– Назима Дәрменқызы, өзіңізді бұрын телеарна тілшісі ретінде жақсы танитынбыз. Онда көбіне қоғамда орын алып жатқан заңсыздықтар туралы өткір мәселелерді көтеретін едіңіз. Жалпы қоғамдық жұмысқа қалай келдіңіз? – Қоғамдық жұмысқа өмірдегі көзқарасым және мамандығым әкелді. Өйткені әлеуметтік желіде белсенділігім блогерлік қызмет емес. Негізгі мамандығымның бірі – журналист. ҚР Журналистер одағының мүшесімін. Сондай-ақ Іскер әйелдер қауымдастығының, Адам құқықтары жөніндегі Жамбыл облысы бойынша өкілдігінің сарапшылар кеңесінің мүшесімін.Ал әлеуметтік желіде белсенділігім – ол азаматтық көзқарастарымды білдіруім. Әртүрлі контент бар. Мәселен, кейбір азаматтар отбасы немесе саясат жайында, тағам әзірлеу, киім дизайны бойынша да тақырыптар жазуды ұнатады. Мен қоғамдық жұмыстарға араласып, үкіметтік емес ұйым басшысы ретінде күнделікті тұрмыстағы мәселелерді көтеруге тырысамын. Көп олқылық әлеуметтік желі арқылы да шешімін табуда. Дегенмен бұл құрал тиімді деп те айта алмаймын. Халықты ақпараттандыру, кері байланыс құралы ретінде, сондай-ақ тұрмыстық жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жұмыстарын насихаттау үшін белсенді пайдаланамын. – Енді қоғамдағы өзекті мәселелерге тоқталсақ.
Өз тарапыңыздан қандай жағдайларға назар аударып келесіз? – Жалпылай айтатын болсақ, мәселе өте көп. Шешімін күткен әлеуметтік сұрақтар жетерлік. Алайда салаға қатысты, яғни тұрмыстық жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру басты назарда. Себебі қазір қайда барсаңыз да мәселені таныс-тамыр мен қалың қалта шешіп тұр. Бұдан арылудың бір ғана жолы бар.Ол – үндемей қалмау және құқықтық сауаттылықтың болуы. Мәселен, «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыс бойынша филиалына 103 өтініш келіп түскен. Оның ішінде 9 тұрғын 1463 call-орталығы арқылы шағымданса, 74 адам жеке қабылдауға жазылды. Сонымен қатар электрондық пошта, «WhatsApp» желісі, «adildikjoly.kz» сайты арқылы көмек сұраған жандар да бар. Келіп түскен өтініштерді талдайтын болсақ, басым көпшілігі мемлекеттік және құзырлы орган қызметіне, еңбек қатынасын реттеуге, медицина саласына, білім басқармасының жұмысына, әлеуметтік қамсыздандыру мәселесіне қатысты. Сонымен қатар инфрақұрылым тарту, тұрғын үйге қол жеткізу, жер дауы, несие қарыздарын реттеу, алимент өндіру сияқты түйткілдер де көп. Осы талдау нәтижесінен қай салада мәселе шаш етектен екенін түсінуге болады. Бұл тек салмақты арыз-шағымдар легі. Ал құқықтық консультация алу үшін күніне 2-3 азамат хабарласып, мәселесінің шешу жолын сұрастырып жатады.
Осы тұста айта өтейін, ұйымның қызметі тегін. Тек қана азаматтарды шағымдармен қабылдау ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік сатып алу порталында зерделеу жүргізу, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, құрылыс, жол, салалық қызметтерге де мониторинг үнемі жүргізіледі. Осындай жұмыстардың нәтижесінде жуырда 131 миллион теңге бюджет қаражаты үнемделді. Нақты айтқанда, Тараз қалалық мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылығы орталығы мен жеке кәсіпкер «А.Н.Сатенов» арасындағы келісімшарттағы тауарлардың көрсетілген бағасының нарықтан тым жоғары екендігі анықталды. Зерделеу барысында өндірістік құралдарды және тұрмыстық жабдықтардың нақты сомасын анықтау аясында тәуелсіз бағалаушыға жүгіндік. Сәйкесінше 551,6 миллион теңгеге жасалған келісімшарттағы тауарлардың орташа құны 419,9 миллион теңгені құрады. Құзырлы органдар біз анықтаған кемшіліктерді растады. Барлық заң талаптарына сәйкес шаралар жүргізіліп, нәтижесінде 131,7 миллион теңгені бюджетке кері қайтару бойынша соттың қаулысы шығып, күшіне енді. Оңай болған жоқ, сот шешімімен келіспей қайта шағым да түсірілді. Алайда қаншама уақыт талап еткен істе жеңіске жеттік.
Тағы бір мысал, 2023 жылы Тараз қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мекемесінің лауазымды тұлғалары ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңында белгіленген рәсімдерді өткізу тәртібін өткізбей, «Жасыл ел-Тараз» ЖШС-мен 2 245 000 000 теңге және 1 505 000 000 теңге сомасына шарт жасасқан. Осылайша қалалық әкімдіктің аталған бөлімінің лауазымды тұлғалары заң талаптарын бұзған.Біздің құзырлы органдарға дер кезінде хабарлауымыз бойынша 3 миллиард 750 миллион теңгеге жасалған келісімшарт заңсыз деп танылды. 2023 жылы ұйымның өтінішіне сәйкес мемлекеттік сатып алу порталында заңсыз әрекеттерге жол берген 57 лауазымды тұлғаға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынған. Ал биылғы алты айдың өзінде мұндай заңсыздықтардың саны 158-ге жетті. Профилактикалық жұмыстар күшейіп, заң талаптары қатайса да кемшіліктер азайып жатпағаны аңғарылады. Бұл жағдайда сұхбат басында айтып өткендей, тек қана парасаттылық, адалдыққа шақыру, әр азаматтың үндемей қалмай, азаматтық белсенділігін жоғарылату қажет.
– Өзіңіз басы-қасында жүрген «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топ» көшпелі кеңес беру алаңы аудандарда ұйымдастырылып жүр. Шыны керек, кейбір өңірлерде халық тегін кеңес алуға келмей жатады. Бұл тұрғындардың немқұрайдылығы ма, әлде аудан басшыларының қандай да бір қатысы бар ма? – «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топ құрылды. Топ құрамына анықталған әлеуметтік мәселелерді шешуге жауапты мемлекеттік органдардың мамандары, заңгер, адвокат, сот орындаушы, нотариус, мәслихат депутаттары, адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыс бойынша өкілі, облыстық қоғамдық кеңес және үкіметтік емес ұйымдардың төрағалары кірген. Мобильді топтың мақсаты – қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, халыққа тегін құқықтық кеңес беру, қабылдаулар өткізу. Қазіргі таңда мұндай шаралар Жамбыл, Байзақ, Т.Рысқұлов, Меркі, Жуалы, Сарысу, Талас аудандарында өткізілді. Алдағы уақытта Қордай, Шу, Мойынқұм аудандары мен Тараз қаласында ұйымдастыру жоспарланған. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топтың» көшпелі кеңес беру алаңына 400-ге жуық азамат келіп, мәселе көтерді. Кездесу барысында ауыл азаматтары баспана, жер мәселесін, тұрақты жұмыспен қамту жайын, денсаулық, білім саласына қатысты талап-тілектерін айтқан.
Мәселен, ІІІ топтағы мүгедектігі бар азаматша 9 жыл бойы өмірлік санатқа ауыстырылмауына қатысты жанайқайын жеткізді. Шалғай жатқан елді мекен тұрғынының бәрінде облыс орталығына өтінішін айтып баруға мүмкіндігі жоқ. Ал жоба арқылы әр азамат үшін әділетсіздікке тап болған жағдайда және тегін заңгерлік құқықтық кеңес алуға мүмкіндік қарастырылған. Дегенмен әр іс-шараны ұйымдастыру кезінде жергілікті әкімдікпен бірлесіп жұмыс істейміз. Баршаға белгілі, заңгер, адвокат, сот орындаушылардың қызметі ақылы. Сондықтан да жергілікті әкімдік осы қызмет түрлеріне мұқтаж тұрғындарды бірінші кезекте қамтыса деген ойдамыз. Алайда әкімдік тарапынан берілетін хабарламаларға көбіне тұрғындар келмейді. Ерекше атап өтетін жайт, Жуалы, Т.Рысқұлов, Байзақ, Сарысу аудандары бойынша орынды мәселе қозғаған азаматтардың қарасы көп болды. Ал Меркі ауданында тұрғындардың орнына жастар ресурстық орталығының мамандары әртүрлі түсініксіз сауалдар жолдаған. Біз іс-шара туралы ұзақ уақыт бұрын жарнама жасамаймыз. 1 апта көлемінде ұйымдастыру, халықты құлағдар ету жұмыстары жүргізіледі. Сондықтан да келушілердің аз болуы хабарландырудың толық жетпеуінен де шығар деп ойлаймын.
– «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының басшысы және әлеуметтік желі белсендісі ретінде «Facebook»-тегі парақшаңызда қаламыздағы кейбір олқылықтарды жиі көтеріп жүрсіз. Соның ішінде оң шешімін тапқан мәселелер бар ма? – Облыс аумағындағы жол құрылысы саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің өкімі бар. Құжатқа сәйкес жол құрылысының барысын мониторингілеу жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Сол жұмыс тобының мүшесімін. Сонымен қатар Тараз қаласы бойынша зерделеу тобының жетекшісімін. Сондықтан үздіксіз жол мәселесіне қатысты барлық жұмыстың басы-қасында жүремін. Сондай-ақ жолға қатысты шағым, өзге де мәселелер болса, жеке ұялы телефоныма хабарласуға болады. Шілде айынан бастап топ өз жұмысын бастап кетті.
Қазіргі таңда жаңадан төселген асфальттардың сапасын арнайы зертхана мамандарымен қарап жүрміз. Мердігер компания тарапына тұрғындар жеке қақпаларының зақымдануы, есігін аша алмайтындай асфальтпен жауып кету, битумның аз құйылуы, шағал тастардың сапасына қатысты шағымдар айтуда. Дер кезінде тапсырыс берушіге хабарлап, мәселе реттелуде. 2023 жылы жол жұмыстарына қатысты Байзақ, Жуалы аудандарында анықталған кемшіліктер бойынша жұмыстар жүргізілді. Мәселен, Байзақ ауданында «Рауан» ЖШС Сеңкібай ауылында төсеген асфальт тым жұқа болып, қайтадан 6 сантиметр қалыңдығымен төселген болатын. Зерделеу жұмыстарының нәтижесінде жолдың дер кезінде сапасына назар аударылуы мен ауыл тұрғындарының белсенділігі арқасында енді тақтайдай түзу жол ұзақ жылдар қызмет етері анық.
Ұйымның жолға қатысты анықтаған тағы бір дерегін айтсақ, 2021 жылғы 14 шілдеде «Жамбыл облысы Қордай ауданы әкімдігінің тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мекемесі және «Қордай ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жөніндегі кәсіпорны» арасында «Жамбыл облысы Қордай ауданының КН-КR «Қаракемер-Қарасай батыр-Еңбекші» аудандық маңызы бар автомобиль жолын 28,5-37,57 шаршы шақырым орташа жөндеу» жұмыстарына бір көзден мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасқан.Келісімшарт бойынша жалпы сома 266,3 миллион теңгеге 9,2 шаршы шақырым жол жөндеу қажет, аяқталу мерзімі 2023 жылдың 31 желтоқсаны болатын.
2022 жылдың наурыз айында келісімшартта көрсетілген жұмыстар бойынша кәсіпорын мемлекеттік сатып алу конкурсын жүргізбей құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу үшін «Ersultаn» жеке кәсіпкерлігімен 35,2 миллион теңгеге, «Кахарманова Г.Т.» жеке кәсіпкерлігімен 5,1 миллион теңгеге, «Иванов С.Д.» жеке кәсіпкерлігімен 20,2 миллион теңгеге және «DL Engineering Group» ЖШС-мен 187,2 миллион теңгеге тікелей келісімшарттар жасасқан. Ал «Ersultаn», «Кахарманова Г.Т.» және «Иванов С.Д.» жеке кәсіпкерліктерінің жол жөндеу жұмыстарына лицензиясы болмаған.2023 жылдың желтоқсан айында бөлім мен кәсіпорын арасында жұмыстар толығымен игерілді делінген. Шын мәнінде, келісімшарт бойынша жөнделетін 9,2 шаршы шақырым жолдың жартысы ғана жасалған, ал бөлінген бюджеттік қаражаттар жымқырылуы мүмкін.Осы жағдайда тапсырыс беруші, яғни бөлім мердігерді сотқа беріп, мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы ретінде тану керек еді.
Алайда 2024 жылдың 22 қаңтарында заңсыз талап қою арқылы бөлім басшысы жауапкер кәсіпорын басшысы міндеттерін орындау туралы азаматтық (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жүгінеді.Нәтижесінде биылғы 22 қаңтарда Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы №3115-24-00-2/150 санды ұйғарым шығарып, талап қоюшы бөлім мен жауапкер кәсіпорынның 2021 жылғы 14 шілдеде жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша «Жамбыл облысы Қордай ауданының КН-КR «Қаракемер-Қарасай батыр-Еңбекші» аудандық маңызы бар автомобиль жолын 28,5-37,57 шаршы шақырым орташа жөндеу» жұмыстарын 2024 жылдың 1 маусымына дейін атқаруға (аяқтауға) міндеттейді.Жоғарыда аталған жайттардың негізінде көрсетілген мән-жайларды тексеріп, кінәлі тұлғаларды жауапқа тартып және облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылы 22 қаңтардағы №3115-24-00-2/150 шешімінің заңдылығына тексеру жұмыстарын жүргізуді құзырлы органдардан сұранған болатынбыз. Қазіргі таңда облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінде аудиторлық тексеру жүргізілуде. Біз келтірген дәйектер анықталса, тиісті шаралар атқарылатын болады. Осы тұста айтқым келетіні, көптеген анықталған кемшіліктің расталуына құзырлы органдар тарапынан ұзақ уақыт талап етіледі. Сондай-ақ кей жағдайларда бұрмалаушылыққа да жол беріледі. Ондай фактілер жиі кездеседі. Бір сұхбат аясында атқарылған жұмыстарды толық жеткізу мүмкін емес.
Осы орайда оң кейстің тағы бірімен бөліскім келіп отыр. Осы жылдың ақпан айының соңында «WEST LINE LTD» ЖШС директоры Л.Бостаннан хат келіп түскен. «Жасыл ел-Тараз» ЖШС мен «WEST LINE LTD» ЖШС арасында 2023 жылғы 14 сәуірде жалпы сомасы 11 400 000 теңгеге №17 санды келісімшарт жасалған. «Жасыл ел-Тараз» ЖШС шарт бойынша өзіне жүктелген төлемақысын төлеу бойынша міндеттемелерді қаржы тапшылығына байланысты тиісінше орындамаған. Ұйымның араласуымен кәсіпкердің құқығы қорғалып, қарыз сома толығымен өтелді.Өдеріңізге белгілі, өткен жылы білім саласына облыс әкімі мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшылығының өкімімен талдау жүргізілген болатын. Нәтижесінде көптеген олқылық анықталды. Жуалы ауданының білім бөлімі бойынша 4 қылмыстық іс қозғалып, қысқартылды. Қазіргі таңда Байзақ ауданының білім бөлімі бойынша сот ісі жүргізілуде. Ал Шу және Т.Рысқұлов аудандарына қатысты барлық анықталған кемшіліктер аудиторлық тексеріс арқылы расталды. Дегенмен алдағы уақытта шешім қабылданған соң ақпаратпен бөлісетін боламын.– Қателеспесек, осындай заңсыздықтардың арасында күшік ұрлаған директордың да мәселесі бар. Ол мәселенің жайы қалай болып жатыр?
– «Күшік ұрлаған директор» деген қысқаша пост жазғаным рас. Алайда мен директорды табалау немесе жарнамалау мақсатында емес, қоғамда жүрген белсенді азаматша ретінде өз ойымды білдіріп, өзгенің де жағдайды қабылдауын білгім келді. Өздеріңіз де оқыған боларсыздар. Пікірлердің ішінде «Ит ұрлау – қазақтың салты» деген сөздер көп жазылды. Дегенмен менің айтарым, ұрлық ол – қылмыс. ҚР «Педагог мәртебесі» Заңы бекітілген. Яғни педагог этикасы заңда толық көрсетілген. Сондықтан білім ошағын басқарып отырған басшылар бірінші кезекте өздері үлгі болуы тиіс.
Үкіметтік емес ұйымның басшысы ғана емес, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесімін, көптеген қоғамдық жұмысқа қатысты комиссия құрамындамын. Сонымен қатар педагогтарды жұмысқа қабылдау, колледж, арнаулы орта білім беру мекемелеріне грант бөлу комиссиясының жұмысына да белсенді қатысып жүрмін. Сондықтан тұрмыстық жемқорлық болсын, басқа да өзекті мәселеде әділ шешім қабылдануына үлесімді қосуға тырысамын. – Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Айжан Өзбекова
Құмар ойыннан қалай құтыламыз?
Ұқсас жаңалықтар
Тараздағы әскери бөлімде ақын Үміт Битеновамен кездесу кеші өтті
- авторAR-AY
- 26 қараша, 2024