Бірде қала орталығында орналасқан кофеханалардың біріне кофе ішуге кірдік. Баристаның сыртқа шығып кеткенін байқап, бос тұрған орынға жайғастық. Сол сәтте нысанның ішінде еден жуып жүрген егде жастағы орыс ұлтының өкілі баристаның көрші сауда үйіндегі дәретханаға шығып кеткенін айтып, бізді әңгімеге тартты. Айтуынша Мәскеуден қоныс аударған екен.
– Тараздың табиғаты, қонақжайлылығы ерекше екен. Мәскеуден келгенімізге бірнеше жылдың жүзі болды. Елге де, жерге де үйрендік. Жұмыс істеп, нәпақамызды тауып та жатырмыз. Бір байқағаным жергілікті жұртшылық өте момын әрі көнбіс екен. Мәселен, бұрын Мәскеуде дәл Тараз қаласы секілді қоғамдық дәретханалар жоқ болатын. Болса да көп емес еді. Халық қажетін өтеу үшін бұрыш-бұрышты жағалап, тал-дарақты аралап кететін. Бірақ жергілікті халық билікке наразылық білдіріп, Мәскеу қаласының орталығы мен өзге де көшелеріне қоғамдық дәретханаларды көптеп орнатқызды. Нәтижесінде Мәскеу қаласы ең таза әрі мәдениетті қалаға айналды. Тараздықтарға да сондай мінез жетіспейтін секілді. Мәселен, қаладағы сауда орындарын аралап жүріп дәретханаға кіруді өтінсеңіз «Ол тек өз жұмысшыларымызға арналған» деген жауап аласыз. Мемлекеттік мекемелер де әжетханаларына жолатпайды. Сонда қарапайым халық қайда барып түзге отырады? – дейді өзінің атын атамауды өтінген қала тұрғыны.
Рас, әжетхана мәселесі бір қарағанға мән беруге тұрмайтындай көрінгенімен, қала өміріндегі басты қажеттіліктердің бірі. Шынын айту керек, бүгінгі күні қалада кетіп бара жатып дәрет сындырып тұрған балалар мен ересек адамдарға көзіміз үйреніп кеткендей. Оларда да кінә жоқ, себебі базарларда, саябақтарда ақылы дәретхана болғанымен, көше бойларында ондай орындар атымен жоқ. Осы орайда атап өтер жайт, қоғамдық орында дәрет сындырған кез келген азаматқа әкімшілік жаза қарастырылған. Бірақ әлі күнге қаланың орталықтарында қоғамдық әжетхананы қолжетімді етуге шамамыз жетпей отырғандықтан жергілікті тұрғындар да бір-біріне кешіріммен қарайтын секілді.Тараз қаласының кез келген тұрғынын тоқтатып алып, әжетхана мәселесі жайлы сұрай қалсаңыз, бірауыздан оның жетіспейтінін айта кетеді.
– Мен дәл қазір Ы.Сүлейменов көшесінің бойындағы №42-үйдің маңынан түсіп қалып, орталыққа дейін жаяу келдім. Жол бойында бірде-бір дәретхана жоқ. Негізінен әлгі жерден орталық алаңға дейін бір емес, кемінде екі әжетхана қойылса, қаланың сәнін бұзады ма? Қазіргі шенеуніктердің көбі жаяу жүрмейді. Жаяу жүрсе түсінер еді. Қажеттілігін байқап, соғып берер еді,-дейді Азиза Есенбек есімді қала тұрғыны. Осындай ойды Тараздың тағы бір тұрғыны Мөлдір Әбілқасымова да қосты.
– Төрт балам бар. Орталықта тұрғандықтан ары-бері жаяу қатынаймыз. Балалар болған соң тәтті сусындар ішеді. Су деген балаларды жүгіртеді. Әжетхана болмаған соң амал жоқ, балалар әр талдың тасасына отыра салады, – дейді ол.
Міне, қалалықтардың пікірі бір жерден шығып, бәрі де қоғамдық дәретхана қажет екендігін айтуда. Тұрғындардың талап-тілегі бойынша Тараз қаласының әкімдігіне хабарласқан едік.
– Қала бойынша қоғам қажеттілігіне жарап тұрған әжетханалар саны үшеу. Күні кеше Абай-Қазыбек би көшелерінің қиылысындағы халыққа қажетті орында әжетханалар орнатылды. «Көне Тараз» кешенінде орналасқан әжетханалардан бөлек, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дәретханалар да бар. Жарық орнатылып, қажетінше жағдай жасалынған. Және тазалығы «Жасыл Ел-Тараз» мекемесіне жүктелген. Бюджет қаражатының мүмкіндіктеріне байланысты әжетханалардың санын арттыру жоспарда бар,-дейді Тараз қаласы әкімдігінің медиа орталығы.
400 мыңнан аса тұрғыны бар Тараз қаласы үшін небәрі қоғамдық 3 әжетхананың ғана болуы аздық ететіні анық. Алайда «Жасыл Ел-Тараз» мекемесінің басшысы Азамат Әбішев биылғы жылдың соңында немесе келер жылдың басында тағы бірнеше қоғамдық дәретхана соғылып, іске қосылатынын айтты.
– Әжетхана мәселесін қала әкімі біледі. Жуырда қаражат бөлініп, қала бойынша тағы 5 дәретхананы пайдалануға беретін боламыз. Олар «Арбат 1» аумағында және «Жастар» аллеясында орналасады. Президент саябағында ескі әжетхана бар. Бірақ оның кәріз жүйесі істен шығуына байланысты қазір жұмыс істемейді. Сол әжетхана жаңартылатын болады. Жалпы қала орталығында жуырда ғана модульді (жылжымалы) әжетхана пайдалануға берілді,-дейді Азамат Тұрсыналыұлы.
Бүгінде қаланың коммуналдық меншігінде 10 биодәретхана бар. Оларды көктемгі-күзгі маусымда, сондай-ақ, қала тұрғындары жаппай серуендейтін қоғамдық шаралар кезінде орнатады. Жауапты басшылар қалған уақытта қажеттілігі жоқ деп тапқан сыңайлы.Заманауи әжетханалар біздің елде Президенттің 5-6 жыл бұрын айтқан сынынан кейін орнатыла бастады. Бірақ республикалық маңызы бар жолдарға ғана. Мүмкін бұл жұмысты үлкен жолдардан емес, қалалардан бастау керек пе еді дейсің кейде...
Белгілі журналист, сазгер Бекжігіт Сердәлі: «Еуропада қалааралық автобустың өзінде артқы жағында әжетхана бар. Біздегідей, «бір қалыңдау бұтаның маңына тоқтайсыз ба?» – деп шопырды мазаламайды. Ал Токио көшелерінде әр 300 метр сайын тап-тұйнақтай болып тұрған эко-әжетханаларға кезігесің. Жапония тазалыққа құмар ел ғой, тіпті, шалғай мекендерге дейін сырттан ішкі жағы көрінбейтін, іштен сыртқы табиғатты тамашалап отыра беруге болатын әжетханаларды орнатып тастаған.
Осы идеяның авторы жапон сәулетшісі Сигэру Банудан мұның мәнісін сұрағанда: «Әжетхана ең бір лас мекен» деген стеоротипті жою үшін жасай салған жобам еді», деп жауап берген. Чехияда да «адам аяғы баспаған» жердің өзінде қарауылдай қалқайып дәретханалар тұрады. Бір қызығы, барлығы тегін. Ал бізде екі унитаз, бір қолжуғышын орнатып алып, 50 теңгеден «навар» жинап отырғандар тым болмаса, әжетхана тазалығын ойластыруды да білмейді. Қол жуатын суы мұздай, қағазы сатулы, сүлгісі кір-қожалақ», – дейді.
«Театр – киімілгіштен басталады» дегендей, қалалық мәдениетті қалыптастыруда қоғамдық әжетханалар қолжетімді болуы маңызды. Бұл тұрғыда жыл өткен сайын сәні мен сәулеті артып келе жатқан Тараз қаласында да осы мәселе назардан тыс қалмайды деп сенеміз.
Айжан Өзбекова