Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Альфа-ұрпақпен ұрыссыз ұғынысыңыз

Альфа-ұрпақпен ұрыссыз ұғынысыңыз
Ашық дереккөз
Кейінгі кезде бала тәрбиесі жиі ойландыратын мәселеге айналды. Оқушылар арасындағы қылмыс бір бөлек, ата-аналар тарапынан баласының мәселесімен мектепке шағым айтып келу жағдайы да жиіледі. Әрине, түйткілді мәселенің түйінін тарқату үшін салдарын анықтаған абзал. Осы жағынан қарастырсақ, балалар психологиясымен айналысатын мамандар қазіргі жеткіншектерді «Альфа-ұрпақ» деп атайды. Олардың алдыңғы буыннан айырмашылығы ақпаратты тез қабылдайтындықтан да болар, қатты дауыс көтеріп сөйлегенді көтере алмайды. Сондықтан да мамандар «2010 жылдан кейін дүниеге келген балаларды ұрып тәрбиелеуге болмайды» дейді. Ал ата-ананың, мұғалімнің «таяғын» жеп өскен алдыңғы буын өкілдерін қазіргі ұрпақпен салыстыруға келмейтін көрінеді.

Сонымен қатар кейінгі кезде көбейген жұбайлардың ажырасуы да балалардың психологиясына кері әсерін тигізіп жатқаны тағы бар. Кейде өзара тартысқан ата-аналардың балаға көңіл бөлмеуінің салдарынан жеткіншектердің  бірі өз бойынан мін тауып, үнемі ұнжырғасы түсіп, сабақ үлгерімі төмендеп, ұстаздар тарапынан түсініспеушіліктен қажыса, енді бірі жасөспірімдік өтпелі кезеңде психологиялық өзгерістен қиналады. Ал көпбалалы немесе тұрмысы төмен отбасынан шығып, үнемі жетіспеушілікте жүрген балғындардың көңіл күйі айтпаса да түсінікті. Одан бөлек момындығы үшін сыныптастарынан  қысым көріп шаршайтын да,  әлдебір мақсатына жете алмағанына налып, көңілі құлазитын да балалар бар. Балалардың басынан кешірген бұл эмоцияның барлығы жасөспірімнің мінез-құлқына, өмір сүру дағдысына әсер етіп, психологиялық әлсіздікке, ашушаңдыққа алып келеді. Күні кеше жайнап, жадырап жүрген жасөспірімнің көңілі құлазып, дегбірсіздене бастағаны бірден байқалады. Немесе оқу үлгерімі үздіктердің қатарынан көрінген оқушының әп-сәтте сабағы нашарлап, бойынан қандай да бір алаңдаушылық білінсе, үлкендер жағы бірден мән-жайға терең үңілуге, сол баланы әңгімеге тартып, жақын сырласуға асығуы шарт.

Балаларға қатысты мектептегі мәселелерді шешу мен алдын алу үшін әр мектепте психолог жұмыс істейді. Олардың басты міндеті – білім алушыға барынша қолдау көрсету, проблемаларын шешуге тырысу, яғни рухани тұрғыда көмектесу. Адамның тұлғалық психикасын, сыртқы ортамен өзара әрекетін, яғни адамның мінез-құлқын зерттейтін ғылым психология болғандықтан психолог бұл тұрғыда өз біліктілігін көрсетеді. Облыс әкімдігі білім беру басқармасының мәліметінше, аймақта  601 психолог өз қызметін көрсетіп жүр. Мектептегі оқу процесінде оқушылар тарапынан туындайтын мәселелерді шешуге ата-аналарды тартуда кездесетін қиындықтармен күресу мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Қоғамда қалыптасқан «Психологқа рухы әлсіз немесе психикалық ауруы барлар ғана барады» деген пікірге осы сала мамандарының пікірі қандай? Осы сауалдарға жауап іздеп және педагог пен психолог жұмысындағы үйлесімділік туралы да білу мақсатында жандүние емшілерінің пікірін тыңдауды жөн көрдік. 

–  Тәрбие – қоғамдық құбылыс, қоғам мен жеке тұлғаның арақатынасын қалыптастыратын басты жүйе. Жеке тұлғаны әлеуметтендіру, оның жағымды қасиеттерін дамыту, қоршаған ортадағы адамдармен тіл табыса алатын, өзіне және басқаларға ыңғайлы бола білетін тұлғаны қалыптастыру – психологтың басты мақсаты. Оқушылардың сапалы тәртібін, жағымды мінезін қалыптастыру, сезімі мен сенімін тәрбиелеуде оқу-тәрбие үрдісіне қатысушылардың, яғни педагогтар мен отбасының негізгі мақсатқа бағытталған іс-әрекеттерінің тиімділігіне байланысты екені белгілі. Ұлы педагог В.А.Сухомлинскийдің айтуынша, «Егер баланы тәрбиеленген дәрежеге жеткізудің сәті түссе, адамгершілік тәрбие жеке адамды жетілдіруде тиімді ықпал жасайды. Егер біз балаға қуаныш пен бақыт бере алсақ, ол бала дәл сондай бола алады». Осы мәселені шешуде мектептің психологиялық қызметінің қосатын үлесі зор.  Мектеп психологі білім ошағы мен отбасының бірлесіп атқаратын қызметін ретке келтіруге және ата-аналарға педагогикалық-психологиялық  білім беруге белсенді қатысады. Жеке тұлғалық қасиеттерді қалыптастыру барысында адамгершілік тәрбиесі – үздіксіз жүргізілетін үрдіс. Оның мазмұны оқушының жеке бас қасиеттерінің кең шеңберін қамтиды. Ол адамның өмірге келген күнінен бастап өмір бойы жалғаса береді, – деді Тұрар Рысқұлов атындағы №48 орта мектептің педагог-психологі Жаннат Қарамырзаева.


Сонымен қатар әр психолог өз жұмысының мазмұнын анықтағанда отбасымен жүргізетін іс-шаралар жүйесін толық қамтуы тиіс болғандықтан  проблемаларды болдырмау үшін өз үлесін қосу мақсатында және отбасына психологиялық қызмет көрсетуге маман әрдайым дайын болу керектігін жеткізді. Кейде мектептегі оқу-тәрбие процесінде туындайтын мәселелерді шешуге және ағарту жұмыстарын жүргізуге ата-аналарды тарту қиын соғады екен. – Ата-аналардың көбісі әртүрлі себептермен мектепке келіп, іс-шараларға қатысуға уақыт таппайды. Тіпті баласының олқылығын көріп тұрса да оны жақтайды. Педагог пен психологтың бірлескен жұмысы мектепте қауіпсіз білім беру ортасын қамтамасыз етіп, жасөспірімдердің физикалық және психикалық денсаулығын нығайту мен тәрбие беру мәселесінде тиімділігін арттырады. Педагогтар психологтардың ұсыныстарын назарға алып, оқу-тәрбие үрдісінде қолданады.Қазақстанда әлі де психологтың көмегіне жүгіну қалыптаспағаны жасырын емес. Себебі адамдардың психология туралы сауаттылығы жеткіліксіз, сондықтан оқушылардың да, ата-аналардың да арасында теріс пікір болып тұрады. Мәселен, кейбір оқушыларды психологтың кабинетіне шақырғанда «мен псих емеспін» деген сөздер естиміз. Ал кейбір ата-аналар психологтың тәрбие ісінде сүйемелдеуінен бас тартқан, – дейді Жаннат Бостанқызы.


Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде отбасының бала тәрбиесіндегі атқарар рөлі зор екені анық. Отбасы тәрбиесін табысты жүзеге асыру балалардың іс-әрекеттерін ұйымдастыруға көмек көрсетеді. Қазіргі уақытта отбасы тәрбиесін тереңдете отырып, ата-аналардың бала тәрбиесіне байланысты жауапкершілігін арттыру қажет. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетінін» ескерсек,  ата-анасының сөзі, бала тәрбиесі барысындағы шешімі, мектептегі түрлі әрекеттеріне байланысты пікірі, баланың өзін-өзі ұстауына, тіпті болашақта қандай болып өсіп жетілуіне әсер ететіні сөзсіз. Осы орайда мектеп жасындағы бала тәрбиесі барысында түрлі жағдаймен бетпе-бет келген көпбалалы ана Ұлту Бекбарованың да айтары бар. – Үлкен қызым 13 жасқа толғанда мінезі қатты өзгерді. Қыстың көзі қырауда сырт киімсіз мектепке барды. Себебі оған күртешесі ұнамайтын. Одан басқасын алып бердік. Алайда одан қыздың мінезі жақсармады.  Ұстаздарының айтқанын істемей, үйде бізге сөз қайтара бастады. Әкесі екеуміз жөнге салмақ болып дауыс көтерген едік, қолының тамырын кесіпті. Содан мектептегі психологі хабарласып, балаға ұрсудың қажеті жоқтығын, тек түсіністікпен сөйлесуіміз керектігін ескертті. Одан бөлек үйге келіп, қызбен тығыз қарым-қатынаста пікірлесіп жүрді. Сөйтсек, қызға сыныптастары «ернің дәу» деп жиі айтатын көрінеді. Қыз содан айнаға қарамай, суретке түспей, бетін көлегейлеп жауып, үнемі бетпердемен жүретін болды. Өз-өзінен қысылып, ашушаң болды. Алайда психологтың көмегімен бұл ситуациядан бір жыл ішінде шықтық. Әкесі екеуміз де психологтың айтқанымен жүру арқылы қызды психологиялық күйзелістен алып шықтық. Осындай жасөспірімдік кезеңнен өту жағдайы ата-ана үшін де ауыр екен. Бұрынғының адамдарында бәрі басқаша, оңай еді. Ал қазіргі балалар мүлде бөлек. Оларға көңіл бөлу қажет. Қатарынан қалдырмауды да талап етеді. Сондықтан қазіргі балаға ата-анасы ең алдымен дос болуы шарт, – дейді Ұлту Әбдірқызы. 

 

Бұл жағдайда психолог  пен ата-ана барлық уақытта да өзара ынымақтастықта болған. Соның арқасында қыздың күйзелісте жүрген жасөспірімдік кезеңінен алып шығу сәтті аяқталған. Ал кей сәтте ата-ананың немесе психологтың әрекеті дұрыс болмағандықтан түрлі келеңсіз оқиға орын алады.

 – Осыдан 4-5 жыл бұрын  өз тәжірибемде кездескен ситуациямен бөліскім келеді. Жайсыз отбасында екі оқушыны жалғыз анасы тәрбиеледі. Оқушылардың сабаққа ынтасы мен қызығушылығы жыл басында қалыпты болатын. Анасы ішімдікке салынуына байланысты оқу жылының ортасында балаларының тәрбиесі мен оқу үлгеріміне дұрыс көңіл бөлмей кетті. Соның әсерінен балалар жиі сабақтан қалып, оқуға деген ынталары төмендеді. Мектепішілік есепке алынды. Бірақ анасында бала тәрбиесіне деген ешқандай алаңдаушылық пен уайым болмады. Мектеп тарапынан барлық көмек көрсетілгенімен отбасынан балаға ешқандай көңіл бөлінбеді, қадағаланбады. Нәтижесінде оқушылар анасының тәрбиесінен алшақтатылып, арнайы орталыққа жіберілді. Қазіргі таңда да осыған ұқсас оқушының тәрбиесіне немқұрайды қарайтын ата-аналар жетерлік. Бұл бала тәрбиесіне төніп тұрған үлкен қасірет. Ата-анамен жұмысты ұйымдастыру барысында бала мен ата-ана арасындағы қиыншылықтарды жеңу мүмкіндігін нығайтуда, баланың дамуы туралы, ата-аналарға бала тәрбиелеуде өз рөлін жүзеге асыруға ықпал етуде, жас ерекшеліктеріне байланысты мінез-құлқын қалыптастыруда мектеп психологтарының көмегі ауадай қажет. Ата-ана тарапынан перзенттеріне  кейде онша көңіл бөлінбейтінін, бала шеттеп, көңілі жабырқау күйде жүретінін байқауға болады. Өкінішке қарай, қазір психолог мамандарының кеңестерін нақты қабылдап, іске асыратын отбасы аз. Себебі барлық мәселенің тез шешілуін қалайтын ата-аналарда шыдамдылық пен төзімділік жетіспейді. Отбасындағы мәселенің басқа біреудің білгенін қаламайды. Соның нәтижесінде оқушы мен ата-ана арасындағы туындаған мәселелер ұзаққа созылып, шиеленісіп жатады. Бізде қоғамда, ең біріншіден, психолог мамандарына деген оң көзқарасты қалыптастырып, сенімділікті арттыру қажет, – дейді психолог Әлия Маханбетжанова.


Отбасынан бастау алған бала тәрбиесі балабақша, одан мектеп тәрбиесіне ұласады. Мысалы, мектепте 1-сынып оқушысын жақсы оқығаны, мақтаулы болғаны үшін үнемі бұзақылық жасап жүретін сыныптасы қылғындырып, талдырып қойған жағдайды да естігенбіз. Әлгі тентектің үлкен ағасы да мектепте қиын балалар тізімінде тұрғаны белгілі болған. Ал жиналысқа шақырылған анасы: «Бала бұзық болуы керек. Әйтпесе «таяқ» жеп жүре береді. «Таяқ» жегенше біреуді ұрсын. Есесіне бәрі қорқып жүреді, ешкім тиісе алмайды. Баламда шаруаларың болмасын», – деп жауап беріпті. Кейін сол үйдің үлкені бұзақылық жасап, заң бұзып,  18-ге толар-толмастан  темір торға тоғытылды. Осындай оқиғалар басқаларға сабақ болса игі.Қорыта айтқанда, бала тәрбиесі үшін балабақшаны, мектепті, мұғалімдерді кінәлаудан бұрын басты жауапкершілікті отбасынан талап еткен жөн-ақ. Сондықтан да қазіргі уақытта шаңырақтағы тәлімді тереңдете отырып, ата-аналардың бала тәрбиесіне байланысты жауапкершілігін арттыру қажет. Бала тәрбиесін дұрыс жолға қою үшін мұғалім мен ата-аналар барлық уақытта да өзара ынтымақтастықта болғанының берері мол. Сонда ғана баланың болашағы оң шешімін таппақ. Бұл болашақтың баяндылығына бастайтынын ұмытпайық.

Құралай Сейсенбекқызы, 
журналист

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар