Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Құмар ойыннан қалай құтыламыз?

Құмар ойыннан қалай құтыламыз?
Ашық дереккөз
Елімізде букмекерлік кеңселерде ақша тігетіндердің қатары көбейгені соншалық, бүгінгі күні әрбір әулетте лудомандар бар. Құмар ойынға салынған әр азаматтың қарызы орта есеппен 10 миллион теңге шамасында екен. Сарапшылардың айтуынша, ерлі-зайыптылардың ажырасу фактілерінің жиілеуі, өз-өзіне қол жұмсау, алаяқтыққа салынуға да құмар ойын әсер етіп отыр. Содан болса керек, аурулардың халықаралық классификациясы бойынша лудомания аурулар тізіміне енгізілген. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Бұдан былай банктерге берешегі бар борышкерлер енді бәс тіге алмайды. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілерден бастап бірқатар санаттағы азаматтардың құмар ойынға қатысуына шектеу қойылып отыр. Яғни құжатта халықтың  құмар ойынға тәуелділігін төмендетудің басқа да тетіктері қаралған. Осылайша заң арқылы халықтың ойынға тәуелділігін төмендетуге бағытталған шектеуші  және ынталандырушы нормалар енгізіледі.Атап айтқанда, құмар ойындарға, бәс тігуге қатысуына тыйым салынатын адамдар санатының тізімі кеңейтілді.

Енді олардың қатарына Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған тұлғалар (атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлер туралы мәліметтерді қамтитын электрондық деректер банкі)  қосылды.Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеу енгізу арқылы жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың құмар ойындарға, бәс тігуге қатысуына шектеу қойылады.

Бұдан былай мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға бәс тігуге қатыса алмайды. Бұл шектеуді сақтамағаны үшін оларды жұмыстан шығару шарасы қарастырылған.Ойын бизнесін ұйымдастырушылардың қызметін реттеу тетіктері де күшейтілді. Туризм және спорт министрлігі ойын мекемесінің, букмекерлік кеңсенің, тотализатордың, ставкаларды қабылдау және құмар ойындардың, бәс тігудің бірыңғай ережелерін бекітеді.

Букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамаларына шектеу қойылды. Атап айтқанда, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды сыртқы (көрнекі) жарнамасына, сондай-ақ олардың қызметін көлік құралдарында, бұқаралық ақпарат құралдарында, кино-видео және анықтамалық қызмет көрсету орындарында жарнамалауға тыйым салынады.Тек букмекерлік кеңсе немесе тотализатор орналасқан жердегі сыртқы жарнамаға, спорт ғимараттарының ішінде және спортшылардың киімінде, спорттық тақырыпқа маманданған және ресми тіркелген БАҚ-та, сондай-ақ отандық телеарналар халықаралық спорттық жарыстарды тікелей трансляция жасаған кезде жарнамалауға рұқсат етіледі.

Сонымен қатар лотерея қызметін реттеу тетіктері жаңартылды. Нақтырақ айтқанда, тұрғын үйлерде, жатақханаларда, ғибадат орындарында, мәдениет ұйымдарының ғимараттары мен құрылыстарында, әлеуметтік объектілерде (білім беру, денсаулық сақтау), сондай-ақ олардан жүз метр қашықтықтағы радиуста лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынады.Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «Telegram» арнасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған жаңа заңға қатысты пікір білдірген болатын.Ол өз сөзінде Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамаларды жүзеге асыру аясында қабылданған бесінші заң екенін,  мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындарға қатысуына тыйым салынғанын айта келіп, сөз соңында заңда лудомонияға шалдыққандарды сауықтыру мәселесі қарастырылғанын тілге тиек етті.

– Сонымен қатар лицензиясы жоқ шетелдің букмекерлік кеңселерінің, тотализаторларының интернет ресурстарына және онлайн-казиноларға толық тыйым салынады.Лудоманияға шалдыққан азаматтарды сауықтыруға қатысты бірқатар шара қарастырылған. Құмар ойындарға тәуелді адамдарды медициналық оңалтудың тәртібі белгіленді. Мұндай адамдарды құпиялылықты сақтай отырып, ақыл-кеңес беру арқылы бақылауға алу тәсілі енгізілді, – деді Ерлан Қарин. 


Біз осыған орай қала тұрғындарының заңдағы өзгертулер мен толықтыруларға  байланысты ойларын білу мақсатында сауалнама жүргізіп көрдік.

– Бұл заңды өз басым көптен күткенім рас. Себебі бұл мәселе қазіргі күні әрбір қазақтың бас ауруына айналып отыр. Менің баламның да осы қатерге душар болғанына біраз жылдың жүзі болды. Ақшасымен қоса абыройдан да айырылды. Бір өкініштісі,  басқа елді қайдам, біздің елде игроманияны емдеу жағы өте қымбат. 1 айлық курстың өзі Алматы, Астана қалаларында 450-500 мың теңгенің айналасы. Оған кемінде 3-4 ай жатып, ем қабылдауы керек. Онсыз да несие мен қарызға батқан адам оған ақшаны қайдан алады? Қазір Павлодар қаласында тегін емдейтін жер бар екен. Сұрастырсақ, онда барып жазылып қайтқандар некен-саяқ. Енді осы емделу жағын да арзандатып, жеңілдетсе деген тілек бар, – дейді Жаңылсын Ақанқызы.


– Әрбір заңның артында үлкен зерттеу, зерделеу жатыр. Дәл уақытында қабылданған заң екенін уақыт өзі көрсетіп отыр. «Әр заманның өз сұрқылтайы бар» деген секілді, әр заманның өз қауіп-қатері бар. Лудоманияны наркоманиямен бірдей қарастырып жатыр ғой.Ол бекер емес. Заңды құптаймын. Әсіресе жарнамалауды тоқтатуға қатысты жері ұнады. Қазір ұялы телефонды ашып қалсаң жарнамасы қаптап жүр ғой. Кино көрейін десең де алдыңнан шыға келеді. Ол рухы әлсіз адамды қызықтырып, ойын бұзатыны анық. Енді ойнамаймын, аулақ жүремін дегенді де өзіне магнит секілді тартатынын да білеміз. Тіпті көшеге шықсаң да солардың жарнамасынан көз сүрінеді. Қойылған шектеу саңырауқұлақтай дамып жатқан ойын бизнесіне тұсау салады деген ойдамын, – дейді Орынхан Бекмұрат. 


Сондай-ақ заңда өскелең ұрпақтың денсаулығын энергетикалық сусындардың зиянды салдарынан қорғау үшін бұл өнімнің 21 жасқа дейінгі адамдарға сатылуына тыйым салынатын болды. Мұндай жаңашылдықтар келешек ұрпақтың бой тазалығы мен ой тазалығына да әсерін тигізері анық.  

А.Орынбасарқызы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар