Сондай кездесулердің бірі жақында Назарбаев Зияткерлік мектебінде де ұйымдастырылды. Жиынға қатысқан облыстық полиция департаментінің мамандары, басқа да құзырлы мекемелердің өкілдері оқушыларға тыйым салынған заттарды қолданудың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау, салауатты өмір салтын ұстану бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.Кездесуді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Нұржан Рахметуллаев ашып, жүргізді.
Сондай-ақ Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Абзал Есіркепов сөз сөйлеп, есірткісіз қоғам құру Қазақстанның әрбір азаматының алдындағы міндеті екенін атап өтті.
Жалпы кездесуде Назарбаев Зияткерлік мектебінің 400-ден аса оқушысы «Есірткіге жол жоқ!» челленджін қолдап, қонақтарға көкейлеріндегі сауалдарын жолдады.Сондай-ақ іс-шара барысында есірткі мен психотроптық заттарды қолданудың зияны туралы бейнероликтер көрсетілді.
Облыстық полиция департаменті кинологиялық қызметінің мамандары қызметтік-іздестіру иттерімен бірге есірткіні іздеу және анықтау дағдыларын көрсетті.– Нашақорлық – қоғам дерті. Қаншама тағдырды талқандаған нәубетке жастардың көптеп шырмалып жатқанына көңіл жүдейді. Ең өкініштісі, күн өткен сайын есірткі тектес заттардың формасы түрленіп, мектеп жасындағы жеткіншектерге де ауыз сала бастаған. Бұл дертпен қоғам болып күресу қажет. Есірткіге тәуелді адамның ешқандай болашағы жоқ, – деді Нұржан Рахметуллаев.
Айжан Өзбекова