Айболат Серікжанұлы Қордай ауылында дүниеге келген. Туған жеріндегі мектепті бітірген соң әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Халықаралық қатынастар» факультетіне қабылданады. Университетті де үздіктер қатарында бітіреді. Кейін мұнымен шектеліп қалмай, шетелде білім алуды ұйғарады. Арманын шындықа айналдырып «Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ-тағы «Cornell University»-дің магистратурасына түсіп, оны ойдағыдай тәмамдайды. Ғылымға құмар азамат өткен жылы тағы да әйгілі «Massachusetts Institute of Technology» (MIT) университетінің бір жылдық бағдарламасына студент болып қабылданды.
Сонымен қатар кейіпкеріміз өзге жастарға шетелдік университеттерге оқуға түсуге көмектесіп, тәлімгерлік етіп жүр. Өткен жылы осы кезге дейін жинақтаған тәжірибесіне сүйене отырып «Ойлағаннан оңай: Үздік шетелдік университетке түсу стратегиялары» атты кітабын жарыққа шығарды.
– Жалпы шетелде оқуды алдыма мақсат етіп қоюымның бірнеше себебі бар. Ең бастысы – ішкі қанағатсыздық сезімі. Академиялық ортадан бұдан да көп нәрсе алуға болатынын түйсіндім. Негізі Гарвард университетіне оқуға түскім келді. Бірақ мақсатыма жетуге ағылшын тілі ең үлкен тосқауыл болды. Сондықтан ағылшын тілін 23 жасымда нөлден бастап меңгере бастадым. Күн сайын үздіксіз еңбектеніп, қажетті деңгейге жету үшін 4 жыл уақыт жұмсадым. Қаншама ұйқысыз түндер мен дайындықпен өткен күндер өз нәтижесін беріп, «Болашақ» бағдарламасының қатысушысы атандым. Алдымен Майами университетінде тілдік дайындықтан өтіп, содан соң білім алуға лайық жоғары оқу орындарын іздей бастадым. Ой таразысына сала келе АҚШ-тың әйгілі «Cornell University»-ді таңдап, мемлекеттік басқару мамандығы бойынша магистратураға түстім. Бұл таңдауыма бір сәт те өкінген емеспін. Себебі аталған білім ордасы – Лига Плющаға (АҚШ-тағы ең беделді 8 жекеменшік университеттен тұратын топ) кіретін, беделі биік оқу орны. Университет Нью-Йорк штатының Итака қаласында орналасқан. «Cornell University»-де үлкен өмір мектебінен өттім десем болады. Білім ала жүріп студенттік жатақханада әкімшілік қызмет атқардым. Қабылдау бөлімінде жұмыс істеп, бөлме брондау, жөндеу қызметін шақыру, хат-хабарды тарату сияқты күнделікті істерге жауапты болдым. Осы жұмысымның арқасында әртүрлі елден келген студенттермен араласып-құраласып, үлкен тәжірибе жинадым, – деген Айболат Серікжанұлы 2017 жылы магистратураны тәмамдап, Қазақстанға оралғанын жеткізді.
Елге оралған жас маман магистратураға дейін еңбек етіп жүрген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратындағы қызметін қайта жалғастырады. Араға уақыт салып 2022 жылы Айболат Әбітбеков Ғылым және жоғары білім министрлігіне ауысады. Алдымен министрлікке қарасты Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары, кейін Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры қызметін атқарады. Осы қызметте жүріп министрліктің халықаралық жобалары мен «Болашақ» бағдарламасын қадағалап, шетелдік серіктестермен байланыс орнату және түрлі бастамаларды үйлестірумен айналысады.
– Алайда көп ұзамай әлемнің даму қарқыны бұрынғыдан да жеделдей түскенін түсіндім. Біліміңді, әсіресе жасанды интеллект саласындағы сауатыңды үнемі жаңартып отыру қажет екеніне көзім жетті. Осы оймен 2024 жылы «Болашақ» бағдарламасына қайта өтініш бердім. Ережеге сай егер еңбек өтеу мерзімін толық аяқтаса бағдарламаға бұрынғы стипендиаттар қайта қатыса алады. Осы жолы мен «Massachusetts Institute of Technology» институтының (MIT-тің) «Visiting Fellow» атты бір жылдық бағдарламасына қабылданып, білім беру саласындағы жасанды интеллектті зерттеу бағытында білімімді жалғастырдым. Осылайша 37 жасымда тағы бір рет ғылым қуып шетелге аттандым. MIT студенті атану үшін мотивациялық хат жазу, түйіндеме дайындау, профессорлардан ұсыныс хаттар алу, ағылшын тілінен «TOEFL» тестін тапсыру және басшылықтан рұқсат алу қажет болды. Министрліктегі жұмысымнан босатпай қоюы да әбден мүмкін еді. Дегенмен, басшыларыммен ашық сөйлесіп, заманауи жасанды интеллект тақырыбын неге зерттегім келетінін түсіндірдім. Нәтижесінде олар менің ниетімді қолдап, сәттілік тілеп шығарып салды. АҚШ-та өткізген бір жыл ішінде Қазақстанды, достарымды, туған жерімді қатты сағындым. Сол сәтте тамырым тереңге жайылатын жер – өз Отаным, туған елім екенін іштей анық сездім. Сондықтан елге оралған соң бар білімімді де, күш-жігерімді де, өмірімнің ең мәнді жылдарын өз елімнің өркендеуіне арнағым келді, – дейді Айболат Серікжанұлы.
Биыл оқуын сәтті аяқтап туған еліне орағалған кейіпкеріміз «Болашақ» бағдарламасын басқаратын «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамына жұмысқа орналасып, басқарма төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды.
– «Cornell University»-ді бітіргеннен кейін таныстарым мен туыстарым, шетелде оқуды армандаған достарым жиі хабарласа бастады. Менің көмегімнің арқасында олардың көбі «Columbia University», «Duke University», «University of Miami», «Boston University», «Warwick University» секілді әлемнің ең беделді университеттеріне оқуға түсті. Ал оларға осындай іргелі оқу орындарының білімгері атануға жәрдемдесу менің сүйікті ісіме айналды. Талапкерлердің көбі дайындықты неден бастау керегін білмей, түрлі қорқыныштарға бой алдырады. Негізгі қиындықтар – нақты мақсаттың болмауы, өзіне сенімсіздік, мамандықты дұрыс таңдамау және грант алу мүмкіндіктерін толық түсінбеу. Мен қолдан келгенше барлығына көмектесуге тырыстым, әр қадамды түсіндіріп, мифтерді сейілттім, мотивациялық хаттарын тексеріп, стипендиялар мен оқу орындарын іздедім, көптеген жеке кеңес өткіздім. Уақыт өте келе бір қызық жайтты байқадым. Шетелге оқуға түсу туралы кеңес сұрайтын әр адамға шамамен бірдей нәрсені айтып жүр екенмін. Сол кезде «неге осының бәрін жинақтамасқа?» деген ой келді. Осылайша барлық тәжірибе мен нақты нұсқаулықтарды жүйелеп, ортақ бір форматқа түсіру идеясы пайда болды. Ойымды жүзеге асырудың ең қолайлы шешімі – кітап шығару. Біріншіден, шетелдік оқу орындарына түсу жайлы ақпарат интернетте тым көп, бірақ құрылымсыз. «Google»-дан іздесеңіз, шексіз дерекке тап боласыз. Бір сайт ағылшын тілін үйрену туралы айтады, екіншісі университет таңдауға кеңес береді, үшіншісі мотивациялық хат жазуға, ал төртіншісі құжат тапсыруға тоқталады. Бір жерде ақпарат қайталанып жатса, өзге сайттағы деректер шашыраңқы. Талапкерлер нақты қай бағытта жүру керектігін білмей, сол ақпарат тасқынында адасып кетеді. Осы тұста менің мақсатым – ақпараттардың бәрін сүзгіден өткізіп, жүйелеп беру, интернеттегі мыңдаған дереккөздің бірі болу емес, нақты бағыт көрсететін құрал жасау, – дейді ол.
Сондықтан Айболат Серікжанұлы болашақ студенттерге арналған түсінікті әдістемелік еңбек құрастыруға кіріседі. Бұл істі әлеуметтік желілерде не «YouTube»-та жүзеге асыру қиын болды. Себебі желі қолданушылары соңғы жарияланымдар мен бейнелерді көреді, ал жүйелі мазмұн ескерусіз қалады. Сол себепті ең тиімді формат – кітап жазу. Дегенмен пайдасы мол жинақты жарыққа шығару кейіпкерімізге оңайға соқпапты. «Қалай жазсам оқырманға түсінікті әрі пайдалы болар екен?» деп он ойланып, мың толғанады. Жас талапкерлерге құнды дүние ұсыну үшін алдымен кітап жазу жөніндегі ондаған еңбек сатып алып, түрлі семинарлар мен онлайн-марафондарға қатысады.
Өзі қатысқан кезекті іс-шарада жолыққан бір спикер Айболатқа әлеуметтік желілерде жеке парақша жүргізіп, мол тәжірибесімен бөлісуге кеңес береді. Ұзақ ойлана келе, сол пікірге құлақ асып, әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларына Еуропа елдеріндегі беделді оқу орындарына оқуға түсу жолдары туралы қысқа посттар жариялай бастады. Нәтижесінде аз уақыт ішінде 7 000 мыңнан аса жазылушы жинап, мақсатты аудиториядан нақты кері байланыс алады. Лайктар мен пікірлер арқылы қай тақырыптардың қызықты, қай бағыттардың өзіне көмектесіп жатқанын байқады. Осы тәжірибе оның жазу стилін қалыптастырды.
– Әскерилердің тілімен айтсам, әлеуметтік желі – мен үшін сынақ алаңы болды. Осында оқырманның не іздейтінін, ақпаратты қалай қабылдайтынын түсіндім. Алған тәжірибем кітаптың тілі мен құрылымын нақты таңдауға көмектесті. Барлық кеңестерім өмірден алынған, шынайы тәжірибеге сүйенеді. Кітаптағы әрбір бөлім – өзімнің емес, мен көмектескен ондаған талапкердің табысты оқиғаларының жемісі. Дәл осы тәсілдер мен стратегиялар өзімнің де MIT-ке түсуіме жол ашқан болатын, – дейді А.Әбітбеков.
Негізінде «Ойлағаннан оңай: Үздік шетелдік университетке оқуға түсу стратегиялары» атты кітапты жазу идеясы 2017 жылы пайда болған екен. Сол сәттен бастап кейіпкеріміз жобаға бар уақыты мен күшін арнаған. Толық жазып шығу үшін 7 жыл бойы еңбектенген. Жұмыс баяу жүріп, тіпті шаршататын сәттер де көп болғанымен, идеясын жарты жолда тастап кетпеген. Бір тарауды жазуға бірнеше ай жұмсаса, ал кейде жазған материалдарын өшіріп тастап, бәрін қайтадан бастайтын. Себебі автор үшін ең бастысы – сапа. Уақыт емес, нәтиже маңызды еді.
Айболат Серікжанұлы казіргі уақытта негізгі қызметімен қатар, достарымен бірге жаңа білім беру стартапын құруды қолға алған. Жаңа жобаның мақсаты – талапкерлерге шетелдік университеттерге оқуға түсуге жүйелі түрде көмектесу. Бұл стартап кейіпкеріміздің кәсіби тәжірибесі мен жеке миссиясының жалғасы сияқты. Айболат алдағы уақытта екінші кітабын жарыққа шығаруды жоспарлап отыр. Айтуынша, бұл еңбек өзі үшін алдыңғысынан да маңызды дүние болмақ.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ
Ауылдан – арманға
Ұқсас жаңалықтар
Жаза емес — көмек: Жамбыл облысында қиын жасөспірімдермен жұмыс күшейтілді
- авторAR-AY
- 30 қазан, 2025



