
Іс-шараны аудандық жастар ресурстық орталығы және Шақпақ ауылдық округінің жастармен жұмыс жөніндегі маманы Қазыбек Тілембай бірлесе ұйымдастырды.
«Ақсүйек» – халқымыздың көне дәстүрлі ойындарының бірі. Ол тек қана көңіл көтеру үшін емес, жастарды шыдамдылыққа, жылдамдыққа, тапқырлыққа және бірлікке баулу үшін ойналған. Кешкілік ауыл жастарының басын қосатын бұл ойын бүгінде жаңаша сипат алып, танымдық әрі тәрбиелік мәні бар жарыс ретінде ұйымдастырылып жүр.
Шақпақтағы іс-шарада осынау игі дәстүр өз жалғасын тапты. Ұлттық ойынға барлығы 7 жұп қатысып, өзара бақ сынасты. Орталық стадион аумағына 10 сүйек жасырылды. Әр сүйекте 3 түрлі сұрақ жазылған. Олар – логикалық тапсырмалар, қазақтың ғашықтық жырларына қатысты сұрақтар және Қазақстан Республикасы туралы танымдық сауалдар.
Қатысушылар жасырылған сүйектерді тауып, ондағы қойылған сұрақтарға дұрыс жауап беру арқылы ұпай жинады. Әрбір дұрыс жауапқа бір ұпайдан берілді.
Жарыстың шымылдығын аудандық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Нұртілеу Төрен ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде: «Ұлттық ойындар – халқымыздың рухани қазынасы. Жастардың қызығушылығын арттырып оларды бірлікке, намысқа және ұқыптылыққа баулитын осындай іс-шаралар жиі ұйымдастырылуы керек. Бұл ауданымыздағы жастар саясатының дұрыс жолға қойылғанының бір айғағы» деп атап өтті.
Ойын ережесімен танысқан соң қатысушылар сүйектерді іздеуге кірісіп, тартысты бәсеке басталды. Бірі жылдамдығын, бірі тапқырлығын көрсетіп, әр жұп ұпай жинауда барын салды. Әрбір дұрыс жауап жастардың білімін, ел тарихы мен әдебиетіне деген ықыласын айқындағаны анық.
Жарыс қорытындысында І орын «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» (Шақпақ ауылдық округі), ІІ орын «Еңлік-Кебек» (Ақсай ауылдық округі), ІІІ орын «Қыз Жібек-Төлеген» (Шақпақ ауылдық округі) тобына бұйырды. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен арнайы диплом табысталды. Қалған қатысушылар да назардан тыс қалмай, олар ұйымдастырушылар тарапынан алғыс хаттарға ие болды.
Шақпақтағы бұл бастама жас ұрпақтың жүрегіне ұлттық ойындардың мәнін терең сіңіріп, халықтық дәстүрдің жалғасын табуына жол ашты.
Ақжан ІЛИЯСҰЛЫ,
Шақпақ ауылдық округі