Қант диабеті инсулинге тәуелді, инсулинге тәуелсіз болып екі түрге бөлінеді.Қант диабетінің пайда болу себептеріне тоқталатын болсақ, олар әртүрлі. Ең басты себептердің бірі – тамақтану салтының өзгеруі, атап айтқанда, қантқа тез айналатын көміртек бар тағамдарды шектен тыс пайдалану болып табылады. Сол сияқты қажеттен артық тамақтану және дене еңбегімен шұғылданбау семіздікке әкеліп соқтырады. Қазір семіздікпен еліміздің тұрғындарының үштен бір бөлігі ауырады екен.
Қант диабетінің көп таралу себептерінің бірі де осы семіздікке байланысты. Сырқатқа шалдығудың тағы бір себебі – тұқымдық бейімдеушілік екені де белгілі. Тұқымқуалаушылықтың әсерінен қант диабеті балалар арасында кең таралып отыр. Сонымен қатар экологиялық жағдайдың бұзылуы, химиялық өндірістердің зияндылығы, тамақтануда режимдердің сақталмауы және тағы да басқа факторлар өз әсерін тигізбей қоймайды.
Бұл ауру жас талғамайды. Әйтсе де бұл сырқат егде адамдар арасында көп кездеседі. Оның басты себебі – организмді қоректендіретін қантамырлардың, әсіресе ұйқы безіне келетін тамырлардың қан жүргізу қабілетінің азаюы. Қант диабетінің кең таралуына ұйқы безінің қабынуы, зақымдануы және ісіктердің пайда болуы да әсер етеді.Ұйқы безінің қызметі не? Ұйқы безі асқазанның жоғарғы жағына орналасқан. Сыртқы түрі тапанша тәрізді болғанымен өте нәзік клеткалардан тұрады.
Бұл өзі аралас бөліп шығару безі болып табылады. Өйткені сыртқа асқорыту ферментттерін және ішке, қанға гормондар бөліп шығарады. Ұйқы безінің аралшық бөліп шығару клеткалары бар. Олар А, В, Д, Е, РР клеткалары. Осы клеткалар бірігіп Ленгерганс аралшықтарын құрайды. Жоғарыда аталған клеткалар организмге керекті гормондарды түзеді. А клеткалары жалпы ұйқы безі аралшықтарының 20-25 пайызын құрайды да, өзі глюкагон деген гормонды қанға бөліп шығарады. Аралшықтың негізгі бөлігі (75-80 пайызы) В клеткадан тұрады. Бұл клетка инсулин атты гормонды түзеді. Негізгі қызмет атқарушы – инсулин мен глюкагон гормондары.
Әсіресе инсулин гормоны адам ағзасында өте маңызды қызметке, яғни тканьдардың көмірсутегін жақсы қорытуына көмектеседі. Солар арқылы ақуыз пен майдан түзілетін қант құрамын азайтады. Сонымен қатар инсулин ағзадағы артық қантты (глюкозаны) бауырдағы көмірсутек қорына (гликогенге) айналдырып отырады. Ал глюкагон осы құбылыстарға қарама-қарсы әсер етеді. Сондықтан осы екі гормонның ұйқы безі қызметіне ықпалы зор.Мысалы, инсулин ағзадағы қант деңгейін төмендетеді, ал глюкагон қант деңгейін керек кезінде қалыпты деңгейге көтереді. Сол себептен организмдегі зат алмасу құбылысы осы екі гормонға тығыз байланысты дамып, бір-біріне ықпал жасайды.
Адам өмірі үшін ең бастысы – зат алмасу екені мәлім. Ақуыз бен майлар, көмірсутек тағамның құрамындағы негізгі қоректік заттар болып табылады. Оның ішінде қантқа тоқталсақ, ол – организмдегі зат алмасудың барлық түрінде энергияның көзі. Асқазанға түскен тағамдық заттар – қорыту сөлдерінің ферменттердің әсері арқылы көміртегіне айналады. Ал қант осы көміртегі мен ақуыз және майлардан түзіледі. Қарын мен ішек жолдарына жиналған қант (глюкоза) ішектің кілегей қабығы арқылы сорылып қанға араласады да бауырға түсіп, қорға айналады.
Дені сау адамның қанында қант деңгейі 3,3-5,5 ммоль/л мөлшерін ұстап тұрады. Міне, осы көрсетілген деңгейден қанттың мөлшері көп ауытқыса немесе төмендесе, адам организмінің өмірлік қызметіне айтарлықтай нұқсан келеді. Яғни орталық нерв жүйесіне, мидың жұмысына, жүректің, көздің, бүйректің, қантамырлардың қызметіне салмақ түседі.Қант диабетінің басты белгілері: денеге күш-қуат беретін негізгі гормонның азайып әрі әсерінің әлсіреуі қан құрамында қант (глюкозаның) мөлшерінің артуын туғызады; қант диабетіне шалдыққан адамның ауыз қуысы құрғап, суға деген құмарлығы артады; жұмыс істеу қабілеті төмендеп, тамаққа тәбеті артады; жүрек, бүйрек, көз және аяқ, қол қантамырларында қанайналымының бұзылуынан жиі-жиі басы ауырып, жүрегі қағады; қан қысымы тұрақсызданады; аяқтың башпайлары, қолдың саусақтары ұйып, жансызданады; ұйқысы бұзылады; көздің алдында маса жүргендей қара дақтар көлбеңдеп, тез шаршайды; көздің көру қабілеті төмендеп, аяқ, қол терілері қышиды.Енді қантты диабетте берілетін тағамдарға тоқталайық.
Біздің тамағымыз көміртегі, май, ақуыз, витаминдер мен минералдық заттардан тұрады. Көміртек пен май организм үшін қуат көзі. Сондай-ақ май А,Д, Е және К секілді витаминдердің қоры. Ал ақуыздар құрылыс материалдары іспетті. Ақуыз негізінен ет, балық, сүзбе, ірімшік, жұмыртқада көп болады. Көміртектер кондитерлік заттарда, нан, дәнді дақыл, жеміс-жидек, сүттен жасалған өнімдерде мол. Дені сау адамда көміртек мол болуына асқазан асты безі жасайтын инсулиннің ықпалы ерен.
Қант диабетімен сырқаттанған жағдайда көміртектің организмде бірқалыпты деңгейде болғанын қадағалау шарт. Тәулігіне қаншама тамақ жеу қажеттігін адамның энергияға тәуліктік сұранысымен тікелей байланыстырған дұрыс. Ересек адамдарда бұл дененің көлеміне, істейтін жұмысының ерекшелігіне байланысты. Салмағы артық адамдар одан құтылуға тырысқаны жөн. Олардың энергияға күнделікті сұранысы 1200 ккалдан аспағаны дұрыс.
Ақ нан, макарон өнімдерін барынша аз, ал қияр, қызанақ, баклажан, қарбыз, қырыққабат, шалқан көкөністерін барынша мол жеуге тырысқан жөн. Бұршақ, фасоль, лобия да қан құрамындағы қанттың молаюына еш әсерін тигізбейді. Майлар А, Е, Д сияқты витаминдердің қоры. Олар адамға өте қажет. Майды сүт, ет өнімдері, өсімдік майы, маргарин, жаңғақтар арқылы алуға болады. Жануарлар майының да пайдасы бар, бірақ оны организмнің қорытуы өте ауыр. Майдың өте көп болуы да зиян, оның қалыптан артық болуы организмде инсулиннің бөлінуіне кедергі жасайды. Майды тәулігіне 30 грамнан артық пайдаланбаған дұрыс.
Қантты диабетпен ауырған науқасқа берілетін емдәм құрамында майлар мен қарапайым көмірсулар мөлшері шектеледі, С және В тобы витаминдерінің мөлшері едәуір көбейтіледі. Тамақ ішу режімі күніне 5-6 рет, әр 3 сағат сайын аз-аздан, бөліп-бөліп тамақтану ұйқы безі мен инсулиннің организмде қалыпты жұмыс істеуіне жағдай жасайды. Сондай-ақ тамақты әрдайым бір мезгілде қабылдауды да әдетке айналдырған жөн. Тұзға да абай болған дұрыс. Өйткені оның молаюы организмде ылғалдың көбеюіне, артериалдық қысымның жоғарылауына соқтырады. Дұрыс тамақтану және режимді сақтау қантты диабетпен сырқат адамды емдеудің басты, негізгі түрі.
Науқастың ғұмыр бойы емдәм тәртібін сақтауы шарт. Диетотерапияның қантты диабеттің жеңіл түрінде ғана емдік фактор бола алатындығын назарда ұстаған дұрыс. Ал орташа және ауыр түрлерінде диетотерапия инсулинмен немесе қантты азайтатын пероральдік заттармен емдеуге қосымша ретінде пайдаланылады. Қант диабетінің асқынған түрлері ауруды мүгедектікке әкеліп соқтырады. Тіпті дер кезінде емделіп, күтінбеген жағдайда өлімге жеткізуі де ықтимал. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деп қазақ бекер айтпаған. Сондықтан өз денсаулығымызға әрдайым сергектікпен қарап, ауырмаудың жолын іздегеніміз абзал.
Толқын Аймаханова,
«Тараз-Болашақ» жоғары медицина
колледжінің оқытушысы,
Тараз қаласы