Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жастар – жарқын болашақ кепілі

Жастар – жарқын болашақ кепілі
Автор
Тәуелсіздік жылдары азат ойлы, ізденімпаз, жаңашыл жас буынға көп мүмкіндіктер сыйлады. Республика күні қарсаңында ел болашағы деп сеніммен қарайтын жастарға тәуелсіз мемлекетіміздің көрсетіп жатқан қолдауына тоқталып өткенді жөн көрдік.

Ел тәуелсіздігін жариялағалы 34 жылда «Жастар саясаты туралы» Заң бірнеше рет қабылданды. Негізі алғаш егемендік тұсында 1991 жылы 28 маусымда «Қазақ КСР-дегі мемлекеттік жастар саясаты туралы» атауымен бастау алған. Бұл құжат экономиканың бір түрінен екінші түріне көшуді көрсететін нормативтік-құқықтық акт болды.

Кейін араға 8 жыл салып, Жастар саясатының тұжырымдамасы бекітілді. Құжатта келешек азаматтардың адамгершілік рухани дамуы, әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерін жүзеге асыру, зияткерлік және физикалық дамуына жағдай жасау, еңбек, білім және денсаулық сақтау саласындағы құқықтарды қамтамасыз ету, халықаралық мәдени, экономикалық, ғылыми және білім беру үдерістеріне қатысу мәселелеріне басымдық берілді.

Алайда жастарға тың серпін бергені 2004 жылы 7 шілдеде қабылданған «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заң еді. Өйткені мұнда алғаш рет жастардың жас шегі 14 пен 29 аралығы деп белгіленді. Жаңашыл бастама осы санаттағыларды жеке әлеуметтік демографиялық топқа бөлуге, белгілі бір әлеуметтік құқықтар мен мемлекеттік кепілдіктер беруге жол ашты. Тек 2015 жылы құжатқа бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Сол құжат 18 жыл бойы өзгеріссіз сақталды. Алайда заман талабына сәйкес жаңа заң қажет екені байқалды. Себебі жастардың талабы, өмір сүру деңгейі, көзқарасы уақыт ағынымен өзгерді. Соған сәйкес заңға да жаңашылдықтар керек еді. Осы мақсатта 2022 жылы жастар саясаты туралы заң жаңартылды. Онда жастарды дамыту индексін, жастарға арналған әлеуметтік қызметтерді енгізу, жастармен жұмыс жөніндегі маман, NEET санатындағы жастар ұғымдарын және оның санын азайту үшін іс-шараларды жүзеге асыру жөніндегі мемлекеттік органдардың құзыреттерін бекіту, сондай-ақ жастар еңбек жасақтарының қызметін жүйелеуді көздеді.

Осылайша, 2023 жылдың 1 наурыздан бастап «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заң жаңартылып толық күшіне енді. Құжаттың басты жаңалығы 35 жасқа дейінгі азаматтар жастар қатарына жатқызылды. Бұған қоса сарапшылар мен жұртшылықтың пікірін ескере отырып, жастар өмірінің түрлі салаларында 12 индикаторға қол жеткізуді көздейтін 2023-2029 жылдарға арналған Мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы қабылданды. Тұжырымдаманы іске асыру барысында «Жастар» ғылыми зерттеу орталығын бірыңғай республикалық ғылыми-әдістемелік орталық ретінде дербес ұйымға айналдыру мәселесі пысықталды.

Осылайша жас буынды қолдау, өрендердің жарқын болашағына жағдай жасау – мемлекет саясатының бір міндетіне айналды. Осы орайда 14 пен 35 жас аралығындағы азаматтардың табысты әлеуметтенуі және түрлі шешімді қабылдауға толық қатысуы, рухани, мәдени, білім беру, кәсіби және физикалық тұрғыдан толыққанды дамуы үшін барлық қажетті жағдайды жасау маңызды рөл атқарады.

Жастарды қолдау бойынша облысымызда да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Қадыралиевтің айтуынша, бүгінгі күні облысымызда 355 мыңнан аса жас бар. Жастар облыс халқының 29,1 пайызын құрайды. Жастардың 41,8 пайызы қаланы мекен етсе, 58,2 пайызы ауылдық елді мекенде тұрады.

– Жыл басынан бері орталық ілкімді істер атқарып, жастарды мемлекет ұсынып отырған мүмкіндіктермен барынша қамтуға тырысты. 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жарияланғаны баршамызға белгілі. Осы ретте 150-ден аса жастың қатысуымен өндіріс орындарының тыныс-тіршілігі, зауыттардың жұмысы, техникалық құрал-жабдықтары мен жұмыс барысын кеңінен таныстыру және жастарды жұмысшы мамандықтарға тарту мақсатында «Alashprom», «Қазфосфат», «Тараз қант зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне экскурсиялар ұйымдастырылды. Осы жылы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қолдауымен «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы бастау алған болатын. Игі бастама аясында 25 іс-шара өткізіліп, оларға 1 250 жас қатысты. Сол секілді Жамбыл, Байзақ, Тұрар Рысқұлов, Меркі, Талас, Сарысу аудандарында өңірлік жоба аясында кездесулер, «дөңгелек үстелдер», аудан жастары арасында «KitapIQ» зияткерлік сайыстары өткізілді. Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай да бірқатар әдеби байқау өтті, – деді А.Қадыралиев.

Жастар туған өңірдің тазалығына да жанашырлықпен қарайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аймақта жүйелі түрде жалғасын тауып, көгалдандыру және қоршаған ортаны таза ұстау жұмыстарына жалынды жастар ауқымды үлес қосуда.

Экологиялық акция аясында облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен 9 айда 19 іс-шара өткізіліп, 510 жас қатысқан екен.

Өңірде жастар ұйымдарының қызметін қолдауға бағытталған 13 жастар ресурстық орталығы бар. Облысымыздағы қалалық-ауылдық жастар ресурстық орталықтарында 423 қызметкер еңбек етеді екен. Осы жылдың 9 айында өңірімізде мемлекеттік жастар саясатын жастар арасында жүзеге асыру аясында 11 бағыт бойынша 13 734 іс-шара өткізіліпті.

Орталық директоры жыл басынан бері 35 жасқа дейінгі 13 136 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылғанын жеткізді. Нақтылап айтқанда, жастарды жұмыспен қамту мақсатында 85 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілген. Оған 1 220 жұмыс беруші мекеме қатысып, 4 668 бос жұмыс орны ұсынылған. Жәрмеңкелерге 5 860 жұмыссыз жас қатысып, өзіне лайық қызмет табуға мүмкіндік алыпты.

– Жәрмеңке қорытындысымен 2 141 жас ақылы қоғамдық жұмыстарға, 417 жас кәсіби оқытуға, 144 жас әлеуметтік жұмыс орындарына, 761 жас «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына жолданып, 3 006 жас тұрақты жұмыс орындарына орналасты. Оның ішінде уақытша бос жүрген «NEET» жастар саны – 336. Сонымен қатар 1 613 жас консультациялық кеңестер алды. Өңірімізде волонтерлік жұмыстарды жандандыру мақсатында Тараз, Шу қалалары мен аудандарда барлығы 22 бағыт бойынша 71 296 адамды қамтыған 3 817 іс-шара өткізілді. Сонымен қатар «NEET» санатындағы жастарды қолдау мақсатында кешенді шаралар қолға алынған. Бүгінгі таңда отбасылық цифрлық картаның мәліметі бойынша облыста жұмыссыз жастардың көрсеткіші 17 076-ны құрап отыр. Жыл басынан бері мемлекеттік қолдау шаралары мен жұмыспен қамтудың белсенді шаралары туралы жастар көп шоғырланған орындарда, сауда орындарында, базарларда 163 ақпараттық кеңес беру алаңдары ұйымдастырылып, оған 4 736 жас қатысты, – дейді орталық директоры

Мемлекетіміздің жарқын келешегі үшін бүгінгі жас ұрпаққа артылар сенім мен жауапкершілік жоғары. Сондықтан жастардан шынайы патриоттыққа негізделген білім мен біліктілік, ұшқыр ой талап етіледі. Ал мемлекет жастарды қолдап, жастар саясатын жемісті жүзеге асырса, еліміздің іргетасы мықты қаланатынына сенім мол.

Сымбат ҚУАНЫШ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар