Мамандықты біз, яғни жас түлектер дұрыс таңдай білуіміз қажет деп есептеймін. Өйткені мамандық таңдау – өміріңнің, болашағыңның айнасы, бағдары. Себебі сол арқылы алған білімің, жиған тәжірибең бойынша еңбек ету – өмірлік азығың. Адам өз ісінің білікті маманы болу үшін өзіне лайықты мамандықты таңдауы керек.Сонда ғана біздің болашағымыз айқын болмақ. Қазіргі таңда мамандың таңдаудан қиналып жатамыз. Себебі осы күні мектеп бітіруші түлектер болашақта қаржылық жағдайын жақсартуы мүмкін мамандықтарды таңдап жатады. Неліктен десеңіздер, студент жоғары оқу орнын бітіріп, диплом алған соң жұмысқа тұрады.
Содан соң «ең жоғары жалақыны аламын» деген ойдың жетегінде жүреді. Бұл мамандық таңдауда қателесудің бір себебі. Тағы да айта кететінім, жастар материалдық тұрғыда өздері қалаған мамандықтарына жағдайлары жетпей жатады. Соның салдарынан әке-шешелерінің мойнына ауыр жүк түсіргісі келмегендіктен «грант ұтып алсақ болды» деп, өздері қаламаған мамандыққа қадам басады. Ал кейбір балаларға ата-ана жағынан қысым болуы мүмкін.
Қандай жағдай болса да жас түлек әрдайым жүрек қалауын тыңдағанды естен шығармауы керек. Өйткені мамандық таңдаудан қателескен адамның өмірінің жартысы босқа өтуі мүмкін. Мұндай жағдайда оны ойлап ешкім басын қатырмайтыны анық. Бәрі тек ақыл айтуға келгенде ғана шебер болуы мүмкін, ал шын мәнінде, өзі сүрінген адамның иығынан сүйеп, демеу көрсету – қазіргі заманда орындала бермейтін жайт. Расында, мамандық таңдаудан қателескен адамның өмірлік мақсаты күйрегендей күйзеліс сезімінде қалып қоюы ықтимал.
Жан қалауымен оқуға түскен студент сүйікті ісімен, болмысына бейім жұмыспен айналысатыны белгілі. Ал Қазақстанның дамуы үшін білікті мамандар осындай ортадан шығады.
Қорыта айтқанда, құрдастарыма айтар кеңесім, адам әрдайым жүрек қалауын тыңдағаны дұрыс. Еш қиындыққа қарамай, өзің қалаған мамандықты игеруге тәуекел етіп үйренуің керек. Мақсатқа әрдайым жетуге болады, егер де ол айқын болса.
Кәусар Шаймерден,
Т.Акимов атындагы
орта мектептің
11-сынып оқушысы,
Жуалы ауданы,
Тасбастау ауылы