Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Құтқарушылар еңбегі құрметке лайық

Құтқарушылар еңбегі құрметке лайық
ашық дереккөз
Кез келген тосын жағдайға ұшырағандарға алғашқы болып көмек қолын созатын құтқарушылардың еңбегі қандай құрметке де лайық. Күнделікті қызмет барысында бастарын тәуекелге тігіп, адамдардың тыныш өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеу үшін жан алысып, жан берісетін құтқарушыларды бейбіт күннің батырлары десек те болады. Сондықтан да ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, үндемей жүріп-ақ үлкен істер тындырып жүрген құтқарушылардың қажырлы еңбегін насихаттағанды жөн санадық.

ЖАРЫЛЫСҚА ЖОЛ БЕРМЕГЕН ҒАНИ

Ғани Орынханұлы 1985 жылы 14 қазанда Шу қаласында дүниеге келген. Өртке қарсы қызмет органдарында 2007 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Ғани бүгінде Шу қалалық №5 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау старшинасы. II, III дәрежелі «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медальдарымен, «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталған. 

Бойында нағыз кәсіби құтқарушыға тән қарым-қабілеттің бәрі астасып жатқан Ғани қызмет барысында талай мәрте ерен ерлік пен нағыз жанқиярлықтың үлгісін көрсетті. 2013 жылдың 11 шілдесінде 15:45 шамасында өрт сөндіру байланысының орталық пунктіне Шу қаласы, «Сахзавод» ықшамауданы, Голикова көшесінің бойында орналасқан «Шаймерден» жанармай құю бекетінде өрт шыққаны жөнінде хабар түседі. Хабар алысымен жолға шыққан Шу қалалық №14 өрт сөндіру бөлімінің кезекші қарауыл бастығы мен сержант Ғани Керімбай отқа оранған жанармай бекетіне қарай тартады. Бекет маңайына жақын орналасқан ғимараттарға да өрт қауіп төндіре бастағанын байқаған өртсөндірушілер жауынгерлік іс-қимыл бойынша жедел қимылдап, шешуші бағытқа күштер мен құралдарды тартып, оқпанмен қызыл жалынды сөндіруге кіріседі. Алайда өртті сөндіру жұмыстары еш нәтиже бермей, керісінше одан бетер үдей түседі. Ойланып тұруға уақыт жоқ. Сәл кешіксе жарылыс орын алатындықтан Ғани Орынханұлы өртке оранған автокөлікті басқа жаққа сүйреп шығаруды көздейді. Лезде өрт құшағына оранған автокөлікті «КамАЗ»-ға тиеп, оқиға орнынан сүйреп шығарады. Нәтижесінде резервуарлар оқшауланып, көрші ғимараттарға және тұрғын үйлерге шығын келтірілмей, өрт сөндіріледі. 

– Тағы бірде Шу қаласының Қонаев көшесінде орналасқан тұрғын үйлердің бірінде өрт болып жатқаны туралы хабар түсті. Барсақ, бірінші қабаттан өрт шығып жатыр екен. Кіреберісті қою қара түтін басыпты. Айналаны көру мүмкін емес. Тез арада барлау жасадым. Қалың ұйқыда жатқан тұрғындарды оятпаса, түтінге тұншығу қаупі бар. Әр есікті қағып, тұрғындарды оятып сыртқа шығардық. Сөйтіп жүргенде екінші қабатта мүгедек әжейдің тұратынын естідім. Жалғызбасты, зейнет жасындағы мүгедек әжейдің есігін бұзып ашуға тура келді. Қарияны сыртқа алып шығып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырдым. 

Адамдарды құтқару барысында өздігінен жүріп-тұра алмайтындар жиі кездеседі. 2023 жылдың сәуір айы болатын. Қонаев көшесіндегі тұрғын үйдің бірінің үшінші қабатынан өрт шықты. Ең қиыны, өртеніп жатқан пәтердің ішінде адамдар қалып қойған екен. Арасында мүмкіндігі шектеулі егде жастағы қария да бар екенін естідік. Пәтердегі барлық адамды қауіпсіз жерге алып шығып, түтінге тұншыққандарды жедел жәрдем қызметкерлеріне табыстадық. Бірлескен ұжымның табандылығының арқасында өртті тез арада сөндірдік. Басқа тұрғын үйлер де ешқандай зардап шекпеді, – деп еске алды Ғани Орынханұлы. 

ӘТКЕНШЕКТІҢ ДЕ
 ӘЛЕГІ КӨП

Соңғы кездері тек елімізде ғана емес, жер жүзінде төтенше жағдайлар, оқыс оқиғалар жиілеп кеткені рас. 
2024 жылдың 17 мамыр күні сағат 17:11-де Жаңатас қаласы, №3 ықшамаудандағы тұрғын үйлердің бірінің ауласындағы балалар ойнайтын алаңда орналасқан әткеншекке М. есімді жасөспірімнің басын қысып алғаны туралы хабарлама түседі. Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар қыздың басын темір құрсаудан тез арада шығарып алады. Ешқандай жарақат алмағандықтан қызға медициналық көмек қажет болмаған. Оқиға орнынан лезде табылып, қызды құтқарған – Нұртай Искаков. Кейіпкеріміз 1978 жылы Сарысу ауданының Өндіріс ауылында дүниеге келген. Құтқару қызметінде жүргеніне 20 жылдан асыпты. 

 

– Жұмыс барысында мұндай жағдайлар жиі орын алады. Жоғарыда атап өткен оқиғаны ести салысымен әріптестерімізбен бірге керекті құрал-жабдықтарды алып жолға шықтық. Оқиға орнына жетіп, екі минуттың ішінде темірді кесіп, қызды босатып алдық. Қыздың құлағы қызарып кетіпті. Сырғасы да қыстырылып, үзілуге жақын екен. Кішкентай қыздың жарақат алып қалмауы үшін барынша шапшаң қимылдадық. Жиырма жылғы еңбек өтілімде көптеген құтқару оқиғасына қатыстым. Алғашында Тараз қаласындағы өрт сөндіру бөлімшесінің бірінде жұмыс істедім. Кейін отбасылық жағдайыма байланысты туған жерге оралуға шешім қабылдадым, – дейді Нұртай Тілектесұлы.

 

ЖЕДЕЛ ЖАСАҚТЫҢ ЖҰМЫСЫ ЖЕҢІЛ ЕМЕС

 

Нұрлыбек Амиров – облыстық төтенше жағдайлар департаментіне қарасты жедел құтқару жасағының басшысы міндетін атқарушы. 
Нұрлыбек 1986 жылы дүниеге келген. 2006 жылдан бері жедел құтқару жасағында еңбек етіп келеді. Қағылез мінезді құтқарушы осы уақытқа дейін талай жанның алғысын арқалаған. 
– Былтыр Қордай ауданында қар құрсауында көптеген адам қалып қойды. Арасында кішкентай балалар да бар еді. 100 шақты адамды құтқардық. Сол кезде біз адамдарға психологиялық тұрғыдан да көмек көрсеттік. Әлі есімде, бір әже «енді құрыдым, өлген жерім осы болды-ау» деп туыстарымен қоштаса бастады. Сонда телефон арқылы әжені барынша сабырға шақырып, қиындыққа сынып кетпеуді қайта-қайта айтумен болдым. Барсақ, көліктің жанармайы таусылып, іші суый бастаған екен. Әже жаурап қалыпты. Сонда екі тәулік ұйықтамастан жолаушыларды құтқардық. Адамдардың алғысына бөленсем, өзімді бақытты сезінемін. Күніне 5, кейде 10 шақыртуға дейін түседі. Есептеп қарасақ, жылына 1 300 шақыртуға шығады екенбіз, – дейді Н.Амиров. 

 

АПАТТЫҢ АЛДЫН АЛУДА АЛДЫҢҒЫ ШЕПТЕ

Шу ауданының Төле би ауылындағы аудандық төтенше жағдайлар бөліміне қарасты №19 өрт сөндіру бөлімін азаматтық қорғау подполковнигі Мұрат Абдықалықов басқарады. Бөлімшеде 19 қызметкер жұмыс істейді. Бөлімше мамандары 4 адамнан күнделікті тәуліктік кезекшілікте болып, ауданда апатты жағдайды болдырмау, алдын алу, төтенше жағдай орын ала қалған сәтте құтқару жұмыстарын жүзеге асырады. Қиын да күрделі міндеттерді іске асыру техника күшінсіз еңсерілмейтіні анық. Сол себептен бөлім 3 өрт сөндіру автокөлігі, 1 өрт сөндіру автосатысымен қамтылған.
Бөлімде ұзақ жыл еңбек етіп, тәжірибесін жастармен бөлісіп жүрген аға буын өкілдері аз емес. Осы ретте өрт сөндіру көлігін жүргізуші Сабыржан Қабылжанұлының, бөлім командирлері Юрий Петровичтің, Дархан Садыровтың, өртсөндіруші-құтқарушы Нұрсұлтан Мақсұтовтардың есімін атап айтуға болады. Ал аға буыннан үлгі алып жүрген жастар қатарында өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі Думан Батырхан, өртсөндіруші-құтқарушылар Ислам Кариев пен Дархан Елеген сынды мамандар да өз жұмыстарына жауапкершілікпен қарап, сенім биігінен көрініп келеді.Бөлім қызметкерлері Шу қаласы мен аудан орталығында ғана қызмет көрсетумен шектелмейді. Қажет кезде ауылдық округтерде де өз міндеттерін жүзеге асыруға дайын.– Бөлімше қызметкерлері апатты жағдайларға байланысты қоңырау түскенде 1 минут ішінде жиналып, оқиға орнына бағыт алады. Дегенмен кейде Шоқпар, Далақайнар секілді алыс ауылдарға жол ұзақтығы салдарынан уақытылы жете алмай қалатын сәттер болады.Ал үлкен өрт оқиғасы орын ала қалған жағдайда Шу қаласындағы №5 өрт сөндіру бөлімін қосымша көмекке шақырамыз. Апаттың айтып келмейтіні белгілі. Сол себепті алыс ауылдарға бір жасақ шығатын болса, бір жасақ міндетті түрде аудан орталығында қалады, – дейді бөлім бастығы Мұрат Арыстанбекұлы.Сонымен қатар 2024 жылы қатты жел салдарынан қорадағы шөп, үйдің жану оқиғасы орын алған кезде көршілес Мойынқұм ауданынан да көмек жасағын шақыртқан көрінеді. 

5 ЖАСӨСПІРІМДІ СУДАН ҚҰТҚАРҒАН

Азаматтық қорғаныс саласына жұмысқа орналасқан әрбір қызметкер сегіз қырлы, бір сырлы болуы шарт. Әрі спортшы, суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын, ешнәрседен қорықпайтын ержүрек болуы тиіс. Қандай төтенше жағдай орын алса да бойын тік ұстап, Отан-ана мен халықтың амандығы үшін өз өмірін бәйгеге тігуі керек. Қаратау қаласындағы өрт сөндіру бөлімінде қарауыл бастығы болып, Тараз қаласындағы облыстық №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде жемісті еңбек етіп, жуырда ғана зейнет демалысына шыққан Бауыржан Мұқанов – осы талап үдесінен шыға білген жан. 


– 2016 жылы №5 өрт сөндіру бөлімінің дабыл телефонына жауын-шашынның мөлшерден көп жаууына байланысты Талас ауданы, Тамды өзенінің арнасынан асып, балық аулап отырған 5 жасөспірім судың ортасында қалғаны туралы хабар түсті. Хабар алысымен тездетіп жеттік. Сел жүріп, су арнасынан асып кетіпті. Шын мәнінде, су ортасында 5 бала қалып қойыпты. Каналдың арғы бетінде өсіп тұрған ағашқа арқан байлап, оларды біртіндеп жағаға алып шықтым, – дейді Бауыржан.

Эльмира Байназарова

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар