Ұлттық қорғаныс университетінде білім алған сарбаздарды «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Қуанышбек Үштаев арнайы күтіп алды. Қолбасшы офицерлерді қуанышты сәтімен құттықтай отырып алда қиын, бірақ өте қызықты әрі қызу жұмыс күтіп тұрғанын атап өтті.
– Территориясы төрт облысты құрайтын «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында қызмет ету әсте оңай емес. Бірақ осында тер төге отырып үлкен тәжірибе жинақтап, маман ретінде ысылып шығасыздар. Біздің сарбаздар, яғни оңтүстік өңірдің жауынгерлері барлық жерде сұранысқа ие, – деді генерал-майор Қ.Үштаев.
Офицерлердің кейбірі бұрын оңтүстік өңірде қызмет атқарса, енді бірі аймаққа жаңадан келген. Сондықтан оларға жаңа қызмет орнына бейімделуге біршама уақыт керек. Дегенмен, тұтастай алғанда ҚР Қарулы Күштеріндегі әскери басшылықтың ұстанымдары, әдістері мен тәсілдері бір болғандықтан, офицерлердің жаңа жағдайларға үйренісуі қиынға соқпайды.Қызмет ете жүріп білім алған әскери қызметкерлерді оқыту бағдарламасы бірнеше кезеңнен тұрады. Негізгі әскери білім алғаннан кейін жедел-тактикалық деңгейдегі жоғары оқу орындарының түлектеріне лейтенант шені беріледі.
Бұл – офицерлік мансаптың бастамасы.Мұнан соң лауазымын жоғарылатуды көздеген офицерлер әскери университетке немесе академияға түсіп, оқудан кейін жедел-стратегиялық деңгейде басшылық қызметтерді атқара алады.«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары, әскерлер штабының бастығы, полковник Нұрлан Кәрібаевтың айтуынша, Қарулы Күштер сапында әскери мансабын жоғарылатуға ниет танытатын офицерлер аз емес.
– Білімін тереңдетуді мақсат тұтқан офицерлер әскери университетте екі жыл оқудан кейін стратегиялық деңгейдегі басқару біліктілігін алады. Бұл офицерлердің болашақта генерал болуға мүмкіндігі мол, – дейді Н.Кәрібаев.
Офицерлер мен келісімшарт бойынша сарбаздар жаңа офицерлерді жылы қарсы алып қана қоймай, оңтүстіктегі қызмет олардың әскери мансабының одан әрі өсуіне жақсы негіз болатынына сенім білдірді.
Ақтоты Жаңабай