Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Адал еңбек алға жетелейді

Адал еңбек алға жетелейді
Ашық дереккөз
Еңбек – адам баласына қажетті басты факторлардың бірі. Ол арқылы кез келген адам өз қажеттіліктерін қамтамасыз ете алады. Тек жалқаулыққа ерік беріп, немқұрайдылық танытпасаңыз болғаны. Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлы да еңбекке қатысты көптеген тұшымды ойларын жеткізген. Ұлы ойшыл бірқатар шығармаларында жалқаулық пен еріншектік сол кезеңдегі қаймана қазақты жұтатып, еңбекке немқұрайды қараудың нәтижесінде әлеуметтік жүдеуліктің орын алып отырғанын өлеңдерінде, қара сөздерінде ашық айтады.

«Еңбек жоқ, қаракет жоқ, қазақ кедей, Тамақ аңдып қайтеді тентіремей…» деп қаракетсіздікті ашына сынайды. Абайдың заманында да «жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» жүруді құп көретін арам пиғылды азаматтар да болған секілді. Оны Абай Құнанбайұлының мына бір өлең жолдарынан анық аңғаруға болады.«Қулық, сұмдық, ұрлықпен мал жиылмас,Сұм нәпсің үйір болса тез тыйылмас…Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас,Қардың суы сықылды тез суалар…» деп адал жолмен табылмаған олжа жақсылық әкелмейтінін ескертеді.Керісінше, ерінбей еңбек етіп, қулықтан, сұмдықтан һәм ұрлық жасаудан аулақ болуға шақырады.Қазақты еңбекке шақырған жалғыз ақын Абай емес.Ел болашағын ойлаған ұлт зиялылары өте көп. Мәселен, Ахмет Байтұрсынұлы «Қырық мысалында» біріге еңбек етуге шақырады. Ынтымақтастықпен, бірлікпен жүзеге асқан тірлікте береке барын айтады.Оны ұғыну үшін Ахаңның шығармаларын түгелдей шолып шығудың қажеті жоқ. Тек «Аққу, шортан һәм шаянның» басынан өткерген оқиғасын ой елегінен өткізсеңіз жеткілікті.Қалай десек те, адал еңбек – береке бастауы болмақ. Өз мамандығын сүйіп, сүйікті ісімен айналысқан адам ғана өмірден бақыт табары хақ. Меніңше, педагог мамандығын таңдаған адам да өз ісіне берілген жан болуы керек.

Алдындағы оқушысының жан дүниесін бір қарағаннан-ақ түсіне алатын адам – нағыз ұстаз. Жоғарыда еңбек деген ұғымға сипаттама бердік қой.Енді педагог деген мамандықтың түбіне терең бойлап көрелік.Педагог – мәдениеті жоғары, өз пәнін терең ұғынып, мықтап білетін, заман ағымына сай өзін жан-жақты жетілдірген тұлға. Әсіресе, балалар психологиясының мәселелеріне қанық, оқыту мен тәрбиенің әдістемесін жетік игерген маман. Заман ағысына сай біліммен қаруланған ой-өрісі жоғары, зерделі, жан-жақты дамыған жанды ұстаз деп атауға болады. Неге? Себебі, ол – өскелең ұрпаққа айтары бар, бала үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтын мамандық иесі.Менің ұғымымда, педагог – нағыз еңбек адамы. Істеген ісі адал, баянды бастамасы берекеге толы.Меніңше, ұзақ жылдар бойы білім саласында қызмет еткен кез келген сала ардагерлерінің өмір жолын кейінгі ұрпаққа үлгі етіп көрсетуге болады.Көпке еңбегімен үлгі болатын жандар білім саласында да жетерлік. Меніңше, білім үздіктерін, еңселі еңбегімен еленген адал жандарды өскелең ұрпаққа кеңінен дәріптеу – аса маңызды іс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та кейінгі кездері еңбек адамына дәріптеуге ерекше мән беріп келеді.

Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Президентіміз: «Біз, аға буын өкілдері, еңбекқорлық, іскерлік сияқты құндылықтарды өзіміз үлгі көрсету арқылы дәріптеуіміз керек. Жастарымыз көп сөзге құмар, жағымпаз, жалқау, енжар, масыл болмауға тиіс. Оларды осындай теріс әдеттерден қашық болуға үйретуіміз керек. Біздің қоғам өзгерісті біреуден мадақ есту үшін емес, ең алдымен, өзі үшін жасауға тиіс. Мұны елдің ертеңі, ұрпақтың болашағы жарқын болуы үшін қолға алуымыз керек» деген болатын.Түптеп келгенде, бұл пікірлердің барлығы етене еңбек етуге, сол арқылы көздеген мақсат-міндетіне жетуге үгіттейді.Идеологиялық тұрғыда бұл дұрыс қадам. Біз Абай айтқандай өсек, өтірік, мақтангершілікті жаны сүйетін, еріншектікті серік еткен, құр бекер мал шашуға әуес, бес дұшпанын білмейтін ұрпақ тәрбиелемеуіміз керек.    Керісінше, талапты да табанды, еңбексүйгіш, терең ойлы, қанағат қарын тойдыратынын білетін, бойында бес асыл мінез қалыптасқан, адами капиталы дамыған ұрпақты қалыптастыруымыз қажет. Бұл – қоғам болып атсалысатын ортақ міндет.

Гаухар Ноғайбаева,
Т.Рысқұлов ауданы 
әкімдігі білім бөлімінің әдіскері

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар