Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бала шаттығынан асқан бақыт бар ма?

Бала шаттығынан асқан бақыт бар ма?
Ашық дереккөз
Жаз шыға ойын баласы далаға жүгіреді, доп қуады, талға шығады, су шашып ойнайды. Алайда баланың аты – бала. Сәл қараусыз қалса құлап, бір жері майып болып немесе тізелерін жаралап алып жатады. Осы орайда облыс орталықтарында, шағын қалаларда ашылып жатқан ойын алаңдарының балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызы зор.

Жуырда осындай  орталықтың бірі Жаңатас қаласында есігін айқара ашты. «Әмина» деп аталатын ойын орталығында секірмелі батуттар, әткеншектер, түрлі сырғанақтар, жалпы балаға керектінің бәрін табуға болады. Шағын шаһарға жаңа леп әкеліп, бұрын-соңды болмаған ерекше орталықты ерлі-зайыпты Мейірлан Рахымбай мен Нұрай Бердіхан ашып отыр. Жас отбасының Әмина атты он айлық қыздары бар. Орталықтың аты осы бүлдіршіннің есімімен аталыпты. –  «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты зауытта жұмыс істейтін ұлым Мейірлан біраз уақыттан бері кәсіп ашқысы келіп жүрген.Күнде кешкі шайда ұлым, мен және келінім үшеуміз отыра қалып ақылдасамыз. Ақыры қаламызда жоқ нәрсені ашайық деп шештік. Өзім балабақшада әдіскер болып жұмыс істегендіктен балаларға арналған алаң ашайық деп ұсыныс тастадым. Ұлым да қолдай кетті. Екі жас ғаламтор ақтарып, ойын алаңына қажетті дүниелерді қайдан сатып алуға болатынын іздестірді. Бастапқыда Алматы қаласына сұрау салдық. Соңында Астана қаласынан 10 миллион теңгеге ойын алаңын түгелдей сатып алдық. Олармен келісімшартқа отырып, алдымен қаражаттың жарты бөлігін  төледік. Қалғанын несие ретінде өтеп отырамыз. Олар бізге осындай көмек көрсетті. Өз компанияларынан батуттарды, әткеншектерді құратын екі адам жіберді. Осылайша орталық  7 мамыр күні ашылды. Ашылған күні адам көп болды, – дейді Мейірланның анасы Жанат Ботаханқызы.


Үйдің  келіні Нұрай он саусағынан өнер тамған, дәмді ас пен тәтті бәліш пісіруден алдына жан салмайтын жан. Үйіндегілер ақылдасып жатқанда ол да өз ойын білдіріп, келушілерге, кішкентай бүлдіршіндерге, олардың ата-аналарына арнап аспаздық бөлмесін ашсақ деген ой айтыпты. Жұбайы лезде қолдап, ойын алаңы ішінен пицца, суши, қытырлақ тауық еті, түрлі ас мәзірін дайындайтын шағын асхана ашып берді. Бес миллион теңгеге жуық  несие алып, бұл істі де жолға қойды. – Мен бала күнімнен тәтті пісіру, торт, пирог дайындаудан шебер болдым. Жақында ғана бала күтімімен үйде отырсам да онлайн балмұздақ жасауды үйреніп алдым. Осы ісім пайдасын тигізді. Балмұздақ жасайтын аппараттардың түр-түрін және суши, пицца, донер дайындайтын пештер сатып алдық. Арнайы аспаз маман жалдадық. Мен өзім балмұздақ дайындап беріп отырамын. Шағын кафеміз ойын орталығының ішінде. Ойнауға келген балалар мен олардың ата-аналары әзірлеген тағамдарымызды мақтап жатыр, – дейді Нұрай.


Үйдің үлкені Жанат Дүйсенбаева Абай атындағы мектептің шағын орталығында әдіскер болып жұмыс істейді. Қазір еңбек демалысында болғандықтан отбасылық кәсіптерін жүргізіп, ұлы мен келініне қолғабыс қылуда.Жаңатастықтар бұл қуанышты жаңалықты көптен күткен еді. Ерекше қуанған аналардың бірі – Жанерке Төлемұратова. Оның бес баласы бар. Оқу жылы аяқталып, үш ай демалыс басталғанда балаларын ойнататын алаң ашылғанына дән риза.– Бұрын балаларымыз Таразға барғанда ғана әткеншек теуіп, «Мың бала», «Аватария» сынды ойын алаңдарына баратын. Оның өзі қымбат еді. Келіп-кетіп жүретін жол алыс.

Енді міне, мұндай нысанның өзімізден ашылғанына шын жүректен қуандық. Бағасы қолжетімді. Кіру билеті –1 500 теңге. Көпбалалы аналардың балаларына – 1000 теңге. Ал туған күні болған балаға кіру тегін. Қалаған асыңды ішіп-жеп, демалып отыруға мүмкіндік бар.Пиццасы да, донері де дәмді, қамыры үлпілдек.Бес балам шулап ойнағанда үйді басына көтеруші еді. Енді осы «Әмина» ойын алаңына жіберіп, жаным жай тауып жүр. Еш алаңдамаймын, – деп ақтарылды көпбалалы ана.Білгеніміздей, ерлі-зайыпты Мейірлан мен Нұрай бұл істі бастау үшін қайтарымсыз грант алмапты. Ешқандай жеңілдікке қол созбаған.Олар өз армандарын несие алу арқылы іске асырып отыр.  

Болашақта кәсіп аясын кеңейту үшін  мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерді пайдалансақ дейді. Ал әзірге өз қаржыларымен  істерін ширатпақ. Ашылғанына бір ай болмаған ойын алаңынан адам қарасы үзілмейді екен. Жанат Ботаханқызының айтуынша, дәмді дайын асты үйге жеткізуге тапсырыс беріп жатқандар да көп. Тіпті өзінің жұмыс орнындағы әріптестері де қолдау көрсетіп,  немерелерін әткеншек тебуге жіберіп, суши, пиццаны тапсырыспен алдырып жатыр екен.  Отбасылық кәсіп болғандықтан бүтіндей өздерін осы салаға арнапты. Бірі – ұйымдастырушы, бірі – кассир, бірі – SMM маманы, бірі балмұздақ пен тәттілер жасаушы болып қолдан келген істерін аямауда. Әзірге бір ғана аспазды толық жұмыспен қамтыпты. 

– «Саудада береке бар» деп атам қазақ айтқандай, Жаратушы берекесін берсін деп істі бастап кеттік. Ойын әткеншектері, шарлар, доптар, батуттар жиынтық болып сатылады екен. Барлығын алдық. Жұбайыма соның ішінен шағын кофеханасын да ашып бердім. Шаршаған жұрт дәмді ас ішіп, бүгінгі күннің қытырлақ бургері мен сушиінен ауыз тисін деп аянып қалмадық. Еш қорықпастан өз ісімізді  бастадық. Күн сайын келушілер көп. Енді есіктің алдына үлкен батут қоймақпын. Және балғын кәуап пен салқын қымыз, шұбатты да сатылымға шығарсақ деп отырмыз. Кәсіптен нәсіп көру ойымызда бар. Балалар жүрген жер базар ғой. Олар біздің қуанышымыз, бақытымыз. Сондықтан барлық балаға өз баламдай қараймын, – дейді жас кәсіпкер Мейірлан Рахымбай. 


Расында да ата-ана үшін баласының қуанышты жүзін көруден асқан бақыт жоқ. Мұнда балалардың қауіпсіздігі де ескеріліпті. Күндізгі 10:00-ден кешкі 22:00-ге дейін қызмет көрсететін балалар орталығында туған күнін атап өтіп жатқан балалар жетерлік. Жасөспірімдерге де ойын түрлері қарастырылған. 

Жүргізсең де билікті мың кісіге,
Ие болсаң да дүниенің түр-түсіне.
Шіркін-ай, соның бәрі жетер ме екен,

Балалардың бақытты күлкісіне, – дегендей, балалардың бәрі бақытты болу үшін жаралған. Әлемде барлық бала шаттанып, езуіне күлкі үйірілсе ғажап емес пе? Балалар орталығын ашқан ерлі-зайыптылар алдағы уақытта оншақты адамды жұмыспен қамтысақ деп отыр. Лайым, кәсіптері алға баса берсін! 

Эльмира Байназарова
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар