Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Салалық басылымның салмағы бөлек

Салалық басылымның салмағы бөлек
Ашық дереккөз
Әр саланың жілігін шағып, майын ішкен майталман мамандар болады. БАҚ өкілдері арасында да бір бағытты тереңірек зерттеп, құнды дүние ұсынатын жандар жетерлік. Алайда «журналист әмбебап болуы керек» деген пікірдің де жиі айтылатыны жасырын емес. Қалай десек те уақыт талабы мен қоғамның сұранысын ескере отырып, оқырманға ой салатын, олжа болатын сапалы дүние ұсынудың маңызы зор. Осы орайда біз өңірдегі салалық басылымдардың жай-күйі туралы жазуды жөн санадық.

«SALYQ TÁRTІBІ»-нің сара жолы

Салалық басылымдардың қатарында өзіндік орны бар республикалық «SALYQ TÁRTІBІ» газетінің жарық көріп келе жатқанына биыл 30 жыл толды. Әрине, бәрі де айтуға оңай. Алайда жоқ жерден газет ашу, оның жұмысын жолға қою, редакция мен баспахана желісін кеңейту үлкен табандылық пен  менеджерлік қабілеттерді талап етеді.  Белгілі журналист, бүгінде үлкен ұжымды басқарып отырған азамат Ғалым Қасабай басылымың тарихы мен алғашқы кездегі қиындықтары туралы әңгімелеп берді. – Ол өзі бір Кеңес одағы ыдырап, еліміз нарықтық экономикаға бет бұрғалы жатқан кезең еді. Қолынан іс келетін, еңбекке икемі бар азаматтар жеке кәсіп ашып, ауылдағылар жеке шаруашылық құрылымдарын ұйымдастырып жатты. Қалада шағын және орта бизнестің іргетасы қаланды.

Қай мемлекеттің де тірегі – салық түсімдері. Әлгіндей жеке кәсіпке келіп жатқан жерлестер мемлекетке салықты қалай төлейді, Салық кодексінің талаптары қандай? Осыны жете насихаттап, түсіндіретін дербес басылым ауадай қажет болды.Сөйтіп, әрі ойланып, бері ойланып облыстық салық басқармасының бастығы Камлет Бейісовқа барып, ойымды айтып, ұсынысымды жеткіздім. Өңірдің бас салықшысы газет ашу туралы ұсынысымды бірден қолдап, мүмкіндігінше көмектесетінін айтты. «Мұндай дербес басылым бізге ауадай қажет. Біздің қызметкерлер жеке тұлғаларға салық ережелерін түсіндіретін мақалаларын облыстық немесе аудандық газеттерге шығаруда қиналып жатады. Сондықтан өзіміздің басылым болса ғой деп мен де ойлап жүруші едім», – деді ұсынысымды толықтыра түсіп.

Облыстық салық басқармасы басшысы қос қолын көтеріп қолдап отырған соң не тұрыс, бірден Алматыға, Ақпарат министрлігіне тіркетуге бардым. Министр Алтынбек Сәрсенбаев та бастамамды қолдап, тіркетіп берді. 1994 жылдың 22 наурызында  «SALYQ TÁRTІBІ» газетінің бірінші нөмірі 10 мың таралыммен облыс аумағына тарады, – дейді Ғалым Иенбергенұлы. 


 Ел тәуелсіздігін жариялаған соң іле-шала, 1991 жылғы 25 желтоқсаннан бастап елімізде салық жүйесі жұмыс істей бастады. Ол «Қазақстан Республикасындағы салық жүйесі туралы» Заңға негізделді. Осы заңға сәйкес, 1992 жылғы 1 қаңтардан бастап 13 жалпы мемлекеттік салық, 18 жергілікті салық пен алым енгізілді. 1995 жылғы 24 сәуірде «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Заң шықты. Осы заң және кейіннен Салық кодексі талаптары мен ережелерін түсіндіруде, насихаттауда «SALYQ TÁRTІBІ» газетінің рөлі зор болды. Редакция оның әр тарауын, әр бабын оқырманға түсіндіруде салық басқармасы мен бөлімдерінің қызметкерлерінен бөлек, қаржы саласының тәжірибелі қаржыгерлерін де тарта білді.  Кәсіпкерлер тарапынан газетке деген қызығушылық артып, басылымның таралымы жыл сайын артып отырды. Тіпті шағын және орта бизнесте еңбек ететіндер де өздерінің жазғандарын редакцияға жолдап немесе арнайы алып келетін болды.

Алғашқы жылдары аптасына 8 бет болып жарық көрген «SALYQ TÁRTІBІ» Салық кодексіне түзетулер мен өзгертулер енгізілген кезде 32 бетке дейін жарық көретін. Тіпті іргелес жатқан Түркістан, Алматы және Қызылорда облыстарының салық басқармаларының басшылары да «біз де құрылтайшы болайық» деген ұсыныспен шықты. Содан, газет аймақтық басылым болып қайта тіркелді. Әр облыстан меншікті тілшілер тағайындалды. Тақырыпты жан-жақты қамтып жазудың нәтижесінде бүгінде газет таралымы 15 мыңға жетті. Редакция Тараз қаласының орталығында үш қабатты жеке ғимаратта орналасқан. Тағы бір айта кетерлігі, газет редакцияның  өз баспаханасында теріліп, беттеліп басылады. Бүгінде іргелі шығармашылық ұжымда 50-ге жуық журналист, 10 баспахана қызметкері еңбек етуде. 

ҰСТАЗДАР ЖАРШЫСЫ

Бүгінде облыста білім саласына арналған бірнеше газет-журнал жарық көреді. Дейтұрғанмен әр басылымның өз оқырманы бар. Біз осы мақаланы жазу барысында «Педагог тәлімі», «Педагогикалық инновациялар» атты журналдардың бас редакторы Гүлнар Есмахановамен жүздесіп, сұхбаттастық. Гүлнар Жанкеқызы – қашанда тынымсыз ізденіс үстінде жүретін жан. Өзі зейнет жасында болса да қол қусырып қарап отыруды білмейді. Қашан көрсек білім ошақтарында өтетін іс-шаралардың бел ортасынан табылып, жағымды жаңалықтармен бөлісіп отырады. Тіпті әлеуметтік желіде де белсенді.  Бастапқыда жеткіншектерге арнап «Балалық шақ» атты балалар газетін ашқан ол кейін салалық журналды жолға қоюды жөн санайды.  

Оған негіз де жоқ емес. Кейіпкеріміз 24 жыл бойы Сарысу ауданындағы М.Әуезов, Ю.Гагарин атындағы орта метептерде ұстаздық еткен.  «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері. Әрі ҚР Журналистер одағының мүшесі. Бір сөзбен айтқанда, педагогика саласының қыр-сырын бір кісідей біледі. Оның үстіне бала күннен бергі журналист болсам деген арманы оны бір сәтке де тыным таптырмай, өзінің сүйікті кәсібімен айналысуға жетелей береді. – Сонау бала күнімізден қолымызға газет алып, оқып өстік. Соның әсері ме екен, түбі журналист боламын деп ойлайтынмын.

Өсе келе, ұстаздық жолды таңдадым. Білім тақырыбында қалам тербеп жүргенімізге де  жиырма жылдан асыпты. Ұстаздардың мақалаларын топтастырып, саладағы жаңалықтармен бөлісіп, басылымды халыққа ұсынып отырмыз. Рас,  соңғы жылдары екінің бірі газет-журнал ашып кетті. Кейбірі жылға жетпей жабылуда. Министрліктен рұқсаты бар, тексерілген журналдарға ғана мақала берген жөн. Өйткені кей жағдайда сол мақалалар партфолиодан өтпей жатады.Салалық журналистиканы дамыту – заман талабы.  Бүгінде телеарналар мен басылымдардағы атыс-шабыс, тұрмыстық зорлық-зомбылық, жол-көлік оқиғалары, бұдан басқа түрлі сұмдықтар  туралы материалдар  жұртты мезі етіп бітті. Ендігі кезекте бағытты мәдениет, білім, экономика, қаржы салаларын кеңінен ақпараттандыруға бұру қажет деп ойлаймын.  Яғни осы салада қаузап жазатын мамандар керек. Журналистен әмбебаптылықты күту дұрыс емес.  

Әр салаға машықтанған журналистер қажет. Бірі  ауылшаруашылығын тереңінен қаузаса,  екіншісі ғылым мен білімді қозғасын. «Көтере алмайтын шоқпарды белге байламау» керек. Кейде техникалық немесе құқықтық тақырыптарда жазылған мақалаларды оқысаң күлкің келеді. Спорт тақырыбы да өзгеше. Оны да саланы жете түсінетін, әрбір додаларға, жекелеген атлеттер мен командалардың әлеуетіне  талдау жасай білетін адам жазу керек.Шетелде бір салаға маманданған журналистердің беделі биік. Себебі олар университеттен солай оқып келеді. Бірі кәсіпкерлік, бірі медицина тақырыбын жазуға машықтанады. Бір тақырыпты жалпылама жеткізгеннен гөрі, оны  зерттеп жазсаң мақалаң да оқылымды болады. Мысалы, менің таңдаған салам – білім. Сондықтан да білім саласы  менің қолымнан келетін,  қаузай алатын тақырыбым деп білемін, – дейді Гүлнар Жанкеқызы. 

«ЖАМБЫЛ-СПОРТ» НЕГЕ ЖАБЫЛДЫ? 

Расында да салалық журналистиканы дамытудың маңызы зор. Өйткені басылым идеологиялық құрал ретінде кез келген саланың тамырын тап басып, өзекті мәселелердің оң шешімін табуына өз сепігін тигізеді. Олай дейтініміз, кезінде «Жамбыл-Спорт» газеті арқылы бұрын-соңды жазыла бермейтін тақырыптармен таныстық. Мысалы, волейбол, акробатика, көркем гимнастика сынды спорт түрлерінің қыр-сыры мен оның облыстағы даму деңгейі туралы осы басылымнан оқығанымыз бар. Көптеген жаңа есімнің жарқырап көрінуіне де «Жамбыл-Спорт» жол ашты. Дегенмен он жылға жуық оқырманмен қауышып келген газет жабылып тынды. Осы орайда біз аталған басылымды басқарған белгілі журналист Марат Ахметовті әңгімеге тартқан едік. 

– Кезінде бұқараны спортқа тартудың барша амалын жасадым. Шынын айту керек, газетті ұстап тұратын жазылым мен мемлекеттік ақпараттық тапсырыс. Өкінішке қарай, мен ұсыныс пен қолдау таппадым. Бұл облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасының төл басылымы еді ғой. Тіпті кезінде бірлесіп кітап та шығардық. Ал қазір жағдай басқаша. Облыс басшылығы тарапынан оң көзқарас болса, әлі де «Жамбыл-Спорт» газетін жалғастырсам деген ойым бар. Басылым арқылы денешынықтыру саласын дамытуға болатынын көрсеткім келеді. Өйткені оның жолдарын, механизмін бір кісідей білемін. 

Еуропада, Америкада спортшының өмірі, клубтың мән-жайы қоғам назарында. Бір-бір журналды құшақтап, олар туралы білуге құмартады. Бізде ондай жоқ. Өйткені спортта құпия нәрсе көп. Спортшыларымыз жарысқа барып жатады. Бірақ нәтиже жоқ. Міне, мұның бәрі де қоғамның бақылауында болу керек. Ал ол газет арқылы бақыланады. Жамбылдық спортшылар туралы  ел іздеп жүріп  оқитындай етуіміз үшін газетті қайта ашуымыз керек. Бұл сала солай дамиды. Грек-рим күресінен Жақсылық Үшкемпіровтен кейін ешкім Олимпиада жүлдесін алмады. Бокстан Бахтияр Артаевтан кейін алтын медальға қол жеткізген жан жоқ. Одан беріде жиырма жыл уақыт өтіпті. Құр сөзбен айтамыз. Жұмыс істемейміз. Ал «сен тұр, мен атайын» дейтіндей қаншама сайыпқыран саңлақтар жүр. Тек соларды жақсылап көрсетуіміз  керек. Спорт саласына бүкіл ғұмырын сарп еткен ақсақалдардың ақыл-кеңесін тыңдау қажет. Ғылымды спортқа енгізу деген нәрсе бар. Жамбыл спорты одан да қалыс қалып қойды. Салалық газеттің осындайда көмегі көп болатын еді. Басылым арқылы денешынықтыру мен спорт саласын, саламатты өмір салтының басым қырларын кеңінен насихаттауымыз керек, – дейді  Марат Мекемтасұлы.


Рас, елімізде мәдениет, саясат, экономика, білім тақырыбы бойынша қалам тербейтін журналист көп. Десек те медицина, қаржы, ғылым мен технология, IT саласы, спорт жайлы жазатындар аз. Сондықтан да салалық журналистиканы дамыту қажет деп ойлаймыз. Жылдар бойы бір тақырыпты терең зерттеп, аналитикалық талдау жасай алатын, оны тарқата жаза білетін әріптестердің  оқырмандары да  аз болмайтындығы сөзсіз.


 
Эльмира Байназарова
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар