"Алатаудың бұлбұлы" атты халықаралық фестиваль аясында меморандумға қол қойылды
- author AR-AY
- 31 мамыр, 2024
- 231
Қордай ауданында «Алатаудың бұлбұлы» атты қазақ-қырғыз айтыс ақындары, жыршы-термешілері мен манасшыларының қатысуымен халықаралық фестивалі өтуде. Ауқымды іс-ашара Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығына орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды arainfo.kz тілшісі.
Аудандық мәдениет үйінде өткен іс-шарада Кенен Әзірбаевтың өнері мен шығармашылығы көрініс тапқан көрмені тамашалаумен басталды. Кейіннен Қордай ауданының әкімі Бекзат Болатбеков сөз сөйлеп, Кенен Әзірбаевтың шығармашылығын насихаттау бойынша іс-шаралар жалғасатынын атап өтті.
– Мерейтойға орай, еліміздің басқа өңірлерінің өнерпаздары мен көрші Қырғызстан республикасының айтыскерлері және манасшылары келіп, ақынның мол мұрасын ұлықтағалы отыр. Кенен атамыз артына өлмес мол мұра қалдырған адам. Сондықтан екі ғасырдың куәсі болған бабамыз ешқашан ұмытылмайды. Осындай үлкен тұлғамыздың өнерін жалғастырар жастарымыз көп болсын!,– деді аудан әкімі.
Жиын барысында Қырғыз ұлттық «Манас» театрының директоры Азиз Бимырзаұлы және Жамбыл облыстық айтыскер ақын, жыршы-термешілер орталығының директоры Ахметжан Өзбеков екі ел арасындағы мәдени байланыстың арта түсетіндігін айтты. Қос тарап меморандумға қол қойды. Бұдан кейін салтанатты шара қазақ-қырғыз ақындары арасындағы айтысқа ұласып, концерттік бағдарламамен жалғасты.
Айта кетейік, бүгін Алатаудың етегін жайлаған бауырлас халықтардың өнерпаздары арасында футболдан турнир өтеді.