Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Киберспорттың келешегі бар ма?

Киберспорттың келешегі бар ма?
ашық дереккөз
Сонымен қатар Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан президенттері киберспортшыларға ізгі тілектерін жолдады. Содан соң жарысқа қатысушы мемлекеттер туларының шеруі өтті.

Биыл ақпан айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Татарстанның Қазан қаласында өткен «Болашақтың ойындары» халықаралық турнирінің ашылу салтанатына қатысқан болатын. Жиында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Кемелұлы дүниежүзінде мұндай ойынның баламасы жоқ екенін айтып, келесі турнирді Қазақстанда өткізу туралы ұсыныс жасады. 

«Фиджитал-концепцияға» негізделген турнирдің форматы физикалық белсенділікті, заманауи технология мен цифрлық ортаны ұштастырады. 
Шоу барысында спорт, стратегия, тактика, технология, жылдамдық секілді 5 топқа біріктірілген сайыс түрлері таныстырылды. Ойындардың бағдарламасына классикалық спорт түрлері мен олардың 21 цифрлық баламасы бойынша гибридті спорттық жарыстар енгізілген. Ұйымдастырушылардың мәліметі бойынша, турнирге 100-ден аса елден 2 мыңға жуық киберспортшы келген. Қазақстанның ойыншылары мен командалары спорттың 13 түрі бойынша сайысқа түсті. Ал турнирдің жүлде қоры 10 миллион долларды құрады.
Сондай-ақ барлығы 236 спортшы алғашқы «Болашақтың ойындары» турнирінің жеңімпазы мен жүлдегері атанды. Киберспорт әлдеқашан дамып кеткен Ресей, Қытай, Үндістан, Беларусь, Оңтүстік Корея, Испания, Уругвай, Филиппин, Аргентина, Эквадор, Колумбия секілді елдердің намысын қорғаған спортшылармен қатар қазақстандық жастар да бәсі жоғары бәсекеде жоғары нәтиже көрсете білді. Қарсыластарына дес бермеген отандастарымыз түрлі дисциплиналардан медальдар жиынтығын жеңіп алды. Атап айтсақ, «xGOD» командасының құрамындағы 5 отандасымыз «Сounter strike 2» және лазертаг ойынында жеңіске жетті. Финалда ресейлік құрамамен кездесіп, 2:0 есебімен басым түсті. Нәтижесінде 175 мың АҚШ долларын қанжығаларына байлады. Одан бөлек Dota 2, Standoff, Word of thanks және кибер-хоккейде бақ сынаған отандастырымыздың да бәсі жоғары болды.
Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен халықаралық турнир келесі жылы Қазақстанда өтуі керек еді. Алайда су тасқынына байланысты ауқымды жоба 2026 жылға шегерілді. Десе де қазірдің өзінде елімізде «Болашақтың ойындарына» қызу дайындық басталып кетті. ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев таяуда ғана халықаралық турнирдің құқығын иеленген «Phygital International» халықаралық компаниясының өкілдерімен кездесіп, дайындық барысын пысықтады.
Жалпы киберспорттың ерекшелігі неде? Киберспортшы болу үшін не істеу керек? Шын мәнінде спорт па, әлде жастардың ермегі ма? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.
Киберспорт немесе e-sport – аға буын өкілдерінен гөрі жастар қауымына жете таныс ұғым. Аты айтып тұрғандай, жарысқа негізделген, бірақ дәстүрлі спорттық сайыстар емес, виртуалды бәсеке. Әлем бойынша компьютер пайда болғалы виртуалды ойындармен таныс емес жеткіншек кемде-кем. Тарихқа көз жүгіртсек, 1997 жылы CPL немесе «The Cyberathlete Professional League» құрылып, компьютер ойындарынан турнир өтеді. Киберспорттың тарихы осы кезеңнен бастау алады. 
Киберспорт дүниежүзінде қарқынды дамып келе жатқан спорт түріне жатады. Ресей, Корея, Қытай секілді мемлекеттердегі жоғары оқу орындарында киберспортшыларды оқытатын арнайы кафедралар ашылған. Ал елімізде 2018 жылдың 25 маусымынан бастап киберспорт ресми түрде спорт түрлерінің тізіміне енді. Тіпті бүгінде киберспорт федерациясы жұмыс істейді. Федерацияның басты мақсаты – қазақстандық электронды спорттың әлеуетін көтеріп, ойыншыларға қолдау көрсету. «Qazaq Cybersport Federation» бірлестігі елімізде онлайн және офлайн кеңістікте турнирлер ұйымдастырып, ойыншылардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып келеді. Жан-жақты қолдаудың арқасында дарынды жастар үлкен биіктерді бағындырып, еліміздің мерейін үстем етіп жүр. Мәселен, қазақстандықтардың eSports саласындағы ең жоғары жетістігі 2017 жылы өткен «На мажоре» жарысында тіркелді. Турнирде Абай «Hobbit» Хасенов, Рүстем «mou» Телепов және Дәурен «Adren» Қыстаубаев есімді жігіттер «Gambit Esports» ресейлік ұйымының құрамында әлемнің үздік командаларын жеңіп шықты. Сол кезде «Gambit» командасы Қазақстан үшін рекордтық жүлдені, яғни жарты миллион АҚШ долларын ұтып алды. Осыдан кейін Қазақстан киберспорттың әлемдік картасында өз туын түбегейлі тікті.
Жалпы елімізде «AdreN» лақап атымен танылған Дәурен Қыстаубаевтың есімі киберспортпен қатар аталады. Дәурен «Counter Strike» ел тарихында тұңғыш рет әлемдегі беделді әрі ежелгі турнир «PGL Major Krakow» чемпионатының жеңімпазы атанған. Сонымен қатар «Hobbit» лақап атымен танылған Абай Хасенов та отандық киберспорттың дамуына үлкен үлес қосып жүр. Абай «CS:GO» ойыны бойынша Қазақстаннан шыққан алғашқы әлем чемпионы.
Қазіргі таңда киберспорт Жамбыл жастарының арасында да қарқынды дамып келеді. Жыл сайын киберспортшыларды қолдау мақсатында Тараз қаласында түрлі турнирлер өткізіліп тұрады. Жақында ғана «Galaxy Arena» компьютер клубы «Counter Strike 2» ойынынан ауқымды жарыс ұйымдастырды. Сайыстың жүлде қоры 
600 мың теңгені құрады. 
Турнирдің ұйымдастырушысы, «Galaxy Arena» компьютер клубының директоры Рустам Хамидовтың айтуынша, тартысты өткен жарысқа Шымкент қаласынан да ойыншылар келіп қатысқан. 
– Біз жергілікті геймерлердің қауымдастығын біріктіру, бәсекелестік үшін бірегей алаң құру және өңірімізде киберспорттың дамуына қолдау көрсету мақсатында «Counter Strike 2» турнирін ұйымдастырдық. Жарысқа барлығы 25 команда қатысты. Арасында жастар да, тәжірибелі ойыншылар да бар. Клубымыз дарынды жастардың басын қосып, киберспортты танымал ету мақсатында алдағы уақытта да түрлі іс-шараларды өткізуді жалғастыра береді, – дейді Р.Хамидов.
Сондай-ақ Тараз қаласындағы №40 гимназияда тұрақты түрде киберспорттан жарыстар ұйымдастырылып тұрады. Турнирді ұйымдастырушы 11-сынып оқушысы Әлішер Мейірманов бастаманы екі жыл бұрын қолға алған екен.
– Біз жарысты негізінен сабақтан, үйірмелерден бос уақытта, яғни сенбі немесе жексенбі күндері өткіземіз. Әзірге турнирлеріміз тек гимназия деңгейінде ғана өтіп жатыр. Осы орайда бізді әрдайым қолдап жүрген гимназия әкімшілігіне алғысымды білдіргім келеді. Өйткені қолдаушыларымыз киберспорт жастарға зор мүмкіндіктер беретінін жақсы түсінеді, – дейді Ә.Мейірманов.
Гимназияда соңғы турнир осыдан бірнеше ай бұрын өтіпті. Әлішер ұйымдастыру барысында бірқатар қиындық туындайтынын жасырмады. Тарқатып айтқанда, ойынды трансляциялау, көрсетілім кезінде техникалық ақаулар жиі орын алады екен. Бірақ соған қарамастан жастар турнирлерге белсене қатысып тұрады.
– Киберспортқа қызыққан кез келген азамат ел көзіне түсіп, танымал командаға шақырылып, қаланың, облыстың немесе елдің намысын қорғауды армандайды. Бірақ Қазақстанда киберспорттың дамуы әлі де төмен. Абай Хасенов, Дәурен Қыстаубаев сияқты киберспортшыларды көргенде біздің де болашағымыз бар екеніне сеніммен қарай бастаймыз. Өкінішке қарай, биыл мектеп бітіргелі отырмын. Бастамамды тоқтатпай, өзіне жауапкершілік алатын оқушы табылып, дәстүрлі турнирлер жалғасын табады деп сенемін, – дейді Әлішер Мейірманов.
Әлішер айтқандай, расында да елімізде киберспорттың дамуы көңіл көніштпейді. Себебі киберспортты спорт деп санамайтын жандардың қатары көп. 
Дегенмен отандық сарапшылар Қазақстанда дарынды ойыншылар көп екенін, сондықтан алдағы жылдарда киберспорт қарқынды дамитынына сеніммен қарайды. Тіпті дарыны мен қарымы келіскен жастарымыз әлемнің танымал командаларының қатарында өнер көрсетіп жүрген көрінеді. Мысалы, «Counter-Strike: Global Offensive» дисциплинасы бойынша қазақстандық «Avangar» тобы әлемдік рейтингте үздік ондыққа кіріп, қазір жетінші орында тұр екен. Сондай-ақ аталған топ Германияда өткен «StarLadder Berlin Major 2019» жарысының гранд-финалында II орын иеленіп, 150 мың АҚШ доллары көлемінде жүлде еншілеген. Осы саланың қазанында қайнап жүргендер бірауыздан елімізде киберспорт бар және болашағынан үміт күттіретін ойыншылар да жетерлік екенін айтады. «Esportsearnings» сайтының мәліметіне сенсек, қазақстандық ойыншылардың жалпы табысы 2 миллион долларды құраған. Бұл көрсеткішпен Қазақстан әлемде 40-орында тұр. Ал АҚШ ойыншылары 131 миллион доллар табыспен көш бастап келеді. Айта кету керек, Орталық Азия елдерінің арасында Қазақстан ойыншылары киберспорттан үздік нәтиже көрсетіп келеді. Аталған рейтингте Қырғыз елінің ойыншылары 366 мың доллар табыспен 65-орынға тұрақтаған.
Ал сарапшылар е-sport жаһандық цифрлы экономиканың бір бөлігіне айналғанын айтуда. Осыдан бірнеше жыл бұрын өткен Астана экономикалық форумының қатысушылары Қазақстанның әлемдік киберспорт нарығына қосылуын панельдік сессияда ортаға салған еді. Сонда «Qazaq Cybersport Federation» бірлестігінің даму жөніндегі директоры Бауыржан Садиевтің айтуынша, әлемде электронды спорт еш мемлекеттің қолдауынсыз коммерция арқылы табыс тауып, дамып келеді. 
– Жалпы киберспорт – нарықтық ортада өз бетімен дамып жатқан спорттың бірі. Ол – коммерциялық жобаның жемісі. Сондықтан да оған мемлекет тарапынан мойындалу міндетті емес. Алайда Қазақстан, Ресей секілді елдерде мемлекеттің қолдауын алу көпшіліктің белгілі бір нәрсені түсініп, қабылдауына жол ашады. Бұл – 
тарихи қалыптасып қалған жағдай, – дейді Б.Садиев. 
Дегенмен қаржыландыру жағына келгенде киберспорт федерациясы мемлекет қаражатына қол жаймайды. Бірлестік демеушілердің есебінен турнирлер өткізіп, шаралар ұйымдастырады. Жалпы Қазақстандағы финалдық ойын ұйымдастыруға атсалысқандар қатарында «Самұрық-Қазына», «Қазақтелеком» секілді ірі компаниялар да бар. 
Осы орайда тағы бір маңызды мәселені айтпай кетуге болмайды. Ата-ананың пікіріне салсақ, киберспорттың ертеңі бұлыңғыр. Әрине, телефон былай тұрсын, компьютерге телмірген баласын көру қай ата-анаға болмасын оңай емес. Оның орнына баласының спорт мектебіне, ән, күй, би үйірмесіне барғанын қалайды. Пәндік үйірмелер болса тіпті қуанады. Бұл мәселе елде киберспорт спорт болып бекітілмес бұрын зерттелген. Өйткені мұндай атыс-шабыс баланың психикасына әсер етеді деген мәселе көтерілді. Десе де бұл ойды теріске шығарып, ойында төбелесу балаларды шын өмірде қатігез болуға итермелейтіні туралы теорияның шындыққа жанаспайтынын даулағандар көп болды. Ал сарапшылардың пікірінше, виртуалды ойын индустриясы өзге қызығушылықтар сияқты емес, едәуір үлкен сала. 
Қоғамда жаңа технологияға күмәнмен қарайтын тағы бір топ компьютерлік ойындардың бала денсаулығына зиян екенін айтып, жас ұрпақты одан алшақ ұстау керегін ескертеді. 

Жұртшылық пікірі сан-саққа жүгіргенімен киберспорттың елде сала ретінде өз билігіне шығатын күні алыс емес.Екі жылдан соң Қазақстанда өтетін халықаралық "Болашақ ойындары" турнирі мәселерге толықтай нүкте қояды деп сенеміз. Шындығында, киберспорт - тұтас бір индустрия.Жастар виртуалды спортты кәсіпке, бизнес көзіне айналдыра алады. Тек денсаулығына келетін қауіпті естен шығармаса болғаны

Ақтоты  жаңабай


 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар