Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қуғынға ұшыраған суретші немесе Леонид Брюммердің өмірі жайлы не білеміз?

Қуғынға ұшыраған суретші немесе Леонид Брюммердің өмірі жайлы не білеміз?
Ашық дереккөз
Жер аудару – өткен ғасырдың қанқұйлы саясатының бір көрінісі. Туған жерден тамыр үзу – кімге болса да ауыр жаза. Әдетте жер аудару туралы сөз қозғағанда ойымызға «Сібірге айдалды» деген сөз тіркесі оралады. Себебі Кеңес үкіметінің солақай саясатының салдарынан қазақ зиялыларының көбісі Сібірге айдалып, қайта оралмады. Сол кездегі қазақ қоғамы үшін «Сібір» деген тозақтың бір оты секілді көрінгені де бар.

Бұл жазаны Кеңес үкіметі «Отанына опасыздық жасады» немесе «Кеңес үкіметінің саясатына қарсы шықты» деген адамдарға кеңінен қолданды. Өкініштісі, сол заманның қанды құрығына ілінгендердің қатарында көптеген дарынды тұлғалар да бар еді. Сондай саяси науқандардың бірінде суретші Леонид Брюммер жер аударылып, алғаш рет қазақтың дарқан даласына аяқ басты. 1941 жылы атақты суретші мен ағасы Владимирді өзге де жерлестерімен қоса ұлты неміс болғаны үшін депортациялаған. Тағдыр оны Қазақстанның Павлодар облысына алып келді. Мұнда он жылдан аса өмір сүріп, 1955 жылы Кеңес билігінен өзге жаққа көшуге рұқсат алған соң Жамбыл жеріне қоныс аударды. Облысымыздың табиғаты да, ортасы да суретшінің жанына жақын болды. Сондықтан да суретші жанының бір бөлшегі саналатын қылқалам туындыларының көп бөлігін облыстық тарихи-өлкетану музейіне сыйға берген. Нақтылай кетсек, 1 200-ден аса суреті бүгінде облыстық тарихи-өлкетану музейінің алтын қорын қалыптастырып отыр. Брюммердің баға жетпес сыйының нәтижесінде өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Жамбылда алғаш рет жергілікті суретшілердің ортақ үйіне айналған, туындыларын ел назарына ұсына алатын облыстық музейдің жанынан көркемсурет галереясы ашылған. Галереяның ашылуы жамбылдық суретшілердің өнерінің қарыштай түсуіне өзіндік септігін тигізді. 

Биыл Леонид Брюммердің туғанына 135 жыл толып отыр. Суретші 1889 жылы Украинаның оңтүстігіндегі Днепр өзенінің жағалауындағы Херсон қаласында дүниеге келген. Леонид бала кезінен сурет салуға құштар болады. Әсіресе кескіндеме суреттер салуды ұнатты. Бала Леонид белгілі суретшілердің туындыларының көшірмесін жасамай, өзі көрген табиғатты, адамдарды бейнелеуді ұнатты. Әсіресе оны көкжелекті, ашық аспанды Украина табиғаты шабыттандыратын. Ол Днепр жағасында этюдтарын салуды әдетке айналдырды. Алтын жалатылғандай көрінген әдемі жағалауларын, арқырап аққан сұлу ағыстарын, өзеннің таңғы күн шапағына малынған көріністерін мәңгі жадында сақтап қалуға тырысты. Бұл оның сұлулыққа жаны құштар балғын кездерінің естеліктері еді. 1910 жылы Херсондағы гимназияны тәмамдаған Леонид Брюммер Киев көркемөнер училищесіне оқуға түседі. 

Фашистік Германия Кеңес үкіметінің аумағына басып кіргеннен кейін одақ үкіметі барша ұлты «неміс» деп көрсетілген азаматтарды жау санады. Сондықтан да оларды майдан даласынан алыс жатқан Қазақстанға жер аударуды жөн деп тапты. Бірін соттады, бірін отбасымен түбегейлі көшірсе, енді бірін атты. Бұл сол кезеңнің қанқұйлы саясаты еді. Поволожья ауданында тұратын немістерді көшіру туралы 1941 жылдың 28 тамызындағы жарлықтан кейін 1942 жылға дейін Сібір, Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне 950 мыңға жуық неміс азамат жер аударылды.Ал КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1948 жылғы 26 қарашадағы «Отан соғысы жылдарында Кеңес одағының белгілі бір жерлеріне шығарылған адамдарды мәжбүрлі және тұрақты қоныстандыру орындарынан қашып кеткені үшін қылмыстық жауаптылық туралы» жарлығы шыққан соң олардың халі тіптен күрделенді. Жарлықты орындамаған және оны жүзеге асыруға қарсылық білдіргендерге қатысты ең қатаң жазалар белгіленді. Тарқатып айтқанда, мәжбүрлі қоныстандыру орындарынан өз бетінше кеткені (қашып кеткені) үшін кінәлілер 20 жылға бас бостандығынан айырумен қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Ұлты неміс барлық адамдарды «арнайы контингент» деп қарастырып, үнемі бақылауда ұстады. Жергілікті билік өкілдерінің, құзіретті органдардың арнайы есебінде тұрып, уақытысымен белгіленіп тұруы да міндетті болатын. Мұндай жаза сезімтал суретшінің жанын одан әрмен жабырқатты. 

Жоғарыда атап өткеніміздей, Леонид Брюммер Павлодар облысына жер аударылып келді. Суретші шығарылған үкімді естіген соң өзімен бірге тек салған суреттерін ғана ала кеткен. Себебі оларды өз балаларындай жақсы көрді. Күнкөріс үшін суреттерін сатуды құптамады. «Мои картины – мои дети. А детей не продают...», деп, өз жанын жалдауға, сатуға қарсы болды. 1953 жылы 27 наурызда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Амнистия туралы» жарлығы шықты. Кейін бұл жарлық тарихта «Берияның атақты жарлығы» деп те аталды. Жарлық негізінде сол күнге дейінгі саяси тұрғыда қудалау көрген барша одақ азаматтарына, әсіресе саяси тұтқындарға кешірім беріле бастады. Одақ бойынша сол жарлық негізінде кезең-кезеңімен 1 миллион 400 мыңға жуық азаматқа кешірім берілген екен.
Бұл жарлық Леонид Брюммердің де көңілін қуантқаны анық. Әрине, жарлық оған өзі туған мекеніне оралуға мүмкіндік бермеді. Алайда ол енді қысы қатал Павлодар өңірінен өзге аймақтарға еркін жүріп-тұруға, көшуге мүмкіндік алды. Соның негізінде суретші Брюммер табиғаты мен күн райы жанына жайлы, шуақты Жамбыл өңіріне 1955 жылы қоныс аударып келді. Ал 1956 жылдың қаңтарында бауыры екеуі құзырлы органдардың арнайы есебінен шығарылып, «халық жауы» таңбасынан толығымен арылды.Облысымызға қоныстанған суретші бұрынғысынша шабыттанып, сәулелі сәттерді қағаз бетіне түсіре бастады. Жанашыр жақсы адамдармен танысты. Өнерін бағалайтын ортаны кезіктірді. Болмысы тұйық адам үшін бұл үлкен бақыт еді. 

Л.Брюммер Жамбыл қаласындағы қалалық саябақтың суретші-безендірушісі болды. Көне Әулиеатаның түрленген шағының куәгері болды. Содан да ол жаңарған қала келбетімен бірге жандана түсті. Мұнда ол жасы жетпіске тақаған шағында келгенімен суретші үшін Жамбыл жері қайта түлеу кезеңіне айналды.Леонид Брюммердің Жамбыл қаласында бірден өз ортасын табуына көптеген себеп бар. Соның бірі – Ұлы Отан соғысы жылдарында түрлі себептермен 50 мыңға жуық адамның Жамбыл облысына көшірілуі. Оның ішінде саяси қудалау көргені, соғыс жүрген аймақтардан эвакуацияланғаны да бар. Олар ұлтқа да, ұлысқа да бөлінбеді. Құшағын жая қарсы алған жамбылдықтармен бірге біте қайнасып өмір сүрді. Жамбылдықтардың бауырмалдығын Леонид Брюммер де сезінсе керек. Кәсіби суретші қалалық, облыстық көрмелерге өз туындыларын жиі шығарған. 1958 жылы Жамбыл облыстық мәдениет басқармасы Леонид Владимировичті облыстық бейнелеу өнері көрмесіне қатысқаны үшін бірінші дәрежелі дипломмен марапаттаған. Сол кездегі облыстық тарихи-өлкетану музейінің мамандары суретшінің шығармашылығына қамқорлық жасағаны айтпаса да түсінікті. Әсіресе олардың арасында өзі іспетті үкімет саясатының тепкісін көрген шығармашыл адамдар да аз емес еді. 

Суретші қарт 1968 жылы Қазақ Кеңес Суретшілер одағына мүше болуға өтініш те берген. Бұл өтініші 1970 жылы қанағаттандырылыпты. Ол тек Қазақстанның ғана емес, КСРО Суретшілер одағының мүшесі болды. Алайда көп ұзамай тағдыры тартысқа толы болған суретші Леонид Владимирович 1971 жылдың 1 қыркүйегінде Жамбыл жерінде 82 жасында мәңгілік сапарға аттанды.  Бүгінде Леонид Брюммердің есімі әлем суретшілерінің каталогына енген. Ал суреттері әлем өнертанушыларының қызығушылығын оятуда.Өмірі қиын-қыстау, жоқшылықпен өткеніне қарамастан суретші суреттерін сатуды ойламады. Туындыларын кеңпейіл, қиналғанда құшағын ашқан қазақ халқына мұра етіп қалдырды. Тұрмыстың көп ауыртпалығын тартса да туындыларын бір тиын сұрамай сүйікті қаласының тұрғындарына сыйға тартып, дүниеден өтер алдында аманат етіп қалдыруы жомарт жүректі азамат екенін көрсетеді.

Л.Владимировичтің еңбектері арқылы Тараз қаласының сол бір кезеңдегі бет-бейнесіне, көркем көріністеріне қанығуға болады. Сондықтан да суреттерін Жамбыл өңірі тарихының айнымас бөлігіне балаймыз. Әсіресе жыл мезгілдеріне арнаған «Жамбыл көшелері», «Жазғы таң», «Сәуірдегі Жамбыл», «Қыс», «Жамбыл алаңы», «Қала шеті», «Ескі Жамбыл» сынды суреттері біз үшін үлкен мұра. Тіпті өзі тұрған №1 ықшамауданнның көркем көрінісін де майлы бояумен бейнелеп кеткен. Суретші тұрған тұрғын үй қалада алғаш салынған құрылыстардың бірі болатын. Бұл – 1960 жылдар еді. Ал оған дейінгі он жылға жуық уақытта суретші қайда тұрды дерсіз. Оны да өзі салған суреттері арқылы білуге болады.

Себебі суретші көзімен көрген кереметті жан сүзгісінен өткізе отырып қағазға түсірген.Сонымен қатар суретші өзі қатысқан көрмелердің құжаттарын ғұмырының соңына дейін ұқыптап сақтаған. Өмірінің соңында құжаттар мен жинақтаған түрлі әдеби кітаптарын өзі қызмет еткен облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорына тапсырған. Бұл қорда сирек кездесетін құнды кітаптар қатарында суретші жиған 36 кітап пен Қазан төңкерісіне дейін дайындалған 17 каталог бар. 

Леонид Брюммердің барлық суреттерінің 100-ден астамы Жамбыл қаласы тақырыбына арналған. Сондықтан да Тараз қаласының 2000 жылдығы тойланғанда суретшінің құрметіне облыстық тарихи-өлкетану музейінің жанынан суретшіге арналған көрме залы бой көтерді. Өзі сыйға қалдырған мұрасы қала тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылды. Сол арқылы да оның есімі жамбылдықтардың мәңгі жадында қалды. 

Гүлмира Көркемғалиқызы,
облыстық тарихи-өлкетану
 музейінің экспозициялық - көрмелік қамтамасыз ету 
бөлімінің өнертанушысы 

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар