Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жастардың жанына жалақы мәселесі батып жүр

Жастардың жанына жалақы мәселесі батып жүр
ашық дереккөз
Еліміз тәуелсіздік алғалы бері жастарды қолдау мақсатында бірқатар ірі жоба, баянды бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Атап өтсек, «Болашақ», «Дипломмен – ауылға!», «Жастар тәжірибесі» секілді бағдарламалар ел жастарының қоғамнан өз орындарын табуына үлкен септігін тигізуде.

Қазіргі таңдағы жастардың сапалық көрсеткіші, жетістігі – мемлекеттік жастар саясаты нәтижесінің көрінісі. Осыдан тура он екі жыл бұрын, яғни 2012 жылдан бастап жастардың ортақ мәселелерін жергілікті, республикалық дәрежеде қолға алу үшін жастар ресурстық орталықтары құрыла бастады.Жуалы аудандық жастар орталығы жұмысын 2007 жылы бастаған. Уақыт өте келе жастармен жұмысты ұйымдастырудың маңыздылығы артып, аталған орталық жастар ресурстық орталығы болып қайта құрылды. 

Жуалы аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Жеңісбек Сейітбековтің айтуынша, мекемеде 28 жас маман жұмыс істейді.– 2023 жылғы статистика бойынша аудан халқының саны 54 367 болса, 18 170-і жастар. Орталық өткен жылдың 12 айында Б.Момышұлы ауылы және ауылдық округтерде 11 бағыт аясында барлығы 1 181 әртүрлі іс-шара ұйымдастырды. Әртүрлі санаттағы жастарға бағытталған іс-шараларға 32 972 жас қамтылып, кеңес беру, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Атқарылған жұмыстар нәтижесіз болған жоқ. Яғни құқықтық, әлеуметтік, психологиялық және тағы да басқа бағытта консультациялық кеңестер беріліп, жастарды толғандырған түрлі мәселелер шешімін тапты. 

Есептік кезеңде аудандық мансап орталығына барлығы 1 303 жас жұмыссыз ретінде тіркелген. Жастар арасындағы жұмыссыздықты жою мақсатында 564 жас тұрақты жұмысқа, 246 жас қоғамдық жұмысқа, 7 жас әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды. 232 жас «Жастар тәжірибесі», 51 жас «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасымен, 2 жас «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы арқылы жұмысқа орналасты. 131 жас «Бизнес бастау» курсынан өтіп, 9 жас қайтарымсыз грант жеңіп алды. 35 жас қысқамерзімді оқу курстарына жіберіліп, 26 жас 2,5 пайызбен несие алды, – дейді Ж.Сейітбеков.
Ал «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында 60 маманға 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көтерме жәрдемақы және 28 маманға үй құрылысы немесе сатып алу үшін несие берілген.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында Қарасаз, Қызыларық және Жетітөбе ауылдық округтеріндегі 83 жас төменгі пайызбен несие алса, «Әулиеата жастары» бағдарламасымен 1 жас баспаналы болған.
Сонымен қатар 120 жасты «Жасыл ел» бағдарламасымен жұмысқа тарту жоспарланып, іске асырылған. Мұнан бөлек жастардың басын бір арнаға тоғыстырып, қайырымдылық істердің жаршысы болуға тәрбиелейтін волонтерлік жұмыстар өз деңгейінде жүзеге асырылуда. Ауданда волонтерлікті дамыту бағытында бекітілген жоспармен волонтерлік қозғалыстың 11 бағыты бойынша 275 іс-шара өткізілген.

– Қашанда жастар қауымына үлкен үміт пен сенім артылады. Жастарды елдің ертеңі, болашағы деп санайды. Соған орай жастар қауымы да жан-жақты, білімді, өз еліне адал қызмет ететін азамат болуы керек. Ауданда мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Ауылдық округтердегі мамандар да сол елді мекеннің жастарымен жұмыстарды үйлестіруде. Өздеріне жүктелген үлкен жауапкершілікті әр маман жақсы түсінеді.

 

Алдағы жоспарымыз да ауқымды. Ең бастысы, жастарды қайырымдылық шараларына көбірек тартып, ауылдық округ әкімдігінің мамандарымен бірге сол жердегі мәселелерді шешуге атсалысу. «Әулиеата жауһарлары» атты саяхат ұйымдастырып, жастарды өңір тарихымен жан-жақты таныстыру көзделуде. Жылдық жоспарға сәйкес аудан көлемінде жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында ауқымды шаралар өткізу де жоспарланып отыр. Оның ішінде еліміздің зиялы қауым өкілдерінің мерейтойларын атап өту, спорттық, мәдени, ұлттық мерекелерге арналған іс-шаралар және кәсіптік бағдарды дамыту мақсатында жыл үздіктерін анықтау басты жұмыстардың бірі, – дейді Ж.Сейітбеков.

 


Орталық директоры әңгіме барысында қызметкерлердің жалақысының аздығы да мамандардың тұрақты жұмыс істеуіне кедергі келтіріп отырғанын тілге тиек етті. Жастар еңбек жолының алғашқы баспалдағынан осында өтіп, көбісі мемлекеттік қызметке немесе жеке кәсіпкерлікке ауысуда. Сондықтан жұмысқа үйреніп, қалыптасқан мамандардың орны босап, қайта басқа жасты жұмысқа қабылдап, үйретуге тура келетінін, салдарынан кейде жастармен өткізілетін іс-шаралардың тиісті деңгейде атқарылмай жатқандығын айтты.
Жастар ресурстық орталығы мамандарының арнайы әлеуметтік статусы болмағандықтан олар тек жастарға бағыт-бағдар, кеңес берумен ғана шектеледі. 

Ақтоты Жаңабай

 


 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар