Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Басқа бәле – қаламнан...

Басқа бәле –  қаламнан...
Ашық дереккөз
«Мамандығы журналист» деген табақтай дипломды алып, «аудандық газет тілшісі» деген куәлікті төсқалтаға салып, айдарымнан жел есіп жүрген кез. Бір күні бөлім меңгерушісі аудандағы алдыңғы қатарлы шаруашылыққа жұмсады. «Материалыңның ішінде сын болсын, бірақ фактілерің шын болсын» деп ескертуді де ұмытқан жоқ.

Жаппарқұлда жан бар ма, көліктен көлікке жармасып жүріп түс ауа әлгі шаруашылыққа әрең жеттім. Егін орағы басталар кез болатын. Барсам, әлгі шаруашылықта бірде-бір комбайн сапқа қойылмаған. Астық пісіп тұр, кей жерінің дәні жерге түсіп тұр. Директормен сөйлестім, агрономмен сөйлестім, инженермен сөйлестім, бригадирмен сөйлестім. Бәрі де бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, «қатырамыз» дейді. Ал шын мәнінде, он екіде бір сайманы дайын емес.Қайтып келдім, көргенімді бастыққа айтып бердім. «Жаз», – деді ол. Жаздым. Мақаламның тақырыбы салақұлаш – «Қатырар ма екен, жоқ әлде шығынға батырар ма екен?». Шекесінде шекірейіп «Сын садағы» атты айдар тұр. Мақала келесі нөмірде жарқ ете қалды. Менің кеудем жоғары. Көшедегілерге «бұл мақаланы жазған мен екенімді білмейсіңдер ғой» дегендей кекірейе қараймын.Жоқ, біледі екен. «Әлгі Көкетай Дөкейбаевты сын садағымен түйреген ана бала» деп сыртымнан әркім-әркімнің қол шошайтқанын арқаммен-ақ сезініп, кеудем көтеріле түскендей.

Бір-екі жүзтаныс кісі: «Жарадың, Бөке! Сойыпсың!» – деп қолымды да қысты. Ол сәттерде сырттай кеудемді тоқпақтап «бұл мен ғой» деп жатпасам да, іштен жүрегім ұрғылап жатты. «Құлды әп-бәрекелді өлтіреді» деген, алдымда не күтіп тұрғанын қайдан білейін мен бейбақ.Үш-төрт күн өткенде іссапардан оралған редактор шақырды. Шынымды айтсам, үлкен бастықтан мақтау күтіп, есіктен батыл ендім. Редактордың қабағы қатулы. Ішім қылп ете қалды.– Мынау сын мақаланы жазған сен бе? – Тұрғызып қойып тергей бастады.– Иә. – Кім жұмсады?Әңгімеден басқа иіс шығады. «Бөлім меңгерушісі жіберді» дейін десем, сатқындық болайын деп тұр. Ал менде ондай әдет жоқ.– Өзім бардым.– Арнайы тапсырмасыз барған екенсің, енді саған арнайы тапсырма. Өткен жолғы барған ізіңмен қайта бар да, Көкетай Дөкейбаевичтен кешірім сұра! Қалған әңгіме келген соң.Көкетай көкемізге барып, «көкетайлап» кешірім сұрадым. Ол кісі керіліп, сөйлеуге ерініп:– Інім, баласың ғой әлі. «Баланың ісі – шала» деген, шалалық болды-ау өзі. Нешауа. Кешірмей басыңды кесіп алар деймісің.

Бірақ сендейлердің тілін кесіп алу керек. Бар, бара бер! Қалекең өзі шешер. «Кешірді» деп айт! – деп шығарып салды. Ызғары жаман. Күн шілде болса да қалтырап, тоңып кеттім.Қайтып келем, Көкетай көкемнің екі сөзіне қуанып келем. Біріншісі – «кешірді деп айт», екіншісі – «нешауа». Өйткені әкем «нешауа десе, қойды қасқыр жемейді» деп отыратын.Редактордан жейтін таяқты жеп, сөгісті мойынға іліп, ортаға сақалын сапситып әкемді салып жүріп әупіріммен аман қалған жайым бар.Міне, содан бері сын атаулыдан аулақ жүремін. Сын мақала жаза қалған жағдайда да сынайтын «объектімнің» ана жақта, одан арғы жақта көкесі жоқ па екен, тіпті осы мақалам өзіміздің басшыларға жақпай жүре ме деп қатты жалтақтаймын. Аузы күйген үрлеп ішеді, оның үстіне күшігінде таланған ит төбет болғанда жалтақ келеді.Бірақ әділетсіздікке жаным қас. Біреу жыласа, қосыла жылайтын әдетім бар. Жуырда сөйтіп, яғни көңілім босап отырып, байқамай бір сын мақала жазып қойдым. Жазайын деген жоқпын, қаламы құрғыр жорғалап кеткенін сезбей қалыппын.Енді қай жағымнан дауыл тұрып, жауын сіркірер екен деп жалтақтап отырмын. Әй, бүйтіп жалтақтаумен өткен күні құрысын да.

Бұл өткен ғасырдың сексенінші жылдарында, компартияның қылышынан қан тамып тұрған кеңестік кезеңде болған оқиға. Одан бері талай су ағып, талай заман өтті. Еліміз егемендігін алып, тәуелсіздігін жариялап, өз қолымыз өз аузымызға жетті. Өз бостандығымыз да, сөз бостандығы да қолда.Дегенмен БАҚ-тың ықпалы баяғыдай емес. Содан кейін бе, газеттерде сын мақалалар жоқтың қасы. Фельетон атымен жоғалған. Өйткені биліктен қолдау шамалы. Қолдағанды айтамыз-ау, сын садағының нысанасына ілінгендерді қорғап, авторға қарсы тас атқылауға дайын. Биліктен қолдау болмаған соң, өзіне-өзі жау тауып алып жыны бар ма журналистердің?! Зәуіде бір сын мақала жаза қалса, сынға іліккен кейіпкері әр сөзінен пәле іздеп сотқа сүйрейтін заман туған.Фактің нақты болса да жең ұшынан жалғасқандар тырнақ астынан кір іздеп, әйтеуір, бір кілтипан таппай қоймайды. «Өз басына пәле тілеп алды» деген осы. Одан да сен жақсы, мен жақсымен нәпақасын тауып жүре бергені дұрыс сияқты.
Әрине, журналистің бәрі жалпақшешей емес. Кейбір көзсіз батырлар «жапа шеккен адамның мүддесін қорғау жолында оққа кеуде тосып жүр. Онысы өте құптарлық. Алла оларды сыбайластардың оғынан сақтасын!Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес жариялап, өзі осы майданның алдыңғы шебінде жүр ғой. Бұл істе оның басты қаруы БАҚ (бұқаралық ақпарат құралдары) болатыны бесенеден белгілі. Сол жолда жеңіске жетейік, алайда абай болайық! Ақты «ақ», қараны «қара» деп, көзге түрткендей көрсете білген де дұрыс.Тек әріптестеріме ескертерім: басқа бәле... қаламнан!

Болат Жаппарұлы,
ардагер журналист

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Жанкештілік
Алдыңғы мақала
Жанкештілік

Ұқсас жаңалықтар