Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Цифрлық теңге 2025 жылы айналымға енгізіледі

Цифрлық теңге 2025 жылы айналымға енгізіледі
Ашық дереккөз
2021 жылы Ұлттық банктің бастамасымен «Цифрлық теңге» пилоттық жобасы іске асырылғаны белгілі. Сол уақыттан бері цифрлық теңгені айналымға енгізу мәселесі пысықталып келеді. Дегенмен де қоғам цифрлық теңгенің не екенін және жаңа төлем құралының қандай болатынын әлі күнге дейін түсінбей келеді. Цифрлық теңге қашан қолданысқа енеді?

ҰЛТТЫҚ ТӨЛЕМ ЖҮЙЕСІ ЖАҢАРАДЫ

Цифрлық теңге – цифрлық эволюцияның жаңа қадамы. Заман дамыған сайын төлем құралы да және оның формасы да өзгереді. Тарихқа көз жүгіртсек, ерте заманда ақшаның орнына мыс, қола және алтын қолданылған. Ал бертін келе қағаз ақша пайда болды. Цифрлық теңге де – жаңа төлем құралы.Мамандардың айтуынша, цифрлық теңгенің қолданысқа енуі ұлттық төлем жүйесін жақсартып, ақшамыздың құнсыздануын тоқтатады. Айта кететін жайт, цифрлық теңге – криптовалюта емес. Оның қағаз ақшаға айырбастаудағы бағамы бірдей болмақ. Мамандардың сөзіне сүйенсек, цифрлық теңге блокчейнге енгізіліп, ақша қатаң бақылауға алынады. Бұл «көлеңкелі» экономиканың жолын кесуге көмектеседі.Дүниежүзілік банктің мәліметінше, қазір әлемнің бірнеше елінің орталық банктері цифрлық ақшаны тәжірибе жүзінде сынап көруде. Статистикаға мән берсек, қазір 10 мемлекет цифрлық валютаны айналымға енгізген. Тағы 15 ел цифрлық валютаны іске қосу кезеңінде, оның ішінде Қазақстан да бар. Цифрлық валюта мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін шұғыл төлеуге немесе әлеуметтік төлем аясында шығындарға бақылау жасауға мүмкіндік береді. Нақтырақ айтқанда, бюджет қаржысының ашықтығын, оның мақсатты жұмсалуын қадағалайды.

ҚАЛАЙ ЖҰМЫС
 ІСТЕЙДІ?

Цифрлық теңгені енгізуге Ұлттық банк жауапты. Бұған дейін арнайы жол картасы да әзірленген еді. Қолданыстағы қолма-қол ақшамен де, қолма-қол ақшасыз да қосымша ретінде жүретін отандық ұлттық валютаның үшінші түрі. Оны Ұлттық банк цифрлық түрде айналымға шығарады. Соның аясында технологиялық платформа жасалды.Аталған жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Мәселен, биыл платформа банктердің қатысуымен пилоттық жоба ретінде іске қосылуы мүмкін. 2024 жылы Ұлттық банк жұмысын жақсартып, қатысушылар санын арттыруды көздеп отыр.«Цифрлық теңге» жобасы аясында зерттеу жүргізіп келген Ұлттық банк өкілдері биыл пилоттық жобаның алғашқы кезеңін сынақтан өткізгелі отырғанын мәлімдеді. Жобаны іске асыратын жол картасы 2025 жылдың соңына дейін есептелген.Цифрлық теңге заңды төлем құралы ретінде қабылданады және ақша қаражатының барлық қызмет түрін атқаратын болады. «Цифрлық теңге» жобасының жетекшісі Айнұр Кенжаева күнделікті қолданатын банк қосымшасындағы ақшалар мен «Цифрлық теңге» әмиянындағы ақшалар бір-бірімен өзара конвертация жасала беретінін айтты. Ол үшін ешқандай пайыз ұсталмайды.

АРНАЙЫ ВАЛЮТА ӘЗІРЛЕНЕДІ

Қазақстан мен Қытайдың Ұлттық банктері цифрлық валюталарды дамыту бойынша бірлескен іс-қимылдардың басталғанын ресми түрде жариялады.Қос мемлекеттің қаржы институттары орталық банктердің цифрлық валюталары (Central Bank Digital Currency/CBDC) саласындағы зерттеулерге бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында қабылданды. Меморандум аясында банктер CBDC саласында тәжірибе мен сараптама алмасу, сондай-ақ осы салада бірлескен зерттеулер жүргізу туралы келіскен.Бұдан басқа, тараптар бірлескен оқыту бағдарламалары арқылы қызметкерлердің құзыреттілігін дамытуды жоспарлап отыр. Меморандумның мақсаттарын іске асыруға сондай-ақ Қазақстан Ұлттық банкінің ұлттық төлем корпорациясы мен Қытай Халық банкінің цифрлық валюта институты қатысады.«Қол қойылған құжат қаржы саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың және екі елдің инновацияларға, цифрлық технологияларды дамытуға ұмтылысының маңыздылығын атап көрсетеді. Орталық банктің цифрлық валютасы (Central Bank Digital Currency/CBDC) – Орталық банк бақылайтын және шығаратын ұлттық валютаның электронды баламасы. Cryptocurrency саласындағы көптеген сарапшы CBDC қаржы жүйесін ауыстыруға қабілетті негізгі үрдіске айналады деп болжайды», делінген Ұлттық банктің хабарламасында.

ЖОБА ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Ұлттық банк Ұлттық қордың қаражатынан цифрлық теңге платформасын пайдалану бойынша пилоттық жобаның сәтті іске қосылғаны туралы мәлімдеді. Ұлттық цифрлық валютаны енгізудің екінші кезеңі аясында цифрлық теңге «Достық-Мойынты» теміржол учаскесін салуға жұмсалады.Айта кетерлігі, цифрлық теңгені бағдарламалау технологиясы Ұлттық қор қаржыландыратын жоба аясында тестілеуден өтіп жатыр.Жоба авторларының айтуынша, цифрлық теңгені бағдарламалау технологиясы қаржы иесіне оны өз бетінше бақылауға және тиімді жұмсауға мүмкіндік береді. Мұндай жүйе таңбалау технологиясы бөлінген қаражаттың нысаналы жұмсалмау тәуекелдерін азайтады. Сондай-ақ мемлекеттік қаржы жұмсаудың айқын және тиімді болуын қамтамасыз етуге ықпалын тигізеді.«Пилоттық жобаны іске қосу барысында цифрлық теңге платформасында жобаны қаржыландыруға бөлінген ақшаға таңба қойылды. Таңбаланған цифрлық теңге қажетті міндеттемелерді толық көлемде орындаған ұйымдардың атына ғана төленеді. Таңбаланған цифрлық теңгемен есеп айырысу түпкілікті өнім берушілер мен мердігерлерге дейін бүкіл тауар жеткізу тізбегі бойынша жүргізіледі. Барлық тұтынушының цифрлық теңгедегі шоттарға қол жеткізуі нарыққа қатысушылардың қолданыстағы интерфейстері арқылы әдеттегі форматта ұйымдастырылған», – дейді Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

Пилоттық жоба «Самұрық-Қазына» , «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы», «Қазпошта» және «Қазақстан Халық Банкі» акционерлік қоғамдармен бірлесіп іске қосылған.
«Бұл пилоттық жобаны дамыту аясында цифрлық теңгені таңбалау үшін эталондық дереккөздерді (ақпараттық жүйелерді) кеңейту, нарыққа қатысушылардың (екінші деңгейлі банктердің) санын кеңейту және Ұлттық қордың бюджетінен қаржыландырылатын өзге де жобаларға арналған платформаны пайдалану жоспарланған.Сонымен қатар ҚР Үкіметі мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірлесіп, ауылшаруашылығы, құрылыс салаларында бюджет қаражатын нысаналы мемлекеттік жұмсау, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларын цифрландыру бойынша бірнеше пилоттық жобаны іске асырып жатыр. Салықтық әкімшілендіруді цифрландыру, ұлттық цифрлық валюталардағы трансшекаралық есеп айырысу және цифрлық активтер саласындағы есеп айырысу бойынша пилоттық жобалар да жоспарланған» деп мәлімдеді Ұлттық банк.

Аяулым Жаманқара 
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар