Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Еріктілер ел үшін еңбек етеді

Еріктілер ел үшін еңбек етеді
Ашық дереккөз
Қазіргі таңда Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаменті жанынан құрылған «Еріктілер кеңесі» облыс көлемінде белсенді жұмыс атқаруда. Аталған консультативтік-кеңесші органның мақсаты – мемлекеттік қызметшілер арасында еріктілер қозғалысын құрып, игі істерге атсалысу. Мұнымен қоса мемлекеттік қызметшілердің ерікті бастамаларын және осы саладағы заңнама талаптарының үйлесімдігін қамтамасыз ету.

Жақында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаментінің жанындағы «Еріктілер кеңесінің» кезекті отырысы өтіп, атқарылып жатқан жұмыстар кеңінен талқыланды. 
Отырысты департамент  басшысы Руслан Шарипов ашып, «Еріктілер кеңесінің» қызметі жөнінде қысқаша ақпарат беріп өтті. – Консультативтік-кеңесші органның мақсаты – мемлекеттік қызметшілер арасында еріктілер қозғалысын құрып, өздерінің игі іс-әрекетімен, яғни көшелерді көгалдандыруға, табиғат орындарын тазартуға, қан донорлығына және басқа да іс-шараларға белсенді қатысу арқылы еріктілер қозғалысының қатарын кеңейту. Сонымен қатар агенттіктің аумақтық бөлімшелері жанындағы «Еріктілер кеңесі» консультативтік-кеңесші органдары мемлекеттік қызметшілер арасында еріктілер қозғалысын үйлестіруді, мемлекеттік қызметшілердің ерікті бастамаларын және осы саладағы заңнама талаптарының үйлесімдігін қамтамасыз етуді мақсат тұтқан.«Еріктілер кеңесі» өткен жылдың маусым айында құрылды.

Бүгінгі күнге дейін консультативтік-кеңесші органның және «Руханият» волонтерлер қозғалысының мүшелері ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қайырымдылық іс-шарасын өткізу, абаттандыру және санитарлық тазалау, киелі табиғат орындарында сенбілік жұмыстарын ұйымдастыру, қан тапсыру сынды 30-ға жуық игі істі атқарды.«Руханият» волонтерлер қозғалысының жұмысына қатысты 2024-2025 жылдарға арналған жұмыс жоспары бекітілген. Аталған жұмыс жоспарына сәйкес жарты жылда бір мәрте кеңес отырысы өткізіліп тұрады, – деді Р.Шарипов. 


Мұнан соң Шу, Қордай аудандарында мемлекеттік қызметшілерден құралған «Руханият» волонтерлер қозғалысының жұмысы баяндалды.Алдымен Шу ауданы әкімі аппаратының басшысы Нариман Абай баяндама жасады. Оның айтуынша, Шу ауданында 199 мемлекеттік қызметші болса, оның 65-і еріктілер қозғалысының қатарында. – Еріктілер қозғалысы құрылған сәтте мемлекеттік қызметшілер ең әуелі асарлатып, баспана құрылысына белсене атсалысты. Атап айтсақ, Белбасар ауылындағы «Асар» жобасымен басталған үйдің құрылысына 20-дан астам мемлекеттік қызметші мен жастар ресурстық орталығының қызметкерлері жұмылдырылып, тұрғын үйдің тұрғызылуына үлес қосты. Олар үйдің төбесіне лай төсеп, еденіне бетон құю жұмыстарын жүргізді.Бұдан бөлек еріктілер жалғызілікті қариялардың үйіне барып, қыста қарын тазалап, отын-суын реттеп, олармен тығыз байланыс орнатқан. Еріктілер тобы қыс мезгілінде  аудандағы көмекке мұқтаж 16 қарияның үй жағдайына көмек қолын созып, қарайласты. Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға да тиісті көмектер көрсетіліп тұрады. Жалпы аудандағы кез келген қайырымдылық шарасының басы-қасында еріктілер жүретінін атап өткен жөн. Жыл басынан әлеуметтік тұрғыдан осал, аз қамтылған 28 отбасыға азық-түлік және басқа да қажеттіліктермен ерікті мемлекеттік қызметшілер тарапынан көмек көрсетілді.

Өткен жылдың желтоқсан айында Шу ауданында ауа райының күрт суытып, қардың қалың түсуіне байланысты төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. Осы ретте «Руханият» еріктілер қозғалысының мүшелері қар құрсауында қалған жолаушыларға азық-түлік, жылы киімдер апарып, арнайы көмектер ұйымдастырды. Нәтижесінде 52 автокөлік қар құрсауынан шығарылып,  207 жолаушыға көмек көрсетілді.Шу ауданының тоғыз жолдың торабында орналасқан аймақ екені белгілі. Төтенше жағдай кезеңінде Шу теміржол вокзалында қалың қардың құрсауынан он жолаушы пойызы бір тәулікке вокзалға тоқтап, мыңнан астам жүргіншіге еріктілердің ұйымдастыруымен ыстық тамақ берілді. Бұл жұмыстарға да «Руханият» еріктілер қозғалысының мүшелері белсене атсалысты, – деген Нариман Жетібайұлы биылғы су тасқыны кезінде табиғи апатпен күресуге Шу ауданының мемлекеттік қызметшілерінен жасақталған еріктілер тобы да ерекше үлес қосқанын атап өтті.

Тарқата айтсақ, еліміздегі ағын судан зардап шеккен Ақтөбе облысы, Ойыл ауылы мен Қостанай, Петропавл қалаларына Шу ауданынан 30 тоннаға жуық азық-түлік, азық-түлік емес тауарлар, дәрі-дәрімек жөнелтіліпті. Бұл бағыттағы жұмыстарға мемлекеттік қызметшілер мен жастардан құралған 60 волонтер тартылған.Сондай-ақ шулық «Руханият» еріктілер қозғалысының мүшелері саналатын мемлекеттік қызметшілер қоршаған ортаны қорғауға, өзендер мен тоғайларды тазалауға, тал көшеттерін отырғызуға, қоқыстарды сұрыптауға бағытталған іс-шаралар мен сенбіліктерге белсене қатысып тұрады. Мысал ретінде табиғи мұраға жататын киелі Баласағұн қалашығының аумағын тазалау жұмыстарын айтуға болады.– Сонымен қатар шулық мемлекеттік қызметшілердің бастамасымен 2007 жылы мектеп бітірген түлектер арасында «Бір тілек – мың түлек» жобасы бастау алып жатыр. Идеяның авторы – Шу қаласы әкімі аппаратының ұйымдастыру-құқықтық бөлімшесінің басшысы Саят Тыныштыбаев.

Бүгінде сан түрлі қызметті тізгіндеп жүрген түлектер қаражат жинап, мұқтаж отбасыға баспана сыйлайды. Жоба аясында 3 миллион теңгеге жуық қаражат жиналған. Жыл соңына дейін үйсіз қалған бір отбасын қуанту жоспарда бар.Еріктілер тобы ресми жиындар өткізіп, өкілетті органдармен берік байланыс орнатып жатқанын атап өткен жөн. Алдағы уақытта өзге де құзырлы орган басшыларымен кездесіп, волонтерлікті дамыту бағытындағы тың идеяларды жүзеге асыра береміз, – деді Н.Абай.


Сондай-ақ жиында Қордай ауданы әкімі аппаратының басшысы Нұрболат Сатымқұл «Руханият» еріктілер қозғалысының биыл Қордай ауданы бойынша атқарған жұмыстарының нәтижелері туралы баяндама жасады. Бұл ауданда да қайырымдылық, экология, спорт бағыты бойынша тындырымды тірліктер атқарылған.

 Ақтоты Жаңабай 


 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар