
Қастерлі қара шаңырақ – Қазақстан аумағында ең бірінші болып тәуелсіз жастардың үнін жеткізген бұл басылым өңірлік болғанымен, жалпы ел жастарының мүддесі жолында өз биігінен түспей келеді. Еліміздің басты қазынасы оның халқы екені сөзсіз, ал сол қазынаның құнын еңбегімен еселеп арттырып, бастамаларымен бағасын тасытып, абыройын асқақтатып жүрген жастардың орны қашанда бөлек.
Ардақты Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болса, «АR-AI» газеті ел егемендігін алып, еңсе тіктеген жылдары тәуелсіз қазақ жастарының қайраты, қуаты мен жігеріне айналды. Биыл туғанына 180 жыл толған рухани абызымыз, хакім Абайдың «Жастықтың оты жалындап, Жас жүректе жанған шақ, Талаптың аты арындап, Әр қиынға салған шақ» деп, ақыл кенінен анықтама үлестіріп, ел үмітін үстемелеген өсиетіндегідей, жастар басылымы талап пен талантты қос қанатына айналдырған талай жастың шырағын жақты, шуағын шашты. Билік пен бұқараның, келешек пен кешегінің, тарих пен болашақтың асқақ алтын көпіріне айналды. Ауыл баласы мен қала баласының арасын жақындатты, шалғайда шаң кешіп жүрген жас пен шаһарда шаруасын ширатып тірлік кешкен замандастарының байланысын нығайтты. Жиырма көктем, жиырма жазды жастармен бірге қарсы алып, төрт мезгілді төрт құбылаға бірге шығарып салып келеді. «Қара шаңырақтың иесі – кенже бала» деген қазақи ұстанымды ұлағаттап, отбасының, ауылдың, ауданның, аймақтың, Отанның иесі жастар екенін түсіндіруден бір сәт жалыққан емес. Керісінше жігерін жанып, қайратын қомдап, қажырын қанаттандырып келеді.
«Шын мәнінде, кез келген мемлекетті тұрғындарына қарап бағалайды. Яғни, біздің қандай ел боларымыз өскелең ұрпаққа байланысты. Сондықтан жастарымыз отаншыл, білімпаз, еңбекқор, үнемшіл, әділ әрі жанашыр болуы қажет. Жастар спортпен, дене шынықтырумен айналысуы керек. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Осы құндылықтарды барынша насихаттап, тарату қажет. Сонда жеке адамның қасиеті тұтас ұлттың қасиетіне айналады. Мен сіздерді жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге шақырамын. Ұлы Абай айтқан бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық болыңыздар. Сіздер дәріптеген құндылықтар қоғамда тез орнығады. Сіздер қолдаған өзгерістер жылдам жүзеге асады», – деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айрықша атап өткендей, киелі өңірде кіндік қаны тамып, боламын деген баланың белін буған басылым күні бүгінге дейін жастармен бірге жарқырап жарық көріп келеді.
Осыдан жиырма жыл бұрын аталған басылымның тіпті, тұрақты мекенжайы да болған жоқ. Соған қарамастан жастардың жүрегінен ойып тұрып орын алды. Жиырма жыл бұрын ешқандай материалдық-техникалық базасы болмаса да әрбір ауылдың жастары апта сайын асыға күтетін сүйікті хабаршысына айналды.
Қазіргі таңда басылымның тыныс-тіршілігі де, алған бағыты да оқырмандардың талғамына сай жылдармен жарысып, оқ бойы озып, алда келе жатқаны қуантады. Бүгінде басылым аймақтағы ақпарат айдыны, баспасөзінің жүрегі – «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қарамағында абыройы асқақтап, жақсылықтардың жаршысындай жарық көріп келеді. Былтырдан бастап басылымға жазылу заманауи талапқа сай түрленіп, смартфондардағы банк қосымшаларына бірінші болып енгізілді. Газеттің әрбір маңызы жоғары мақалалары мен ақпараттарының бейнематериалдарын QR кодтар арқылы көру мүмкіндігі де қарастырылған. Бір сөзбен айтқанда, газетті қолына алған кез келген оқырман аймақтың барлық тіршілігімен бір сәтте тыныстап, болашағын бағдарлап, тарихы мен тағылымынан ой түйе алады. Әрбір жастың шығармашылығын көзінің қарашығындай сақтап, шыңдап, дарынын дамытуға айтарлықтай атсалысып келе жатқан басылым өзінің атауындағы ақиқат: «ар алдында айдай жарқырап жүру» ұстанымын қастерлі қағидаға айналдырды.
Хакім Абай «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деп бекер айтпаған. Ұлы ойшылдың бұл өсиеті бүгін де өзекті. Ел жастары – көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, жасампаз азаматтар.
Кешегі ұлан-ғайыр Ұлы далада байтақ еліміздің баянды болашағы үшін бабаларымыз бөрілі байрақ қолға алып, хандықтың қазығын қақса, «АR-AI» газеті бүгінгі ел жастарының, сол текті бабалар ұрпағының «Ар туына» айналады деген сенімдемін. Ел үмітін үкілеген сол «Ар туы» арқылы аймақтың ғана емес, Алаш жастары болашақтың төріне еркін кіріп, соңынан халықты да ерте біледі деген ойдамын. Жүз жылда да жастардың жүрегі болып, жаңғырығы шындыққа айналар басылым болсын! Жасай бер, жастардың жаршысы!
Данияр АСҚАРҰЛЫ,
«AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі
серіктестігінің бас директоры