Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Автожолдардың ахуалы қалай?

Автожолдардың ахуалы қалай?
ашық дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында еліміздегі автожолдың сапасына баса тоқталған еді. Президент: «Автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керек. Бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де бұл мәселе әлі шешімін таппай отыр. Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім. Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға алсын. Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек», – деген болатын.

КӨЛІК-ЛОГИСТИКА КЕШЕНІНІҢ ДАМУЫ

Жалпы еліміз егемендік алғанда КСРО дәуіріндегі біртұтас экономикалық кеңістік ыдырап, салдарынан жаңа нарықтық қатынастарға орай Қазақстанның алдында өзінің көлік-логистикалық кешенін дамыту міндеті тұрды. Ең әуелі, бұл мемлекетті ұлттық табысқа қол жеткізуге, халықтың әл-ауқатын арттыруға бастайтын маңызды қадамның бірі еді. Сол кезде тоз-тозы шыққан ауыл көшелері мен Кеңес үкіметінен қалған облыстық, аудандық мәндегі ойдым-ойдым жолдарды жөндеуге қаржылық мүмкіндік бола қоймады. Ауыл мен ауылды, қала мен қаланы жалғайтын жолдарды ретке келтіру, шекаралас елдермен арадағы жүк тасымалын талапқа сай ету оңайға соқпады. Көлік-логистикалық кешені арқылы аймақаралық және халықаралық экономикалық қатынастарды нығайту ең маңызды мәселенің бірі ретінде күн тәртібінде тұрды. Өйткені ұлттық экономиканың қарқынды өсуі ішкі және халықаралық көліктік бағыттар бойынша жүк және жолаушылар ағыны көлемінің артуымен тікелей байланысты еді. 

Көлік инфрақұрылымы дамымаған елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы тежелетіні белгілі. Сол үшін де мемлекетіміз халықаралық талапқа сай көлік дәліздерін дамыту үшін көлік-логистикалық инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға баса мән берді. Ел экономикасының басты саласының бірі көлік-логистика кешені екеніне ел аузындағы «Жол – экономиканың күретамыры» деген сөз де нақты дәлел бола алады.Негізі елімізде автожол құрылысы айтарлықтай қарқынмен дамып келеді. Автомобиль жолдарының даму деңгейі халықтың автокөліктермен жабдықталуымен де байланысты. Ескі болса да ауылдық жердің өзінде екі үй сайын бір көліктің болуы, тұрғындардың жолаушы тасуды, жүк тасымалын кәсіп етуінің арқасында тұрмыстық жағдайы түзеліп, халықтың табысы мен көлік салығынан құралған қаржы автожолдар желісін жаңғыртуға айтарлықтай септігін тигізді. Бүгінде Қазақстанның автожолы арқылы жолаушы, жүк тасымалы тиісті жолға қойылғандықтан мемлекетіміз көлік-логистика кешені бойынша дамудың жаңа кезеңінде тұр. Облыстағы көрсеткіш жақсарып келеді.

Ал облысымыздағы жолдардың сапасына келсек, жергілікті маңызы бар автожолдардың жақсару деңгейі 99 пайызға, елді мекен көшелері 87 пайызға жетеғабыл болып отыр. Облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықов (суретте) аталған көрсеткішке қол жеткізу биылғы меже ретінде көзделгенін, оның орындалуына соңғы уақытта өңірде аталған салада ілкімді істердің атқарылуы себеп болып жатқанын айтады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындауға байланысты Үкіметтің қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының да тиімді жүзеге асырылуы Әулиеата өңірі жолдарының жақсаруына ықпал етіп отырғанын айта кетуіміз керек. Себебі тұжырымдамада атап көрсетілген міндеттердің уақытылы іске асырылуы жолдардың сапалы болуымен қатар көлік қатынасының жақсаруына, тауар айналымының артуына және еңбек ресурстарының мобильділігіне ықпал етуде. Қазіргі таңда осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар жолдың сапасына қолжетімділікті, қауіпсіз және инклюзивті ұтқырлықты қамтамасыз ете отырып, еліміздің бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға мүмкіндік беруде. Соның арқасында Қазақстан аумағы бүгінде транзиттік хабқа айналып келеді. Бұл өз кезегінде экономиканың барлық секторларындағы белсенділіктің артуына жол ашуда. Жол сапасының жақсаруы халықтың тәуір тұрмыс кешуі мен олардың қауіпсіздігіне де оң әсерін тигізуде.

– Облысымыздағы жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары 4 338 шақырымды құраса, елді мекен көшелерінің желісі – 5 662 шақырым. Жергілікті маңызы бар жолдар мен елді мекен көшелерінің жалпы ұзындығы 10 000 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдары – 1198,5 шақырым. 1756,2 шақырымы облыстық маңызы бар жол болса, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 1383,3 шақырымды құрады. Қалғаны қалалық, ауылдық елді мекендердегі көшелер.
2024 жылы жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуге 23,3 миллиард теңге қарастырылды. Бөлінген қаражат есебінен «Бурыл А, Б, В», «Барысхан», «Радай» көпірі секілді 16,5 шақырым көше жолына құрылыс жұмыстарын жүргізу көзделді. Сонымен қатар ұзындығы 3 шақырымды құрайтын Тараз қаласындағы Шостакович, Саңырық батыр көшелері, Қаратау қаласындағы 3 көшені қайта жаңғырту және 630,5 шақырым жолды орта жөндеуден өткізу жоспарланған. Оның ішінде 89,2 шақырымы облыстық, 71,9 шақырымы аудандық маңызы бар автожол болса, 469,5 шақырымы елді мекен ішіндегі көшелер.

Биыл жол саласында барлығы 327 жоба іске асырылып, 650 шақырым жол құрылысын жүргізу, қайта жаңғырту, орта жөндеуден өткізу ісі қолға алынды. Оның ішінде ҚР көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы» аясында 34 жоба, яғни 161,1 шақырым жол жөнделеді. «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде 197,2 шақырым, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 18,3 шақырым жол құрылысы жүргізіледі. 

«Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы бойынша 1,2 шақырым, жергілікті бюджеттер есебінен 272,3 шақырым жол жөнделеді. Сонымен қатар жергілікті маңызы бар автожолдарда бірнеше негізгі жұмыс жоспарланып, атқарылады. Мәселен, 113 873,9 шаршы метр шұңқырлар бүтінделіп, 385 шаршы метр жол жамылғысының ісіңкі, толқынды жерлері жойылады. 1 761 жаңа жол белгілерін орнату және ауыстыру жұмысы жүргізіледі. 301 дана белгі беру бағандары жол бойына орнатылып, жолға көлденеңінен ұзындығы 591,5 қума метрді құрайтын жасанды тегіссіздік кедергілері орналастырылады. 13 817 шақырым жолдың жүріс бөлігін таңбалау жұмыстары атқарылып, 101 шаршы метр шулы жолақтар орнатылады және жол жағалауларында 256,6 гектар ұзындықта өртке қарсы минералданған жолақтар жыртылады, – дейді Мұрат Құттыбайұлы.

 Құрылыс сапасы қарқынды

Жалпы 2024 жылы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесін 99 пайызға (жақсы – 62 пайыз, қанағаттанарлық – 37 пайыз) жеткізу жоспарланған. Сол секілді елді мекен көшелері бойынша бұл көрсеткішті 87 пайызға, жақсы жағдайдағысын – 47, қанағаттанарлық жағдайдағы көшелер санын 40 пайызға жеткізу межеленіпті.
Бүгінде жол жөндеу бойынша 303 жобаның 289-ына мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, 248 жоба бойынша конкурс қорытындысы шығып, келісімшарттар жасалған екен. Ал 24 жоба 2023 жылдан өтпелі.Техникалық қадағалау қызметі бойынша 303 жобаның 292-сіне мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, 275 жоба бойынша конкурс қорытындысы шығып, тиісті тараптармен келісімшартқа қол қою рәсімдері жүргізілуде. Аталған басқарманың автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерболат Сейтбеков қазіргі уақытта 86 жоба бойынша жұмыстар басталып, құрылыс қарқынды жүргізіліп жатқанын сөз етті. 

– Құрылысы қолға алынған аталған жобалардың ішінде Тараз қаласында, Байзақ, Сарысу, Меркі, Талас және Шу аудандарында жұмыстар қарқынды жүруде. Осы жылы Тараз қаласындағы Шостакович, Саңырық батыр көшелеріндегі қайта жаңғырту жұмыстарын аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр.Тараз қаласының аумағы кеңейіп, бірқатар ықшамаудан бой көтерді және «Барысхан», «Бурыл» секілді жаңа тұрғын алқаптар ел игілігіне берілді. «Барысхан» мен «Бурыл» тұрғын алқабының А, Б, В бөлігіне асфальт жол салу жұмыстары жалғасады. Одан бөлек бүгінде монақалаларда да тіршілік жанданып, халық саны еселеп өсуде. Көліктер саны да көбейіп, қозғалыс қарқыны артып келе жатқан моноқаланың бірі – Талас ауданындағы Қаратау қаласы. Осы аудан орталығындағы Арбатас, Панфилов және Тамды Әулие көшелерін қайта жаңғырту жұмыстары енді басталды. Мойынқұм ауданындағы апатты жағдайдағы «Радай» өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы жүргізіледі.

Елді мекен көшелерін жөндеу де назардан тыс қалмауда. Мәселен, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту мақсатында жыл сайын «Ауыл – ел бесігі» жобасы іске асырылуда. Жоба аясында биыл 73 ауылдың 249 көшесіне орта жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Жол жөндеу жұмыстарының сапасын қамтамасыз ету үшін «Жол активтері» ұлттық сапа орталығына бюджеттен 134,4 миллион теңге бөлінді. 

«Жол активтері» ұлттық сапа орталығына автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп-ұстау кезіндегі жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізу, жол активтерін басқару, сондай-ақ жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын орташа жөндеуге арналған техникалық құжаттамаға ведомстволық сараптама жүргізу, жаңа технологияларды енгізу функциялары жүктелген.

«Жол активтері» ұлттық сапа орталығы тарапынан қолданылып жатқан барлық құрылыс материалдары мен орындалған жұмыстар сапасын растайтын сараптама-қорытындылар алынып, салынған жол қабаттарының қалыңдығы мен ендеріне өлшеулер жүргізу жүйелі жолға қойылған. Бүгінгі күнге дейін ұлттық сапа орталығы арқылы 145 жерге зерделеу жұмыстары жүргізіліп, 224 сынама алынды. Автожолдардың сақталуы мен ұзақ мерзімге шыдамды болуына әсер ететін негізгі фактор – жолды пайдалану ережелері мен оған қойылатын талаптардың бұзылмауын қамтамасыз ету. Дегенмен ауыр жүк көліктерінің бақылаусыз жүруінен автожолдардың асфальті мерзімінен бұрын езіліп, жолдың бұзылуынан шұқырлардың көбею фактілері азаймай тұр. Бұл ретте кен орындарында ғана жүруге рұқсат етілген көліктердің де келтіретін залалы басым. Нақты айтқанда, кен орындарында пайдаланылатын ауыр техникалардың облыс, аудан аралығында ағылып жүруінен жуырда ғана төселген асфальт жолдар отырып, мүжіліп, ой-шұңқырлар пайда болып, автожолдар қызмет көрсету мерзімінен бұрын тозуда.

Ауыр жүк көліктерінің бақылаусыз жүруінен жергілікті маңызы бар автожолдардың бұзылуына жол бермеу мақсатында облыс бойынша көліктік бақылау инспекциясымен бірлескен іс-шараларға сәйкес облыс жолдарында кезекшіліктер ұйымдастырылып, тексерулер жүргізу жалғасуда. 2024 жылдың 4 айының қорытындысы бойынша жылжымалы көліктік бақылау посттарында 308 автокөлік құралы тексерілді. Жылжымалы көліктік бақылау посттарында 585 әкімшілік хаттама толтырылып, кінәлілерге 19,2 миллион теңге айыппұл салынды. Жергілікті бюджетке 18,2 миллион теңгесі өндірілді, – 
дейді Ерболат Оразбақұлы.

Осыдан бірнеше жыл бұрын қалаішілік және аудан, қалааралық жолаушы тасымалдайтын қоғамдық көліктердің арасында ескілерінің саны көп болатын. Ескі қоғамдық көлікті пайдалануда жұртшылықтың жолсоқты болуынан бөлек, оның өңірдің экологиялық ахуалына да тигізетін зияны орасан еді. Бүгінде облыс орталығында тозығы жеткен автобустар шетінен жаңасына алмастырылып, автопарктерді жаңарту жүйелі жолға қойылды. Бұл өңір экономикасы, оның ішінде көлік логистикасы саласының әлеуеті артып келе жатқанын көрсетсе керек.
Облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Ғазиз Ташметовтің сөзіне сүйенсек, өңірде жолаушылар көлігі саласы бойынша жүргізілген жұмыстар оң нәтиже беруде.– Бүгінде облыс бойынша 136 автобус бағыты ұйымдастырылған. Оның ішінде облысаралық 12 маршрут, ауданаралық – 26, ауданішілік – 54, қалаішілік – 39, қала маңында 5 маршрут халыққа қызмет көрсетуде. Бұл бағыттарда 789 автобус арқылы 43 тасымалдаушы мекеме жұмыс істейді. Оның 155-і облысаралық, 130-ы ауданаралық, 89-ы ауданішілік, 415-і қалалық және қала маңындағы автобустар.Басқарма тарапынан облысаралық 12 маршрут, ауданаралық 26 маршрут ұйымдастырылған. Халықтың сұранысына сәйкес Тараз қаласынан және аудан орталықтарынан Алматы қаласына 8 облысаралық маршрут ашылған. Тарқата айтсақ, Тараз-Алматы арасында – 2, Жаңатас-Алматы, Меркі-Алматы, Шу-Алматы, Мойынқұм-Алматы, Қаратау-Алматы бағыттарында автобустар қатынайды. Сондай-ақ Тараз-Шымкент, Қаратау-Шымкент, Жаңатас-Шымкент бағыттары жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар Астана және Қарағанды қалаларына бір-бір маршрут қарастырылған. 

Ауданаралық 26 маршрут құрамында Байзақ, Жамбыл ауданын қоспағанда Тараз қаласы мен 8 аудан орталықтарын жалғайтын көліктер қатынауда. Бұған қоса 2 ауданды өзара қосатын 3 маршрут қажеттілікке байланысты ұйымдастырылған. Ол – Қаратау-Жаңатас, Меркі-Құлан, Шу-Мойынқұм-Ақбақай. 
Тараз қаласы мен аудандардың елді мекендерінің арасында 15 маршрут ұйымдастырылған. Бүгінгі таңда қоғамдық көлік саласындағы өзекті мәселе – тасымалдаушы автопарктердің жылжымалы құрамдарын жаңарту. Аталған бағытта 2019 жылдан бастап жалпы 292 жаңа автобус жеткізілді. Оның ішінде 2019 жылы 70 автобус алынды. 2020 жылы 15 автобус жолға шықса, 2021 жылы 32 қоғамдық көлік сатып алынған. 2022 жылы – 37, былтыр – 73, биыл 65 автобус әкелінді.Сонымен қатар «Өнеркәсіптік дамыту қоры» акционерлік қоғамы арқылы лизингтік қаржыландыру бағдарламасымен Шу ауданында 7 және Меркі ауданында 6 автобус сатып алынды.Биыл басқармаға қарасты әлеуметтік маңызы бар 6 автобус және 3 теміржол, яғни 9 маршрут үшін 492,1 миллион теңге қаражат бөлінді.Сонымен бірге ағымдағы жылы қалаішілік және ауданішілік 88 әлеуметтік маңызы бар маршрутқа 2,7 миллиард теңге бөлінген болатын. Әлеуметтік маңызы бар маршруттардың 39-ы қалаішілік, 49-ы ауданішілік. Қаралған қаржының ішінде қалаішілік маршруттарға 2 миллиард теңге, ал қалғаны ауданішілік маршруттарға бағытталды, – дейді Ғазиз Мұратұлы.


Облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан атқарылған жемісті жұмыстардың арқасында өңірдің автожол саласын дамытудың басым бағытына жататын өзекті мәселелер біртіндеп шешімін табуда. Жамбыл ауданында да жүйелі жұмыс бар 

Жамбыл ауданында 2 жылдың ішінде 134 мың шақырым жол жөндеуден өтіпті. Бұл ауылішілік жолдарды жөндеуден өткізу туралы тұрғындардың басты талаптарын орындау барысында атқарылған шаруалардың жемісі. Аудан басшылары жергілікті халықпен кездесіп, олардың талап-тілегі мен уәжін тыңдау барысында нақ осы мәселе жиі көтеріліп келген. Қазір мәселе біртіндеп шешімін табуда.

Жалпы аудан бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 321,6 шақырымды құрайды. Оның ішінде 72 шақырым республикалық маңызы бар, 85,7 шақырымы облыстық мәндегі жол болса, 163,9 шақырымы аудандық мәндегі жолдар. Оған қоса ауылішілік 539 көшенің ұзындығы 427 шақырымды құрайды екен. Ауылішілік көшелердің 274 шақырымы асфальтталса, 152,4 шақырым жол – шағалды төсем. 

Жұртшылықтың талап-тілегін орындау, көтерілген мәселені шешу, бір мезетте көшелерді бірден асфальттап тастау мүмкін емес. Дегенмен бұл жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылып келе жатқаны қуантады. Мысалы, 2022-2023 жылдары 134 мың 620 шақырымды құрайтын 142 ауылішілік көше мен аудандық мәндегі жол жөндеуден өтіпті. Осының өзі аудан үшін үлкен олжа. 2022 жылы 49, 2023 жылы 93 көше тақтайдай тегістеліп, ел бұл игі іске ризашылығын білдірген көрінеді. Бұл жұмыстарды жүзеге асыруға тиісті бюджеттерден 3 миллиард теңгеден астам қаржы қаралыпты. Бүгінде Аса, Шайдана, Тастөбе, Ащыбұлақ, Қостөбе, Жамбыл ауылдарында көшелер толықтай асфальтталған. Осы жылы да 20 жобаны жүзеге асыруға күш салып, тұрғындардың талап-тілегін орындау күн тәртібінде тұрған негізгі мәселенің бірі.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар