Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Экотуризм дамып келеді

Экотуризм дамып келеді
Ашық дереккөз
Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімдігі туризм басқармасының «Тараз-Туризм» туристік ақпараттық орталығының директоры Маханбет Рахымжановтың қатысуымен «Өңіріміздегі экотуризмді дамыту әлеуеті» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті.

Спикердің айтуынша, облыста антропогендік әсерге ұшырамаған табиғаты сұлу жерлер жетерлік. Облыста 8 ерекше қорғауға алынған табиғи аумақ халықаралық туристік базалар ашуға қолайлы қорғаудағы табиғи аймақтар таза ауада табиғаттың сұлу көрінісін тамашалаумен қатар, туризмнің экологиялық, спорттық, аң аулау, балық аулау, мәдени-демалыс, танымдық, ғылыми, этнографиялық түрлерін дамытуға үлкен мүмкіндіктер беретін табиғаттың ерекше сыйы.
– Экологиялық туризмнің басқа туризм түрлерінен айырмашылығы – 
табиғат аясында туристердің берілген тәртіпке бағынуы, табиғи ландшафттарды шамадан тыс ластаудан қорғау және индустриялық туризм дамуының басты шарты саналатын табиғи ресурстардың деградациясын болдырмау. Облыста экологиялық туризмді дамыту мақсатында бірқатар жұмыс тұрақты түрде атқарылуда. Мәселен, облыс әкімдігінің бастамасымен ұйымдастырылып, өткізіліп жатқан іс-шаралар, тарқата айтсақ, қоршаған ортаны сақтау, қызықты табиғи тау шатқалдарында экологиялық соқпақтар салу, экологиялық демалыс аймақтарын ашу туристердің Әулиеата өңіріне қызығушылығын арттыруда.
Жуалы ауданындағы «Берікқара» Меркідегі «Меркі», Қордай ауданындағы «Қарақоңыз» қаумалында экотуризмді дамыту мәселесі қолға алынған. Бұл ретте жер телімдері уақытша пайдалануға жеке тұлғаларға беріліп, ол жерлерде заң талаптарына сәйкес туристік аймақтар ашылуда. 
Оқушыларға туризм мәдениетін, табиғат аясында өзін-өзі ұстау мәдениетін сіңіру мақсатында ерекше қорғауға алынған табиғи аймақтарға арнайы туризм нұсқаушыларының қатысуымен танымдық турлар ұйымдастырылды. Турға жалпы 50 оқушы қатысты. Жоғары сынып оқушылары мен колледж білімгерлерінің қатысуымен Мақпал шатқалында тауға өрмелеу, өрмелеу кезіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша альпинистер практикалық сабақтар өткізді.
Меркі, Жуалы және Жамбыл аудандарының таулы аймақтарында эко-акциялар ұйымдастырылды. Оған 40-қа жуық жоғары сынып оқушысы мен мемлекеттік мекеме ұжымдары қатысты.
Тау шатқалдарында 10 туристік соқпақ әзірленді. Маршрут құру көзделетін аумақтарды экспедициялық тексеру есебінің материалдары негізінде әр маршруттың паспорты әзірленді, – дейді Маханбет Дүйсебайұлы.
2019 жылдан бастап облыстық және республикалық деңгейде қызғалдақ гүлін қорғау және насихаттауға арналған фестиваль өткізіліп келе жатқаны белгілі. Осы уақытқа дейін бұл іс-шараға 70-ке жуық туроператор және 5 шетелдік ғалым қатысқан екен. Нәтижесінде өңірімізге тек қызғалдақты тамашалауға келуші туристер саны 2024 жылдың өзінде 2000 адамнан асыпты. Облыстың экологиялық тұрғыдағы көрнекті орындары, қоршаған ортаға залал келтірмеу, әсіресе қызғалдақ гүлі өсетін табиғи аумақтарды сақтау мәселелері көтерілген «Қызғалдақтар – мұра» атты деректі фильм түсіріліпті.
М.Рахымжанов экотуризмді дамыту бойынша алдағы міндет те ауқымды екенін айтады. Оның ішінде экотуризмді дамытуға қызығушылық танытып жүрген Бүкіләлемдік туристік ұйым, Біріккен Ұлттар Ұйымы, Бүкіләлемдік жабайы табиғат қоры, Халықаралық табиғат күзеті одағы және табиғат ресурстары секілді халықаралық ұйымдармен қарым-қатынас орнату көзделген. Экологиялық туризмді дамыту бойынша конференциялар, кеңестер, симпозиумдар өткізу, жаяу жүру туризмі, велотуризм, салт атты серуендеу және құстарды бақылау бойынша экологиялық маршруттар өңдеу ісі де қол жеткізілуі тиіс басты мақсаттың бірі.

Н.Болатұлы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар