Жас жеткіншектің сөз өнеріне жақын болуы тегін емес. Шахмарданның атасы Болат Мәуленов аймақтық және республикалық басылымдарда қызмет атқарған журналист, есімі елге белгілі қаламгер болған. Күнделікті қарбалас қызметтен қол үзбей жүріп-ақ бірнеше жинақты жарыққа шығарғанын білеміз. 1983 жылы Алматы қаласындағы «Қайнар» баспасынан жарық көрген мойынқұмдық атақты қырқыншы Шотай Тайбағаровтың тәжірибесі жөніндегі «Қой қырқу шеберлігі» атты кітабы еңбек адамының шынайы болмысын аша білді. «Дала дидары» атты очерктер жинағы да бай мазмұнымен ерекшеленеді. Беріде жарық көрген «Мұз бен гүл» атты кітабында очерктер, сұхбаттар, толғаулар қамтылды. Сондай-ақ қаламгер облыстық теледидар мен радионың «Алтын қорына» қосылған көптеген телерадио хабарлар сериясын жасады.
Болат Мәуленов саладағы ұзақ жылғы жемісті қызметі үшін «Ақпарат саласының үздігі» атанып, «Еңбек ардагері», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл» медальдарымен марапатталды. Сондай-ақ «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі», «Jambyl» телеарнасына – 30 жыл», «Мұхамед Хайдар Дулати – үздік табыстары үшін» төсбелгілеріне ие болып, кеудесіне «Қазақ журналистикасының қайраткері» медалін тақты.
«Алма ағашынан алысқа түспейді» дегендей, енді міне, кішкентай Шахмардан Болат атасының жазушылық жолын қуып, тырнақалды туындыларымен қуантып отыр.Жақында «Start» жекеменшік мектебінде өткен бастауышпен қоштасу кешінде Шахмарданның кітабы ұстаздары мен сыныптастарына таныстырылды. Осы тұста сынып жетекшісі Индира Утепованың өз шәкіртінің талабын шыңдаудағы еңбегінің зор екенін айта кету керек. Ол бүлдіршін кезінен «Балапан» арнасын көріп, ата-апасының ертегілерін тыңдап өскен Шахмарданның әдебиетке деген құштарлығын дамыта білді. Іс-шара барысында жинақтың тұсауын педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Сарыбеков кесіп, ақ батасын берді.«Бұлақ көрсең, көзін аш» деген тәмсілге сүйене отырып, біз де өнерлі өреннің бір топ туындыларын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ