Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жанкештілік

Жанкештілік
Ашық дереккөз
Әлемде мамандықтардың түрі көп. Алайда жағымды жаңалықты жұртшылыққа жылдам жеткізуге асығып, жақсылықтың, ізгіліктің жаршысы болып жүретін жанкешті журналист мамандардың еңбегі қашанда ерен. Журналистикаға негізінен ешнәрседен қаймықпайтын, өзіндік позициясы бар, пікірі қалыптасқан адамдар ғана келеді. Олардың міндеті жаңалықты жариялап, халық арасына таратумен ғана шектелмейді. Жұмыс барысында олар түрлі қиындыққа кездесіп, тіпті құрбан да болып жатады.

Журналист қашанда ел-жұрттың көз алдында, оқиғаның қайнаған ортасында жасындай жарқырап жүріп қауіп-қатерге де жиі ұшырайды. Сондықтан болар, оны әлемдегі ең қауіпті 8 мамандықтың қатарына жатқызады. Мұндай қатерді көбіне зорлық-зомбылық, сыбайлас жемқорлық және адам құқықтарын қорғау деңгейі аса жоғары елдерде өз кәсіби қызметін адалдықпен жүзеге асыратын әскери тілшілер, сондай-ақ журналистер басынан өткереді.Және бұл мамандық иелерінің ықпалды тұлғалар немесе ұйымдар тарапынан қысымға ұшырайтыны жасырын емес.«Журналистерді қорғау комитеті» (Committee to Protect Journalists) халықаралық ұйымының деректері бойынша, былтыр әлем бойынша 99 журналист қаза тапқан. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 44 пайызға артқан. 

Әлемде өзінің дербес ойымен қоғамға өзгерістер енгізген журналистер көп. Соның бірі – Бенджамин Франклин. Ол көпшілікке Америка Құрама Штаттарының негізін қалаушылардың бірі және саяси қайраткер ретінде белгілі, бірақ оның журналистік қызметі туралы білетіндер аз. 1727 жылы Франклин Филадельфияда өзінің жеке баспаханасын ашты. Ол Пенсильвания газетін және 1732 жылдан 1758 жылға дейін жыл сайынғы кедей Ричард альманағын шығарды. Бұл басылымдарда ол өзінің саяси-қоғамдық идеяларын насихаттады. Франклиннің бұқараға ықпалы соншалық, Америка революциясына әкелді.

Хелен Томас – журнаистикадағы гендерлік кедергіні жеңіп, ымырасыз табысқа қол жеткізген жалғыз танымал журналист. Хелен 1961 жылдан бастап Ақ үйде жұмыс істеді және Вашингтон саясатын жазды. 1972 жылы ол Ричард Никсонның Қытайға тарихи сапарына еріп келген жалғыз журналист әйел болды.Журналист кейде тіпті өзі қаламаса да соғыс, қақтығыстар ошағына түсіп, өмір мен өлімнің, от пен оқтың арасында жүреді.

Дүниежүзілік соғыс жылдарында БАҚ-тың рөлі өте зор болды. Мұнда әскери тілшілер мен редакторлар бір қолдарына қару, бір қолдарына қалам алып, жауға қарсы аянбай күресті. Олардың шығармашылығы мен ерен еңбектері зерттеліп, кітап болып шығарылуда. Еліміздің тәуелсіздік алуына, халықтың көзін ашып, экономикасының дамуына үлес қосып, қазақ журналистикасында аты алтын әріппен жазылған қаламгерлер көп. 

Қауіп-қатерге қарамай, мамандығына адалдық таныта білетін  журналистер біздің арамызда да жүр. «Jambyl tv» телеарнасының тілшісі Райхан Иманбаева – коронавирус инфекциясы жөніндегі жергілікті ахуалды тұрақты түрде ақпараттандырған әріптестеріміздің бірі. Алғашында ауру жұқтырып алу қорқынышы болғанын, бірақ оны мамандығына деген жауапкершілігі мен халық алдындағы міндеті босаңсытпағанын айтады.

– Әрине, жалпы халық сияқты біз де дерттің қауіпті екенін сезінбедік. Дегенмен журналист болған соң тереңірек зерттеу жүргізіп, ақпарат жинай бастағанымызда бойымызды үрей билегені рас. Қас пен көздің арасында дерт дендеп келді. Облысымыздан да ауруға шалдыққандар тіркеле бастады. Біз бірақ түсіру тобымызбен тоқтамадық. Ақпараттар тараттық, жиындарға қатысып, ауруханаларды араладық. Жансақтау бөлімдеріне дейін кіріп, науқастардың жағдайымен танысып, дәрігерлермен сұхбаттастық. Дәрі тапшы кезде қоймаларды ақтардық. Отбасымызды ойладық. Бірақ ақпарат таратып, көрерменге карантин талабын түсіндіру керек. Қолымызда микрофонмен қоса бетперде мен антисептик бар. Пандемияның бірінші жылы шапқылап жүріп ауырмадық, бірақ екінші кезеңінде отбасымызбен мұрттай ұштық. Ол кезде тіпті кенже ұлыма аяғым ауыр еді. Алланың қалауымен, жақындарымның тілеуімен аман-есен жазылып шықтым, – дейді ол.

 

Расында да журналистің әр жұмыс күні сан түрлі оқиғаларға толы және оны алдын ала болжау мүлде мүмкін емес. Өйткені өмір жиі тосынсыйлар жасайды, әдеттегі жай сапар сенсацияға айналып кетуі мүмкін. Бұл сала сонысымен қызық әрі сонысымен қауіпті. 


                    
А. Өзбекова
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ардың жүгін арқалаған
Алдыңғы мақала
Ардың жүгін арқалаған

Ұқсас жаңалықтар