Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мерзімді әскери қызметкерлер Атыраудан оралды

Мерзімді әскери қызметкерлер Атыраудан оралды
ашық дереккөз
Атырау облысындағы су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысып жатқан мерзімді әскери қызметтегі жиырма сарбаз запасқа шығуды рәсімдеу үшін Тараз қаласына қайтты.

Мерзімді әскери қызметтің аяқталуына байланысты «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы іссапарды тоқтатып, сарбаздарды әскери бөлімге қайтару туралы шешім қабылдады. Олар Атыраудан тұрақты орналасу пунктіне Әуе қорғанысы күштерінің әскери-көліктік ұшағымен жеткізілді.

Бір ай бұрын бұл жауынгерлер Бауыржан Момышұлы атындағы бесінші механикаландырылған бригаданың біріккен жасағы құрамында су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысу үшін Тараздан Атырау облысына барған болатын. Аталған бригаданың 300 әскери қызметшісі тәулік бойы Жайық өзенінің жағасын нығайтып, бөгеттер тұрғызды.

– Күндіз-түні жұмыс істеп, аз ұйықтадық. Алғашқы уақытта қатты шаршаған кездеріміз де болды.  Бірақ біз көмекті бір сәтке де тоқтатқан жоқпыз. Су көтерілген жағдайда шайып кетпес үшін бөгетті тез әрі сапалы салу керек екенін түсіне білдік әрі ақылмен әрекет еттік, – деп еске алады апатпен алысқан күндерін қатардағы жауынгер Нұрғали Нұғман. Мерзімді әскери қызметтің соңғы айы сарбаздар үшін шынымен де оңай болған жоқ. Олар тасқын суға қарсы күресті одан ары жалғастыруға дайын болатын. Бірақ сарбаздарға Таразға оралу туралы бұйрық берілді. Жігіттер өздерінің әскери және азаматтық міндеттерін толығымен орындап, бейбіт күннің нағыз батырларына айналды.
– Дәл қазір бәріміз де үлкен мақтаныш сезімін бастан кешіп тұрмыз. Барынша күш біріктірдік. Осы уақыт ішінде біз бұрынғыдан көп ұйыса білдік. Бұл оқиға мәңгі есімізде қалады, – деп атап өтті шымкенттік ефрейтор Әли Әбубәкір.


Ал әскери бөлім сарбаздарды салтанатты жағдайда қарсы алды. Келесі күні оларға әскери билеттер мен жоғары оқу орындарына түсу сертификаттары табысталып, алғашқы лек үйлеріне қайта бастады.Мерзімді әскери қызметтегі сарбаздар өңірге оралғанымен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының офицерлері мен әскери қызметшілері Атырау облысындағы су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысуды жалғастыруда.
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар