Сапарғали – ҚР Қарулы Күштері қатарына 18 емес, 27 жасында қабылданған жалғыз сарбаз. Тау сақшылары полкінде Отан алдындағы борышын өтеген жауынгерге жасы кіші әріптестері ұзақ уақыт таңданыспен қарап жүріпті. Себебі 18 жасар ұлдар үшін отбасылы, балалы-шағалы Сапарғали үлкен азамат болып көрінеді. Уақыт өте келе сұрақ та, таңданыс та тоқтап, «қарт» сарбаз өзге жауынгерлермен тіл табысып кетеді. Әрі жас көрінгендіктен өзгелерден үлкендігі айрықша біліне қоймады.
– Әскерде болуды бала күнімнен армандайтынмын. Орта мектепті тәмамдағаннан кейін бірден әскерге баруды жоспарладым. Құлшынысым жоғары еді. Тексеруден өткенде денсаулығыма қатысты ешқандай мәселе туындамады. Бірақ отбасылық жағдайға байланысты жұмыс істеуім керек болды. Шаңырағымыздағы жалғыз асыраушы болған соң әскери комиссариат әскерге жіберуді кейінге қалдырды, – дейді С.Ақжол. Екі қарындасы Әйгерім мен Аманкүлді бағып-қағу жас Сапарғидың иығына артылуы анасының өмірден өтуімен байланысты. Ал әкесі мүгедектігіне байланысты енбекке жарамсыз еді. Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, Келес ауылында туып өскен жігіт 11-сыныпты бітіргеннен соң «әскерге барсам» деген арманын жүрегінің түкпіріне сақтап, ерте еңбекке араласты.Сапарғали жұмыс іздеп Алматыға келеді. Сөйтіп, такси жүргізушісі болып еңбек етеді. Тапқан табысы отбасын асырауға кететін. Алайда кейіпкеріміз өмір жолы осылай өрілгеніне еш өкінбейді. Себебі такси жүргізушісі бола жүріп, болашақ жары Аружанмен танысқан. – Жолаушыларды тасып жүрген күндердің бірінде көлігіме Аружан мінді. Жол қысқарсын деп әңгімелесе бастадық. Сөз арасында бойжеткен Орал қаласынан жоғары оқу орнында білім алу үшін келгенін айтты. Аз уақыт ішінде ұқсастығымыз көп сияқты көрінді. Аружан да мен сияқты отбасынан алыс жүр. Бейтаныс қалада жалғыз. Сұлу қызды әлі де жақын тани түскім келгенін ұғындым, – дейді кейіпкеріміз.Ұяң жігіт ақырын ғана бойжеткенге хабарласып тұрғысы келетінін айтып, келісімін сұрады. Қыз да жігіттің ниеті таза екенін түсініп, ұялы байланыс нөмірін қалдырып кетеді.– Қарапайымдылығымен, адалдығымен, көңілінің тазалығымен өзіне баурап алды. Үнемі көңіл бөліп, өмірімде болып жатқан жайттарға бейжай қарамайтын. Оқуымның қалай болып жатқанын жиі сұрап тұратын. Әрі отбасына, қарындастарына деген жанашырлығы тәнті етті. Сапарғалидың мейірімді адам екеніне еш күмәнім болған жоқ. Біраз уақыттан кейін шынымен де жауапты, салмақты адам екеніне көзім жетті,– дейді сарбаздың жары Аружан Керімбаева. Көп ұзамай жастар шаңырақ көтерді. «Әр баланың өз несібесі бар» деген сөз текке айтылмаса керек. Қызы Айым жас отбасы үшін қаржылық жағынан қолайлы кезеңде дүниеге келді. Сапарғалидың қос қарындасы мектеп бітіріп, бірінің артынан бірі тұрмысқа шығып, өз ұясына ұзатылды. Бір қарындасы күйеуімен Байқоңырға кетсе, екіншісі Сарыағашқа көшті. Әйелі Аружан болса, оқуын аяқтаған соң өзі білім алған университетте мұғалім болып қызметте қалады. – Отбасымның қаржылық жағдайы жақсарып, қарындастарым жеке өмірін құрған сәтте ескі арманымды орындауға бекіндім. 26 жаста болғандықтан әлі де әскерге шақырылатын мүмкіндігім бар еді. Шешіміме әйелім де құрметпен қарады. Мен оған әскерге бару бала күнгі арманым екенін айтқанда қарсы болмады, – дейді Сапарғали. Сөйтіп, медициналық тексеру мен іріктеуден сәтті өткен Сапарғали Жуалы ауданындағы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты тау сақшылары полкіне қызмет етуге жіберіледі.Тау сақшылары полкінің командирі, подполковник Алмас Отыншынов Сапарғалидың жасы ұлғайған шағында әскерге шақырылуы құрметке лайық екенін айтады.
– Ғашықтық сезімде шектеу болмайтыны секілді, Отанға деген махаббат та жас талғамайды. Сапарғалидің осы әрекетін жас сарбаздарға үлгі ретінде айтып жүрміз. Бұл олардың жауынгерлік рухын және әскери ұжымдағы ұйымшылдығын нығайта түседі, – дейді А.Отыншынов.
Бір қызығы, Сапарғали Ақжол былтыр көктемде екі ай уақыттың ішінде жедел әрекет етпегенде 27-ге толып, әскерге шақырылу мүмкіндігінен айырылар еді. «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңға сәйкес ҚР Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың қатарына 18 бен 27 жас аралығындағы бозбалалар мен жігіттер шақырылады. Сонымен қатар оның отбасы мен бір баласының болуы да әскери қызметке шақырудан кейінге қалдыру құқығын берген. Бірақ сарбаз ол жеңілдіктен бас тартып, әйелінің жазбаша келісімімен расталған арыз жазды. Осылай бала күнгі арманын орындады.
Полк командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы, аға лейтенант Бағдәулет Аманжол Сапарғалидың жауапты, байсалды сарбаз болғанын айтады.– Ересек сарбаз ретінде ол әскери пәндерді жетік меңгерді. Ақылымен, ұстамдылығымен, бауырмалдығымен ортасына сыйлы болды. Жас сарбаздар оған жасы ұлғайған, өмірлік тәжірибесі бар дана адам секілді құрметпен қарап, жиі кеңес сұрап тұратын, – дейді Б.Аманжол.
Әскерге шақырылғаннан кейін екі ай өткенде Сапарғали 27 жасқа толды. Әскери борышын өтеп жүргенде қызы Айым үш жасқа келді.
– Үш жасқа толғанында қасында бола алмағаныммен перзентханадан шыққанда әйелім мен қызымның қасында болдым. Қызғалдағымның алғашқы қадамын көрдім, алғашқы сөзін естідім. Оның үстіне отбасыммен үнемі бейнеконференция арқылы байланысып тұрдым. Әскердегі бір жыл көзді ашып-жұмғанша сырғып өте шықты. Азаматтық парызымды өтеп, отбасыма оралғаныма өте қуаныштымын, – деп жымияды Сапарғали.Осылайша кейіпкеріміз Отанға деген шексіз сезімін сөзбен емес, іспен дәлелдей білді. Жастық шағында отбасының ауыртпашылығын көтерген жігіт арманын он жылдан кейін орындады. Антқа, арманға адалдықтың көрінісі осы болса керек.
Ақтоты Жаңабай
Автожолдардың ахуалы қалай?
Ұқсас жаңалықтар
Қазақстандық оқушылар робототехникадан үш дүркін әлем чемпионы атанды
- авторAR-AY
- 30 қыркүйек, 2024
Енді колледждер өз базасында шығарған тауарлар мен қызметтерден табыс таба алады
- авторAR-AY
- 5 қыркүйек, 2024