Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Талпыныс табысқа жетелейді

Талпыныс табысқа жетелейді
Ашық дереккөз
Осыдан бірер жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстанда ешкімнің құқығы шектелмеуі керек», – деп, ерекше күтімді қажет ететін жандарға ыңғайлы орта қалыптастыру қажеттігін тапсырған болатын. Президент тапсырмасы аясында облыста қандай жұмыстар атқарылды? Өңірдегі мүгедектігі бар жандарды қоғамға бейімдеу, оңалту шараларын жүргізу қарқыны қандай? Осы орайда облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесовпен хабарласқан едік

Ресми көрсеткіштерге сүйенсек, аймақ бойынша 45 715 мүгедектігі бар адам тіркеліпті. Оның ішінде І топтағылардың саны 4 424 болса, ІІ топтағылар – 16 756. Ал ІІІ топқа жататын 17 636 азамат бар екен. Әулиеаталық тұрғындардың ішінде 6 899-ы 18 жасқа дейінгі мүгедектігі барлар санатында болса, бұл облыс халқының 3,7 пайызын құрайды.– Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жалпы үш бағыт бойынша жұмыс атқарады.

Атап айтқанда, халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау және мүгедектігі бар жандарға көмектесу. Басқарманың сан салалы жұмысының негізгі бағыттарының бірі – мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік оңалту шараларымен қамтамасыз ету. Мүгедектігі бар адамдар үшін өмірде кездесетін қиыншылықты жеңіп шығу оңай емес. Сол себепті де мемлекет тарапынан олардың әлеуметтік мәртебесін көтеру, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын түзеу, қоғамдық ортаға бейімделуіне жағдай жасау бағытында арнайы шаралар жүзеге асырылуда. Олардың өзін-өзі қарап-күтуіне, өз бетімен өмір сүру мүмкіндігіне қол жеткізуіне немесе отбасылық және қоғамдық өмірдің үйреншікті жағдайларына қайта оралуына жағдай жасауда арнайы оңалту құралдарының маңызы айрықша.

Қазіргі таңда мүгедектігі бар адамдарға және өзіне-өзі қызмет ете алмайтын, өзге адамның көмегіне мұқтаж қарттарға қызмет көрсететін 7 стационар жағдайындағы, 9 жартылай стационар жағдайындағы орталық бар. Барлық оңалту және бейімдеу орталықтары басқармаға қарайды. 7 стационар жағдайындағы орталықтың 4-еуі қарттар мен І,ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтарға арналған орталықтар, екеуі 18 жастан асқан жүйке ауруына шалдыққандарға арналған және біреуі 3 жастан 18 жасқа дейінгі ақыл-есі кем балаларға арналған орталық. Аталған медициналық-әлеуметтік мекемелерде 1 202 төсек-орын болса, орталықтарда 1 167 адам толық мемлекет қамқорлығына алынған. Ал 9 жартылай стационар жағдайындағы мүгедектігі бар адамдарды оңалту және бейімдеу орталықтарында қазіргі уақытта 623 адамға қызмет көрсетілуде, – деді басқарма басшысы Еркін Келесов.

Жарымжан азаматтарды қажетті арнайы оңалту құралдарымен және арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз ету жұмыстары автоматтандырылған түрде бүгінгі таңда «Әлеуметтік қызметтер порталы» ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі. Әлеуметтік қызметтер порталы – әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесінің бір бөлігі. Өйткені мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсетуде олар оңалту құралдары мен қызметтерді тікелей жеткізушілерден өз таңдауы арқылы дербес сатып алса, сол әділетті болады.

Мүгедектігі бар адамдар аталған портал арқылы техникалық оңалту құралдарының барлық түріне және мемлекеттік мекемелердің арнаулы әлеуметтік қызметтеріне тапсырыс бере отырып, өз қажеттіліктерін ешқандай мекемеге бармай-ақ шеше алады. Әлеуметтік қызметтер порталы оңалту құралдары мен қызметтеріне тең қолжетімділікті, үйден шықпай-ақ «бір терезе» қағидаты арқылы уақытылы әлеуметтік көмек көрсетуді, сондай-ақ жеке қажеттіліктерді, жеткізушілер, әлеуметтік қызметкерлер мен мамандар туралы мәліметтерді есепке алуды қамтамасыз етеді. Бұл адал бәсекелестікті арттырып, әлеуетті өнім берушілердің оңалту құралдары мен қызметтерін іске асыруға қатысуының ашықтығына қол жеткізуде таптырмас тетік болып отыр. Ерекше қажеттілігі бар адамдар өзінің жеке оңалту бағдарламасында көрсетілген оңалту құралдары мен қызмет түрлерін электронды форматта дербес, өзі қалаған өнім берушіден ерікті түрде таңдай алады. 

– Биыл мүгедектігі бар адамдардың жеке абилитациялау және оңалту бағдарламаларына, яғни сурдо-тифло құралдарға, санаторлық-курорттық және протез-ортопедиялық бұйымдары мен кресло-арбаларға 4,3 миллиард теңге бөлінді. Ал әлеуметтік қызметтерге, яғни жеке қызметші қызметі, ымдау тілі маманы, үйде көмек және гигиеналық құралдар бойынша 2,2 миллиард теңге қаржы бөлінген. Өткен жылы басқармаға қарасты 12 медициналық-әлеуметтік мекемелерде 1 291 адамға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілді.

Атап айтқанда, 3 стационар жағдайындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында 755 мүгедектігі бар адам, 9 жартылай стационар жағдайында мүгедектігі бар адамдарды және балаларды оңалту және бейімдеу орталықтарында 536 азамат аталған қызметтерді пайдаланды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады. Сонымен қатар мемлекетіміздің қолдауының нәтижесінде соңғы жылдары арнаулы әлеуметтік қызметтердің көлемі мен сапасын жақсарту мақсатында қызметтерді ұсынатын мекемелердің желісін дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы Сарысу ауданында сыйымдылығы 25 орындық мүгедектігі бар балаларды оңалту және бейімдеу орталығы ашылса, Тараз қаласында 150 орындық оңалту және бейімдеу орталығының құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Бүгінгі таңда орталықтың қызметін 140 азамат қолдануда.

Онда бассейн, арнайы ванналар, спорт және мәдени іс-шаралар өтетін мәжіліс залдары бар. Тіпті еңбек терапиясының көптеген түрі қарастырылған. Мысал келтірсек, тігін тігу, тоқу, дәнді дақылдармен сурет салу, ағашпен ұсталық жұмыстар жасау, өзіне-өзі қызмет жасау бөлмелерімен жабдықталған, – дей келе, Еркін Келесов «Әлеуметтік кодекс» жобасы аясында ашылған аутизм орталықтарының жұмысына тоқталды. 

– Аутизм орталығы өткен жылы өңірімізде ашылды. «Қазақстан халқына» қорының демеушілігімен салынған орталықта 18 жасқа дейінгі 120-ға жуық ерекше балаға күтім көрсетіледі. Онда ава-терапия, музыкалық терапия, бейімделген және емдік денешынықтыру, еңбек терапиясы, бағдарлау бойынша білім беріледі, әрі тегін жүргізіледі. Бұрын орталық болмағандықтан аутист балаларды қоғамға бейімдеу үшін арнайы әлеуметтік жобалар, оқыту курстары жүзеге асырылды. Оған бюджеттен арнайы қаржы да қарастырылды. Орталыққа қатысты соңғы деректерге сүйенсек, қазіргі таңда 110-ға жуық бала ем алуда.

Әлі 10 балаға орталықта қызмет көрсету мүмкіндігі бар. Ашығын айту керек, орталықтың қызметіне көбіне қалалықтар жүгінеді. Ал шалғай ауылдағы аутист балалардың жергілікті мамандар қызметіне жүгінуде кезек күтіп қалу мәселесі әлі де бар. Десек те, сөз басында атап өткенімдей, арнайы оқыту курстарына негізделген әлеуметтік жобалар жалғасып жатыр. Ауылды жерде осы мәселені басынан өткізіп, мүгедектігі бар жандарды қоғамға бейімдеп, оңалтуда көмек қолын созуға ниетті жандар болса, біз оқыту курстарын ұйымдастырып, жолға қойылған әлеуметтік жобаларға жан бітіруге дайынбыз. Өйткені біз үшін мүгедектігі бар азаматтардың, көмекке мұқтаж қарттардың мәселелері басты назарда. Осы мақсатта тек қаламыздағы аутизм орталығы ғана қызмет көрсетіп жатыр деп түсіну – қате. Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінде мүгедектігі бар азаматтар қатарынан штаттан тыс кеңесшілер тағайындалып, жұмыс атқаруда. Бұл мәселені түбегейлі шешудің жолы болмаса да, жеңілдетуге септігін тигізетіні сөзсіз, – дейді Еркін Келесов. 


Айта кету керек, осы жылы Тараз қаласында «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығын» ашу жоспарланып, ол сәтімен жүзеге асты. Мекеме зейнет жасындағы азаматтарды қайта әлеуметтендіру үшін қолжетімді жағдайлар жасап, оларға әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық қызметтер көрсетеді. Ал жақында Таразда ашылған 150 орындық облыстық әлеуметтік оңалту орталығында мүгедектігі бар азаматтарды оңалту мен бейімдеудің толық жүйесі құрылып, оларды қоғамға әлеуметтендіру, жан-жақты әлеуметтік-медициналық, психологиялық және еңбекке баулу арқылы кешенді оңалту көмектері замануи оңалту құрылғылары арқылы көрсетілуде.

2021-2023 жылдары оңалту орталығында мүгелектігі бар 881 азамат оңалту шараларымен қамтылса, жаңадан ашылған орталықта жылына 1 мыңнан астам азаматтың оңалту шараларынан өтуіне мүмкіндігі бар.Мүгедектігі бар азаматтар әрдайым қоғам назарында. Аймақтың оларға қолайлы болуы үшін әрдайым мониторинг жұмыстары жүргізіледі. Басқарма басшысының айтуынша, қай жерде қандай жағдай жасалуы, қолайлылық болуы тиіс деген сұрақтар төңірегінде мәселені саралап, шешімін табу мақсатында арнайы интерактивті карта әзірленген. Қазіргі таңда мониторинг жұмыстарын тек бір басқарма ғана емес, сонымен қатар Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің облыс бойынша департаменті де тұрақты түрде жүргізіп отырады екен. 

– Мүгедектігі бар адамдардың жүріп-тұруына бейімделген объектілердің үлесін арттыру жыл сайын жоспарға сәйкес жүзеге асып отыр. Нақтырақ айтсам, «Өзгеру жолы: әр азаматқа лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша 2023 жылы Тараз қаласы мен аудандарда 259 нысанды бейімдеу жоспарланған еді. Нәтижесінде өңірдегі 259 нысан бейімделуден өтіп, 60 пайыздық меже толық орындалды.

Меніңше, бұл жаман көрсеткіш емес.Ал 2024 жылы бейімделген объектілердің үлесі шамамен 80 пайызды құрауы мақсатты түрде жоспарланып отыр, – деді Еркін Егембердіұлы. Иә, елімізде ерекше қажеттілігі бар азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетіліп, кедергісіз орта қалыптасуы үшін жағдай жасалуда, жұмыс орындары да көптеп ашылуда. Расында, кез келген мүгедектігі бар тұлға еңбек етуге, кәсіппен айналысуға құқылы.

Ал мемлекеттің міндеті – осы тұрғыда оларға көмек беру. ҚР «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңының 27-бабы бойынша, жергілікті атқарушы орган ауыр жұмысты, еңбек жағдайы зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есептемегенде, халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган екіден төрт пайызға дейінгі мөлшерде мүгедектігі бар жандарды жұмысқа орналастыру үшін квота белгілейді.

– Біздің салада кез келген күрмеулі мәселенің шешімін табуда арнайы әлеуметтік жобалар оң ықпалын беруде. Мәселен, мүгедектігі бар, ерекше азаматтар үшін қоғаммен байланыста болуы, бейімделуі маңызды. Сондықтан да оларды жұмысқа тартып, қоғаммен тең өмір сүруіне жағдай жасау мақсатында әртүрлі бағыттағы жобалар жүзеге асып, жемісін беруде. Мәселен, облыс әкімінің қолдауымен аймақта «Тең қоғам» жобасы бастау алды.

Жоба аясында мүгедектігі бар жандарды жұмыспен қамтып, табыс табуда тең мүмкіндік жасаудың ауқымы артты. Өткен жылдың статистикалық мәліметтеріне сәйкес, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 3 348 адам тартылды. Олардың 1 022-сі тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал 517 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға, 18 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 51 адам жастар практикасына жолданды, 15 адам «Алғашқы жұмыс орны», 43 адам «Күміс жас» жобасының, 77 адам онлайн оқыту курстарының жемісін көріп отыр, – деді басқарма басшысы.


Міне, осылайша мүгедектігі бар азаматтарға мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлық жергілікті жерде де өз нәтижесін беруде. Талпыныс бар жерде табыс мол. Өмірге құштарлық арқылы өрге ұмтылуға болады. Оны біз тағдырдың сынағына мойымай, өзіндік жолын қалыптастырған жандардың тәжірибесінен көріп отырмыз. Өз кезегінде уәкілетті мекемелер де жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарып келеді. Бұл бағыттағы байыпты бастамалардың лайықты деңгейде жалғаса беретіндігіне сенеміз. 

Аяулым Жаманқара 
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар