Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Соқыр сенім сан соқтырады

Соқыр сенім сан соқтырады
Ашық дереккөз
Тәуелсіз мемлекет болғанымызға отыз үш жыл болды. Осы уақыт аралығында халқымыз қиындықты да, жақсылықты да көріп келеді. Азаттық алған алғашқы кезеңде азаматтарымыз діни, тарихи құндылықтарын ұмытқан сәби секілді еді. Өйткені орыс патшалығы мен жетпіс жылдан аса атеистік жүйедегі мемлекеттің отарында болған қазақ елі сан ғасырдан бері қалыптасқан мұсылмандық дүниетанымынан айырылып қала жаздаған болатын.

Шын мәнінде қазақи мұсылмандық дүниеатаным зайырлылыққа, толеранттылыққа, гуманизмге негізделген еді. Дегенмен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында діни ұстанымы қалыптаспаған көптеген орта буын өкілдері мен жас толқын  ата дініміз исламды үйренеміз деп шетел асып оқуға кетті. Бес-он жыл шетелдегі күмәнді діни оқу орындарынан оқып келген азаматтар дінді енді үйреніп жүрген жандарға деструктивті діни ағымның уағыздарын айтып,  саналарын улады. Деструктивті бүлдіргіш діннің уағызымен уланған адамдар ең бірінші қазақтың өткен тарихын, діни тәжірибесін, болмысын, жалпы ұлттық құндылығын жоққа шығарды.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Конституциясының 1-бабы 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары», – делінген бапқа қарсы діни насихаттар айту арқылы діни мемлекетті орнатуды көздеді.
Осындай соқыр сенімдегі адамдар Тараз, Ақтөбе, Алматы, Ақтау қалаларында лаңкестік әрекетке барып,  қаншама жазықсыз жандардың өмірін қиды. Мұндай лаңкестердің зұлымдығы асыл дініміз  исламға тиіп, діннен шошитын елдің саны көбейді.

Бұл қазіргі қоғамның қауіпті дертінің бірі. Оның алдын алу жолы Ата заңымызда жазылғандай, демократиялы, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекетіміздің орнығуын ел-жұрт болып қолдау және дәстүрлі дінімізді түсіндіру қажет.Тариха көз жүгіртетін болсақ,  түркі  дүниетанымы  ислам дінімен ұштасқан мифология, аңыз-әңгімелер желісі, жыр-дастандар, қандық-туыстық шежірелер, жалпы мәдени құндылықтар жаңа рухани түске  еніп таралды. Соның нәтижесінде  түркі халықтарында жаңа рух, жаңа сана қалыптасты. Түркілік кеңістіктің тіршілік қағидалары жаңа еңбектер, рисалалар, шежірелер, насабнамалар да жазылды.

Сондай түркі дәуірінен бүгінгі күнге дейін ислам дінімен ұштасқан құнды еңбектің бірі- Рағбузидің «Қисса сүл-әнбия»  кітабы. Құрандағы пайғамбарлар  мен әулие-әнбиелер жайлы ғибратты оқиғалар жинағы өскелең ұрпақтың бойында имандылық, адамгершілік, үлкенге құрмет, ата-бабалар жолына ізеттілікпен шақыруға септігін тигізетін дүние болып табылады. Қазірі уақытта  дін көп болған соң, діни басшылардың да саны артуда және бір діннің ішінде де көптеген ағымдар мен топтар барын естен шығармаған жөн. Біз елмізде діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу үшін жоғарыда айтып өткендей аңыз-әңгімелер, қисса-дастандар арқылы халыққа дәстүрлі ислам дінімізді дәріптеуіміз керек.


 Ерзат Жақыпов, 
облыс әкімдігінің дін проблемаларын

зерттеу орталығының дінтанушысы, магистр

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар