Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Менің мамандығым – менің таңдауым

Менің мамандығым – менің таңдауым
Ашық дереккөз
Мамандық таңдау – болмашы қадам емес, бүкіл саналы ғұмырымыздың айнасы. Келешекте өкінбейтіндей, өз ақылың, қабілетің мен бейімділігіңе сай кәсіп түрін таңдау үшін жақсылап ойлану керек. Мамандықтың жаманы жоқ. Әйтсе де жүрегіңнің қалауы мен икемің қатар жүретін мамандық кемде-кем. Осыдан-ақ белгілі, мамандық таңдау бейжай қарап, 4 жыл оқуды тәмамдай салатын нәрсе емес, үлкен талап пен жауапты қажет ететін іс. Сондықтан болашаққа қадам басар алдында «жеті рет өлшеп, бір рет кескен» абзал.

Соңғы уақытта жоғары оқу орнын бітірген жастардың өз мамандығы бойынша жұмысқа орналаспауы үйреншікті жайтқа айналғандай.  Кей аға-әпкелердің  студент атанған шағында «осы мамандыққа, амал жоқ, біреудің айтуымен түсіп едім» деп қынжылып отырғанын да талай естідік.  Сол себепті бұл туралы тоғызыншы немесе он бірінші сыныпта емес, неғұрлым ерте ойлану керек деген ой түйдім. 
Бала өмірге келген сәттен-ақ оның жолында небір қиындықтар кездеседі. Сол кезде өзінің тәжірибесімен бөлісетін адам сол баланың өмірінде өшпес із қалдырады. Біздің жағдайымызда бұл, әрине – ата-ана. Мамандық таңдауда өз жүрегің мен ақылыңның қалауы емес, ата-анаң армандаған мамандықты таңдау бізге жөн әрекет көрінетіндей. Бірақ бұл өзі жек көретін немесе немқұрайды қарайтын мамандықта оқып, диплом алып, өз профилінен тыс жұмысты істейтін кейбір жастарды үлкен трагедияға алып келеді. Ең сорақысы, адамның өзі қаламайтын кәсіптің тізгінін ұстауы. Неге? Мысалы, үйдегілердің нұсқауымен өзің ұнатқан мамандыққа емес, дәрігерлікке  бардың делік. Жақсы жерде жұмыс жасайсың, қабылдауыңа келген адамдар еш күмәнсіз саған өмірін сеніп тапсырады. Бірақ өзіңнің жұмысқа деген құштарлығың, ниетің мен қызығушылығың жоқ. Тіпті қалай жұмыс істейсің? Адамдарға не деп кеңес бересің? Ең қызығы, сөреде тұрған санаулы дәрінің неге жарарын ұғасың ба, жоқ па, бір Құдайға тапсырдың. Сенің тиісті мамандықты таңдамауың өзіңе ғана таяқ болып тимейді. Өзіңмен бірге айналаңдағылардың да өмірін улап жатқандығыңды түсінген жөн. 

Тағы бір алаңдатарлық жайт – баланың қай мамандық түрін таңдайтынын өзі білмеуі. Әлемде 40 мыңға жуық мамандық бар. Қай салаға барам десең де өз еркің. Бұл қадам ұзақ уақыт пен тиісті түсінікті талап етеді. Ең алдымен, біз өзіміздің әлсіз және күшті қасиеттеріміз, мінезіміз бен ерекшеліктеріміз туралы хабардар болуымыз керек. Соған орай қай мамандық түрі сәйкес келетінін мақсатты түрде ойлап, білген де абзал. 

Сонымен, бұл жай күнелту, тамақ тауып, өзіңді асыраудың жолы емес, үлкен өнер мен зор шеберлікті талап ететін нәрсе. Кей жастар мамандық таңдау ережесін білмейді. Ақырында өз мамандығына қанағаттанбаушылық, өкініш пен реніш сезімдері маза бермейді. Әрбір адам өзін-өзі дамыту үшін керекті білімдерін алып, соған сай өзі таңдаған мамандыққа жүрегімен машықтанса, әлбетте, өз кәсібінің  шебері атанары сөзсіз. 

Инаят Серік, 
№51 орта мектептің 
11-сынып оқушысы,
Қордай ауылы

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар