымдастырып, құралдарды дұрыс орналастыра білгенінің нәтижесінде өрт қысқа уақыт ішінде сөндіріліп, «тілсіз жау» көршілес пәтерлерге жайылмаған. Тұрғындар да құтқарылып, материалдық құнды заттар өрттен аман қалып, қауіпсіз орынға көшірілген. Өрттің осындай тиімді әдіспен сөндірілуіне басшылық еткен А.Микропулоның жоғары кәсіби біліктілігі және оған қосымша жасаған дербес ерлігі арқылы қол жеткен еді.2019 жылғы 27 ақпанда «Мыңбұлақ» ықшамауданында орналасқан көппәтерлі тұрғын үйде жарылыс орын алғандығы туралы хабарлама келіп түскен.Оқиға орнына дабыл белгісі бойынша Тараз қаласы гарнизонының шығу кестесіне сәйкес жоғары шақырту бойынша тиісті күштер мен құралдар жөнелтіледі. Сол күні кезекшілікте А.Микропуло да болады.
Ол жеке құраммен бірге оқиға орнына алғашқылардың бірі болып барады. Оқиға орнына келген бойда өрт сөндіру жетекшісімен №3 жоғары шақыру жарияланды. Күрделі жағдайды және тәуліктің қараңғы уақытын, сондай-ақ құрылыс нысанының беріктігін ескере отырып Александр Николаевич бірнеше бағыттар бойынша бар бөлімшелердің тактикалық мүмкіндіктерін сауатты пайдалана білді. Осылайша, білікті және дұрыс жүргізілген әрекеттердің нәтижесінде апат орын алған үйдің үш тұрғыны құтқарылып, медицина қызметінің қызметкерлеріне тапсырылды. Ал 135 адам қауіпсіз жерге көшірілді.Александр Николаевичті көбісі еркелетіп «Николаевич» деп атайтын. Николаевич үшін 2021 жылдың 26 тамыз күнгі кезекшілік соңғы кезекшілік болды. Александр Николаевичтің артында Саша атты ұлы қалды.
ТІРЛІГІ ТЫНДЫРЫМДЫ ТӘҢІРБЕРГЕН
2021 жылы 26 тамыздағы қайғылы оқиғаның салдарынан өрт сөндірушілер ұжымы тағы бір керемет жаннан айырылып қалды. Қызметтік борышын орындау кезінде облыстық №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өртсөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғау сержанты Тәңірберген Төребеков ерлікпен қаза тапты. Ол азаматтық қорғау қызметінде 2004 жылдан бастап қызмет атқарып келе жатқан болатын.Тәңірберген жас жігіттердің тәлімгері болып, кәсіби өртсөндірушілердің үлкен бір буынын тәрбиелеуге айтарлықтай үлес қосты. Ел үшін жанын қиған батырды әріптестері еркелетіп «Толик аға» деп атайтын. Тәңірберген әрқашан қиын кезеңдердің барлығында алдыңғы қатардан табылатын. Батырға тән аңғалдығы өзіне жарасып-ақ тұратын. Ешкімнің көңілін қалдырмай, барлығына бірдей көмегін тигізуге асығатын адал жан еді.
Ол бұған дейін өзінің ерлігі мен батырлығын бірнеше рет көрсетіп те үлгерген болатын. Мысалы, 2018 жылдың 11 мамырында сағат 07.29-да «101» телефонына Тараз қаласы, Төле би көшесіндегі 9 қабатты үйден өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің 2 бөлімшесі және бір АЛ-32 автосатысы жөнелтілген. Сол күні Тәңірберген Төребеков те кезекшілікте болатын. Діттеген жерге келіп жеткен от жауынгерлері шұғыл жүргізілген барлау жұмыстарының нәтижесінде 4-қабаттағы қоймада өрт орын алғанын анықтайды.Өртсөндіруші-құтқарушылардың бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара отырып атқарған үйлесімді іс-әрекеттерінің арқасында автосаты көмегімен жоғарғы қабаттардан 3 адам, оның ішінде 2 бала құтқарылады. Сондай-ақ өртсөндірушілер 38 адамды қауіпсіз жерге көшірген. Олардың 12-сі балалар болатын. Жалпы, өртті сөндіруге жеке құрамнан 11 адам және 4 бірлік техника жұмылдырылды. Сонымен қатар «1 Б» оқпаны қолданылды және газ-түтіннен қорғау қызметінің 1 буыны ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, бұл уақытта оқиға орнына өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету қызметі мен жедел жәрдем көлігі де келіп жеткен еді. Жедел жәрдем мамандары 4 азаматқа алғашқы медициналық көмек көрсетіп, олардың жағдайын медицина қызметкерлері қанағаттанарлық деп бағалап, зардап шеккендерді үйлеріне жібереді. Өрт аумағы 5 шаршы метрді құраған. Нәтижесінде өрт 07.42-де ауыздықталып, 07.45-те толық жойылады. Міне, осы өрт оқиғасының бел ортасында жүрген Тәңірберген өзін дәл осы жолы да жоғары дәрежедегі маман ретінде таныта білді.Тәңірберген Төребеков артында қалған 3 ұлы мен әріптестері үшін ғана емес, елі үшін ең басты қаһарман болып қала бермек.
ҚАЙСАРЛЫҒЫМЕН ЕСТЕ ҚАЛҒАН ӘДІЛЕТ
Өртсөндірушілердің жұмысы – өзге жандарды құтқару барысында өз өмірі мен денсаулығына кез келген уақытта қауіп төнуі ықтимал аса бір күрделі мамандық. Аталған мамандықта қызмет атқаратын жігіттер өзгелерден батылдық, ержүректілік және жауапкершілікті толық сезіне білу секілді қасиеттерімен ерекшеленеді. Олар әрдайым өз бойына қайсар мінез қалыптастырып, физикалық тұрғыдан өздерін үнемі дамытып отыратыны айтпаса да белгілі.Себебі олар кез келген сын сағатта өзгеге көмек қолын созуға дайын болуы қажет.Байзақ ауданындағы әскери бөлімде орын алған апатта ерлікпен қаза тапқан тағы бір оғланымыз – Тараз қалалық №4 өрт сөндіру бөлімінің өртсөндірушісі, азаматтық қорғау кіші сержанты Әділет Әділбек.Ол 2015 жылдың тамыз айынан бастап азаматтық қорғау органдарында жұмыс атқарған.
Әділет Қанатбекұлының батылдығын айғақтай түсетін оқиғалардың бірі Тараз қаласындағы резеңке дөңгелектер жинайтын қоймадағы өрт оқиғасы болатын. «101» телефонына Мәмбет батыр көшесінде өрт оқиғасы орын алғандығы туралы хабарлама келіп түседі.Оқиға орнына қалалық өрт сөндіру бөлімдерінің күштері мен құралдары шұғыл жөнелтілген. Бөлімшелер шақырту орнына келгеннен кейін жалпы ауданы 250 шаршы метр болатын қойма қызыл жалынға оранғаны анықталған. Сондай-ақ өрттің көршілес орналасқан өзге нысандарға жайылу қаупі туындаған.
Ал бұл оқиға өз кезегінде адам өміріне қауіп төндіруі немесе жарақаттануына әкеп соғуы мүмкін еді. Газ-түтіннен қорғау қызметі буынының қатарында болған Әділет Әділбек бет қаритын қызыл жалын мен көзді ашытып, қолқаны жабатын қою қара түтінге қарамастан су оқпандарын қолданып, өрттің дер кезінде сөндірілуіне үлес қосады. Осы өртті жою барысында өртсөндірушілердің батыл және жедел әрекеттерінің арқасында өртке жақын маңдағы қойма бөлмелері мен өндірістік аймақтың шаруашылық объектілеріне тілсіз жаудың таралуының алдын алып, сонымен бірге өртті жоюға, осылайша залалды азайтуға мүмкіндік туады.Сондай-ақ 2020 жылдың 25 шілдесінде сағат 21.24 шамасында Тараз қаласы, Әбдібаев көшесіндегі екі қабатты тұрғын үйдің екінші қабатындағы пәтердің өртенгені туралы хабарлама келіп түседі. Сол күні кезекшілікке түскен Әділет те жеке құраммен бірге оқиға орнына келіп жеткен. Шақыру орнына келген соң, өрттің бүкіл пәтер ішіне жайылғаны анықталады. Осыған қарамастан, Ә.Әділбек әріптестерімен бірге жанып жатқан пәтерге батылдықпен кіріп, адамдарды іздеу жұмыстарына кіріскен.
Бақыттарына орай, пәтерде адам болмаған. Дегенмен құрамында Әділет секілді қайратты әрі епті, бойында жастық күші тасыған өртсөндірушілердің сауатты және жедел іс-әрекеттерінің арқасында жақын орналасқан пәтерлерге өрттің жайылу қаупі сейілген.2021 жылдың 26 тамызы Әділеттің өміріндегі соңғы өрт оқиғасы болатынын өзі де, өзгелер де білмеді. Әділет өзінің мамандығына, Отан алдындағы антына адал болды. Ол әрдайым өз мамандығын сүйетін қайсар жан ретінде жүректе сақталары сөзсіз.
ЕЛІ ҮШІН ЖАНЫН
ҚИҒАН
Әскери қоймада болған алапат жарылыста мерт болған қаһарман ұлдың бірі – облыстық төтенше жағдайлар департаменті №3 өрт сөндіру бөлімінің аға өртсөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғау сержанты Елдос Сандыбаев. Дәл осы орны толмас қайғы болатын күні ол әріптестерімен бірге оқиға орнына алғашқылардың бірі болып жеткен. Бірақ, өкінішке қарай ол осы шақыртудан арамызға қайта оралмады.Батыр туралы әріптесі Медет Тәукебаев:
– Елдос өте сабырлы, ақкөңіл және тапсырылған істі мұқият орындап, қызметіне жауапкершілікпен қарайтын жан еді. Ал қызмет еткен жылдары әртүрлі сипаттағы өрттер мен төтенше жағдайларды жою барысында өзін нағыз кәсіпқой маман ретінде көрсете білді, – деп еске алады.2019 жылдың 9 наурызында 01.17 шамасында күштер мен құралдарды жедел басқару орталығының телефон нөміріне Тараз қаласы, Тындыбеков көшесі №29 үйде өрт оқиғасы орын алғандығы жөнінде хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына Тараз қалалық №3 өрт сөндіру бөлімінің күштері мен құралдары шұғыл жөнелтілді. Олар оқиға орнына жақындаған сәттен бастап барлау жүргізіп, жеткен соң жалындаған өртке оранған үй ішінде 5 адамның қалып қойғандығын анықтайды.
Елдос Сандыбаев өзге әріптестерімен бірге адамдарды құтқару үшін газ-түтіннен қорғау қызметі буынының құрамында өртке оранған үй ішіне кіреді. Көмейді бітеп, тынысты тарылтатын, әрі ыстығы бет қаритын жалынның ішіне қойып кеткен жігіттер есікті бұзып, 3 жасөспірім бала мен 2 әйелді сыртқа алып шығады.Өз кезегінде оларға тиісінше дәрігерге дейінгі көмек көрсетіліп, нәтижесінде әлгі адамдар дін аман қалады. Міне, осындай от жауынгерлерінің кәсіби біліктіліктерін қолдана отырып, өздерінің функционалдық міндеттерін сауатты атқару барысында үй тұрғындары құтқарылып, өрт дер кезінде жойылды.Елдос болашағынан үлкен үміт күттіретін, қызметіне адал жандардың бірі еді. Амал нешік. Жарылыста жан тапсырған құтқарушылар әрдайым ел есінде.
Эльмира Байназарова