Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бағаны ұстап тұрудың басты жолы

Бағаны ұстап тұрудың басты жолы
Ашық дереккөз
Аңшылық, малшылық кәсіпті жанына жалау етіп, ауа райының қас-қабағын бағып, әр күнін түзде өткізген қазақ халқы үшін сауда нарығы бүгін пайда бола қалған ұғым емес. Бірі қолөнермен, тағы бірі ұсталықпен айналысып, бірі малшы, бірі жалшы, бірі аңшы, бірі диқан бола жүріп, керек затын бір-бірімен өзара айырбас жасап иемденді, жоқ-жітігін түгендеді.

Сауданың түрлері

Атқан аңы мен баққан малының тері-терсегін, төрт түлігін қазақтар ел аралап жүріп сауда жасайтын көпестерге керек-жарақ үшін айырбас жасады. Өздері сыртқа барып айырбас сауда жасауға бұл жұмысты қол көрмегені анық. Себебі ел-жер аралап, саудадан тапқан табыстан гөрі малшаруашылығымен айналысып, ырзыққа кенелу қазақ халқы үшін өте тиімді еді. Десе де көшпелі, жартылай көшпелі қазақ халқында малшаруашылығы мен егіншаруашылығы арқылы алынатын ет, сүт, тері-терсек, жүн-жұрқа, арпа-бидай секілді өнімнен басқа атап көрсетер өндіріс түрі мұндаға дейін болмағаны белгілі. Керуеннің жолын тосудан бөлек, ата-бабамыз керегін айшылық, апталық жол жүріп, халық көп шоғырланған ірі елді мекендерде өтетін жәрмеңкеден тапты. Ата-бабамыз қазіргі замандағыдай өнімнің түр-түрін өндірмесе де мал бағып-ақ есесін ешкімге жібермеді. Өзгенің өніміне, нарығына тәуелді бола тұра бай-бағландар қолындағы барынан айырылып қалмады, кедей-кепшік жоқтықтан тоз-тозы шығып, босып кетпеді. Бүгінгі біз құрып отырған қоғам да солай болуы тиіс. Қолында кірі барлар күнелтіп, табысы аздар көштен қалып, аштан өлмеуі керек. Ол кездегі ішкі, сыртқы сауда нарығы, алым-салық халықтық салт-сана, әдеп-ғұрып, түйсік, ханның жарлықтары арқылы жолға қойылса, қазіргі заманда бұл мәселелер арнайы заңмен реттеледі.Бүгінде сауданың түрі де, саудалау жолы да көбейген. Оның ішінде біздің жадымызда жатталып қалғаны әрі жанымызға жақыны – көтерме және бөлшек сауда. Көтерме сауда белгілі бір тауарды бір жерден бастапқы баға бойынша көптеп сатып алу немесе шикізатты сатып алып, көптеген дайын өнім шығару, оны алымсақтарға тұтас жөнелтумен байланысты болса, бөлшек сауда дүкен, базар, супермаркет секілді басқа да сауда орындарының жекелеген тұтынушыларды керекті тауармен қамтамасыз етуіне қатысты ұғым.

Мақсат – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету

Қазіргі қазақ елінің жүргізіп отырған экономикалық саясаты бойынша сауда саласын, әсіресе азық-түлік нарығын ырықтан шығармау өзекті мәселенің бірі. Сол үшін де еліміз экономиканың негізгі салалары саналатын өнеркәсіп, ауылшаруашылығы саласында өнім өндіру, оны қайта өңдеу, тереңдетіп өңдеу, яғни өңдеу өнеркәсібін дамыту ісіне басымдық беруде. Мақсат – азық-түлік қауіпсіздігін болдырмау. Сонымен қатар сапалы әрі қолжетімді бағада өнім өндіру арқылы тұрғындардың денсаулық жағдайын жақсарту, халықтың тәуір тұрмыс кешуі үшін әлеуетін көтеру басты орынға қойылған. Ішкі сауда, сыртқы сауда айналымын дамыту өз алдына, ел ішінде жұртшылықты арзандатылған азық-түлік, оның ішінде күнделікті тұтынуды қажет ететін әлеуметтік маңызы бар тауарлармен қамтамасыз етудің бүгінде түрлі әдістері қолданылуда. Бірінші кезекте ойға алған іске қол жеткізілуі үшін әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарлары үшін төмендетілген бөлшек және көтерме сауда бағаларын белгілеу қолға алынды. Нарықта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында облыс, аудан, қала аумағында жергілікті атқарушы органдар арқылы тұрақтандыру қорларының қызметі мен әлеуметтік маңызы бар тауарларды саудалайтын кәсіпкерлік субъектілерге қарызға қаржы үлестіру тетіктері іске қосылды. Соның арқасында жер-жерде әлеуметтік дүкендер пайда болды. Осы арқылы халықтың тұрмыс жағдайы төмен, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың төмендетілген бағадағы азық-түліктерді сатып алуына қол жеткізілді. Біз сөз етіп отырған осы іс ҚР Сауда және интеграция министрлігінің ҚР Ауылшаруашылығы министрілігі және ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, нарықтағы бағаны тұрақтандыру бойынша осыдан бірнеше жыл бұрын әзірлеген жол картасындағы жүзеге асырылған маңызды тетіктердің бір парасы ғана. Аталған жол картасында бағаны негізсіз көтерген, сапасыз тауар сатқан кәсіпкер, саудагерлерге тексеріс ашып, істі жүйелеу, бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етуден бөлек, сауда саласын дамыту, біз тілге тиек еткен өндірісті ұлғайту, кәсіпорындарды қолдаудан бастап, заңнамаға өзгерістер енгізуге дейінгі атқарылуы тиіс шаруалар қамтылған.

Мысалы, жол картасындағы «Тексерулер және комплаенс» бағытына келсек, түсінікті тілде айтқанда, бұл – бағаны байлауда ұстау әдісі. Өйткені соңғы жылдарда қоғамда азық-түлік бағасының айтарлықтай өсуі кең етек жайды. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін монополияға қарсы орган мен әкімдіктер тарапынан бақылауды күшейту қажеттілігі туындады. Бұл жөнінде Сауда және интеграция министрлігі тарапынан қандай да бір бизнес субъектілерінің баға бойынша өзара сөз байласып, бағаны келісіммен көтеретін болса, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне оны анықтау, анықталған мәселе бойынша олқылықты болдырмау, құқықбұзушылықтың жолын кесу құзыреті берілді. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдарға, яғни әкімдіктерге әлеуметтік маңызы бар тауарларға қойылған шекті бағалардың сақталуын бақылау құзыреті тапсырылған болатын. Сондай-ақ әкімдіктерге, фискалдық және монополияға қарсы органдарға барлық қажетті бақылау іс-шараларын жүргізуге мүмкіндік беретін шағын бизнеске қатысты тексерулерді тағайындау алгоритмін қабылдау міндеттелді. Дегенмен биыл сәуір айынан бастап, бағаны негізсіз көтергендерді анықтау, айыппұл салу ісі Сауда және интеграция министрлігінің облыстағы департаменттері арқылы жүзеге асырылады.«Сауда шаралары» бағыты да бағаларды тежеудің пәрменді тетіктерінің бірі ретінде қарастырылады. Нақты айтқанда, бұл – өңірлерде шекті бағаларды белгілеу. Мәселен, өсімдік майы мен жұмыртқа, қарақұмық, нан, макарон секілді кез келген өнімдерге қатысты баға әрбір өңірде шекті бағадан асып кетпеуі керек. Сол себепті әкімдіктер белгілі бір тауарға қатысты шекті бағаны белгілеумен айналысады.

Бұдан бөлек әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру ісінде «айналым схемасы» деген тетік бар. Бұл – сауда желілеріне, яғни кәсіпкерлік субьектілерге жеңілдетілген жолмен қарызға қаржы беру. «Айналым схемасы» шеңберінде тауарлар сауда желілерінің сөрелерінде халыққа нарықтағы бағадан кемі 15-20 пайызға төмен саудалануы тиіс. Сауда және интеграция министрлігі «айналым схемасын» қаржыландыру үшін әр сәт оған бөлінетін қаржыны арттыруға мән берумен келеді.Аталған министрлік ауылшаруашылық тауарын өндірушілерге субсидия беру, оның көлемін ұлғайту, субсидиялау критерийлерін қайта қарау, теміржол тасымалы шығындарының бір бөлігін өтеу, сауда объектілерінде оларды одан әрі сату үшін азық-түлік корпорацияларының резервінен әлеуметтік маңызы бар тауарларды бөлу, электр энергиясына тарифтерді белгілеу, тұрақтандыру қорларына импортқа тәуелді тауарларды сатып алуға қайта бағдарлауды ұсыну секілді істермен де айналысуда. Мақсат – сыртқы бағаның өсуіне байланысты ішкі нарықтағы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың құнының шарықтауына жол бермеу.Бір айта кетерлігі, Сауда және интеграция министрлігі азық-түлік тауарларының құнын болжай алмайды. Есесіне болжау институтын енгізу арқылы бағаның өсуіне жол бермеу бойынша тиісті шараларды алдын ала қабылдауға, ағыл-тегіл артылып жатқан тауары бар өңірлерден оны тапшылық туындаған өңірге қайта бағыттауға, сол арқылы бағаларды ұстап тұруға мүмкіндік беруге септеседі.Жалпы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының өзіндік құнының өсуін тежейтін құралдардың бірі баға шектерін енгізу екені жоғарыда айтылды. Қазіргі уақытта әлеуметтік маңызы бар тауар тізіміне 19 өнім кіреді. Оның қатарында ұн, нан, жұмыртқа, қарақұмық, күріш, қант, өсімдік майы, сиыр, тауық еті, сүт, айран, сүзбе, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, тұз секілді өнімдер бар.

Сапасыз тауар сатылмауы керек

Баға шегін жергілікті атқарушы органдар белгілей отырып, әр өнімнің бағасын аймақтағы әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізімі арқылы есептейді және бекітеді. Бұдан әрі бекітілген бағалардың дүкендердегі нақты бағамен сәйкестігін тиісті органдар бақылауда ұстайды. Тауар шекті бағадан асқан жағдайда сауда субъектілерін әкімшілік жауапкершілікке тарту қарастырылған. Егер қандай да бір факт анықталған жағдайда кінәлілерге белгілі бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады, осы жағымсыз әрекет қайталанса, шара қолдану күшейтіледі. Сол үшін де тұтынушылар сауда орындарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының арасында бағасы көтерілген немесе сапасы өте нашар, денсаулыққа пайдасынан гөрі зияны күмән туғызған, мерзімі өткен тауарлар сатылған жағдайда жергілікті атқарушы органға хабарлауы тиіс. Себебі бұл жүйе халықты күнделікті тұтынуды қажет ететін арзандатылған азық-түлік тауарлармен қамтамасыз ету, бағаны тұрақтандыру және бағаның күрт өсуін болдырмау, халықты сапасыз тауармен алдарқатуға жол бермеу үшін іске қосылған жүйе. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыруда нарық субъектілеріне мемлекеттік бақылауды күшейтуге, қолданыстағы механизмдердің дұрыс жұмыс істеуіне халық та атсалысып, керегін заң жүзінде тиісті тараптан талап етуі керек.Сапасыз азық-түлік демекші, биыл Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті салааралық үйлестіруші ретінде бірқатар жұмысты еңсергені есте. Аталған комитет төрағасы Асқар Тынысбековтің айтуынша, импорттық өнімді іріктеуді еліміздің барлық өңірлерінде 26 қоғамдық бірлестік жүргізген екен. Бұл іске әр облыстағы мәслихат депутаттары, «AMANAT» партиясының, әкімдіктер жанындағы қоғамдық кеңестердің мүшелері мен халық арасында жүргізіліп жатқан ақпараттық-ағарту жұмысы және «Сапалы өнім» тұжырымдамасының жол картасы іс-шараларының жүзеге асырылуына жанашырлық танытқан тұтынушылар да белсенді қатысқан.

– Барлық өңірлерде 583 өнім түрі сатып алынды. Шымкент қаласында сатып алынған тамақ өнімдерінің ең көп саны – 74, Ұлытау облысында – 50 және Ақтөбе облысында – 41. Өңірлерде сараптама жүргізу үшін өнім негізінен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының филиалдарына жіберілді. Өнім жіберілген тараптардың ішінде «Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» акционерлік қоғамы мен «Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны да бар.Өнімнің 583 түрінің 304-і бойынша немесе 52,1 пайызынан бұзушылықтар анықталды. Оның ішінде мемлекеттік тілде ақпараттың болмауы бойынша 271 бұзушылық, өнімнің құрамы бойынша сәйкессіздік, жарамдылық мерзімі өткен тауарды өткізу, тиісті құжаттардың болмауы секілді санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылуына қатысты 33 бұзушылық мәлім болды.Анықталған бұзушылықтар бойынша 108 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қалған бұзушылықтар бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Арнайы материалдар бойынша өнімнің 12 түріне қатысты Техникалық реттеу және метрология комитеті жарамдылық декларациясының күшін жойып, іс тоқтатылды. Бұл Ақтөбе, Түркістан, Батыс Қазақстан, Жетісу және Ұлытау облыстарында болған жайт.Анықталған бұзушылықтар «Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» АҚ және «Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы» РМК зертханаларында тексерілді.

Тексеру нәтижесінен мысал келтірсек, Астана қаласындағы «Шапағат» базарында, «Ұлттық тұтынушылар палатасы» республикалық қоғамдық бірлестігіне өнімнің 2 түрі іріктеліп алынып, ол «Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы» РМК-ға ұсынылды. Зерттеу хаттамаларына сәйкес 2024 жылғы 25 сәуірдегі тамақ өнімдерінің үлгілерінде өнімнің 2 түрі бойынша санитарлық нормалардың бұзылуы анықталды. Нақты айтқанда, өнімде темір мен мыстың нормадан асатын улы элементтері болған. Дегенмен «Ұлттық сараптама орталығының» Астана қаласы бойынша филиалы берген зертханалық зерттеулердің нәтижелерінде 2024 жылғы 29 мамырдағы №2240011002618972 тамақ өнімдерінің үлгілерін зерттеу хаттамасы импорттық өндірістің күнбағыс майы өнімінде бұзушылықтар анықталған жоқ, нәтижелері нормативтік көрсеткіштерге сәйкес келді.Қарағанды облысындағы жағдай да тура осыған ұқсас, онда «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ Қарағанды облысы бойынша филиалының сараптамаларының нәтижелері бойынша импорттық өндірістің шұжық өнімінің микробиологиялық көрсеткішінен асып кету бөлігінде бұзушылықтар анықталды. Алайда осы өнімді зертханалық зерттеу нәтижелеріне сәйкес «Ұлттық сараптама орталығының» Қарағанды облысы бойынша филиалы тарапынан жүргізілген жұмыста бұзушылықтар дәлелденген жоқ. Іріктелген өнім қолданыстағы нормативтік көрсеткіштерге сәйкес келді.

Осы ретте нақтылап өтер бір жайт, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық мекемелері осы екі өнімді дербес қайта сатып алып және сараптаманы қайта жүргізгендігінде. Соның нәтижелері бойынша бұзушылықтар расталмады. Зерделеу жұмысы қайта жүргізілгенде бұрын зерттелген тауарлар сауда орындарының сөрелерінде тұрмаған болуы да мүмкін, – дейді Асқар Станиславұлы.Бұл еліміз бойынша бірді-екілі облыста болған жайт. Бағымызға орай, Әулиеата өңірінде азық-түлік тауарларының сапасына қатысты айтылар сын әзірге орын алған жоқ.

Облыстағы шаруа ойдағыдай

Өз өңіріміздегі сауда саласының даму әлеуетін сөз етсек, осы жылдың қаңтар-мамыр айында ішкі сауда көлемі 312,9 миллиард теңгені құрапты. Нақты көлем индексі – 96,8 пайыз. Оның ішінде бөлшек сауда 184,9 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 102,5 пайызға артқан. Көтерме сауда 127,1 миллиард теңгені көрсеткен.– 2024 жылдың қаңтар-сәуірінде сыртқы сауда айналымы 163,7 миллион АҚШ долларын құрап, өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 27,1 пайызға төмендеді. Оның ішінде экспорт 4,6 миллион АҚШ долларына азайды, бұл – 36,1 пайыз. Импорт 119,1 миллион АҚШ долларына кем, көрсеткіш – 23 пайыз.Сауда саласын дамыту үшін тұрғындарға қолайлы жағдай жасалуы керек. Бұл ретте 2024-2025 жылдар аралығында 5 базарды жаңғырту бойынша жол картасы әзірленіп, ҚР Сауда және интеграция министрлігімен келісілді. Осы істі жүзеге асыру үшін «Жібек жолы», «Салтанат», «Береке», «Якка сарай», «Ауыл Береке» базарларының иелерімен кездесу өткізілді. Қазіргі заманғы нысандарының эскиздері алынып, құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталу және аяқталу мерзімдері пысықталып, келісілді.Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша жыл басынан бері өңірлік тұрақтандыру қорынан 7 тауар түрі бойынша 81,7 тонна көлемінде интервенция жүргізілді.Тұрақтандыру қорының 8 комиссиясы және делдалдық комиссияның 45 отырысы ұйымдастырылып, 66 құқықбұзушылық фактісі анықталды. Жылдың ІІ тоқсанына 200 баға ұсынысы алынып, облыс әкімдігінің қаулысымен әлеуметтік маңызы бар тауарларға шекті мән бекітілді. Қазіргі уақытта ІІІ тоқсанға баға бекіту бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.Апта сайын облыстық статистика департаментімен бірге азық-түлік бағасына қатысты 2 күн мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Бұл іс бойынша күнделікті тауарларды қадағалаудың ұлттық жүйесі порталына және «derekhub.kz» порталына ақпарат енгізу жұмыстары іске асырылуда, – дейді облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев.Облыста әлеуметтік маңызы бар тауарларға үстемақыны асырмау бойынша сауда желілерімен 1 747 меморандум жасалыпты. Осындай 43 меморандумға өнім өндірушілер арасында қол қойылған. Төтенше жағдай кезінде алғашқы азық-түлікпен қамтамасыз ету бойынша 52 меморандум, 2024-2025 жылдардағы қысқы-көктемгі маусымаралық кезеңге көкөністер бойынша жалпы 6 288 тоннаға форвардтық келісімшарт жасалған екен.Айта кету керек, облыс бойынша биыл жылдық инфляция 2,8 пайызды құраса, ал елімізде бұл көрсеткіш – 3,1 пайызға жеткен көрінеді. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының инфляциясы жыл басынан бері 2,9 пайыз болғанын көрсеткен.

Ауданда ахуал тұрақты

Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын ұстап тұруға қатысты шаруалар әрбір ауданда жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Мойынқұм ауданы әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Адбығали Абдразахов ауданда сауда саласын дамыту ісі жолға қойылғанын, сауда қызметі және қызмет көрсету, кәсіпкерлік саласы субъектілерімен бағаны тұрақтандыру бағытында атқарылуы тиіс жұмыс жандандырылып жатқанын сөз етті.– Аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі және аудан аумағындағы ауылдық округ әкімдігі тарапынан 2024 жылдың әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша қоғамдық зерделеу жұмыстары сәт сайын жүргізіліп, нәтижесі бойынша есеп облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына аптаның әрбір бейсенбісі күні ұсынылып отырады. Бағаның тұрақтылығын сақтау мақсатында аудан бойынша, ауылдық елді мекендерге қатысты ауылдық округ әкімдігі тарапынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесі мөлшерінің бұзылу фактілерін анықтау бойынша да ауқымды жұмыс атқарылуда. Нақты айтқанда, сауда үстемесін 15 пайыздан асырған жағдайда кінәлілер Қазақстан Республикасының заңдарына сай жауапкершілікке тартылатындығы туралы жұртшылыққа, кәсіпкерлерге жадынамалар таратылып, түсіндірме жұмыстары тұрақты жүргізілуде.Ауданда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының кез келген түрінен тапшылық осы уақытқа дейін байқалған жоқ, болжалды жұмыстар нәтижесі де алдағы уақытта аталған тауар түрлері жеткілікті болатынын көрсетуде.Мойынқұм ауданы бойынша 2024 жылдың қаңтар-мамырдағы меншік нысандары бойынша бөлшек сауда айналымы 1 435,1 миллион теңгені құрап отыр. Облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне тұрғындар тарапынан тауардың бағасы мен сапасына қатысты осы жылы әзірге ешқандай арыз-шағым жолданған жоқ. Бұл аудан аумағында сапалы, бағасы қолжетімді әрі мерзімі өтпеген тауарлардың халыққа саудаланып жатқанын көрсетеді.

2024 жылдың III тоқсанында жоспарға сай облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті ауданымызға арнайы кезекті тексеріспен келуді жоспарлап отыр. Дегенмен аудандағы ахуалдың шын мәнінде қандай екені аталған департамент мамандары ауданға тексеріспен келгенде анықталатын болады.Жыл басынан бері аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімімен бірлесіп, ауылшаруашылық тауарлары түрлеріне, яғни жылқы еті, сиыр еті, қой еті, тауық еті, үндік еті, сүт, май, ірімшік, және басқа да азық-түлікке қатысты 4 мәрте жәрмеңке өткізілді. Алдағы уақытта ауылшаруашылық тауарларына, көкөніс өнімдеріне жәрмеңкелер өткізу жоспарда бар, – дейді Абдығали Расулұлы.

Бір айта кетер жайт, Мойынқұм ауданы бойынша 2022 жылы әлеуметтік дүкен өз жұмысын тоқтатыпты.Қазіргі таңда аудан аумағында тағы да бір әлеуметтік дүкен ашу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқан көрінеді.Осы жылы баға өсімі немесе саудагер мен тұтынушылардың құқығы шектелгені туралы еш жерден арыз-шағым түспеген. Ауданда ахуал тұрақты.

Нұрым Сырғабаев 

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар