СЫЗДЫҚОВТАР ОТБАСЫНЫҢ СЫРЫ НЕДЕ? Сыздықовтар отбасының сыры неде?
- author AR-AY
- 16 мамыр, 2024
- 276
Осы екі дүние адамзат баласы үшін баламасы жоқ құндылықтардың қатарында. Торғай екеш торғайдың өзі өз ұясын қорғап өмір сүреді. Оған қарағанда адам баласының отбасы мен жанұясына деген мейір-махаббатының көлемін еш өлшемге сыйдыра алмауымыз орынды.
Қазіргі таңда өзіміз көп айтатын отбасы құндылығы деген ұғымның нақты ережесі қандай екенін ешкім де дөп басып айта алмайды. Алайда әркімнің өзінің құндылық деп санайтын дүниесі болады. Дәл сол сияқты бір отбасында дастарқан басында түгел жиналып шай ішіп, әңгіме айту қызықты болса, енді бір отбасында бірге жүріп серуендеу маңыздырақ болуы мүмкін. Ал біз мақаламызға арқау етіп отырған Сыздықовтар отбасының құндылығы мүлде бөлек. Олар өздерін рухани тұрғыда дамытып келе жатқан отбасы. Бұл жанұяда әженің ертегісі де айтылады, әкенің ақылы да тыңдалады. Ананың әлдиі де естіледі. Кітап та оқылады.
Мұндай рухани үндестіктің тамыры қайда жатқанын біз берекелі шаңырақтың төлбасы Шырайлым Берікқызынан сұрадық.
– 2009 жылдың 4 маусымында Тараз қаласында дүниеге келдім. Қазір Бауыржан Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясының 9-сынып оқушысымын. Көпбалалы отбасының тұңғышымын. Менен кейін үш сіңлім мен бір інім бар.
Отбасымызда әжеміз Шырынкүл Сыздықоваға бағынамыз. Әжем Сарысу ауданында туып, сондағы мектепте бастауыш сынып мұғалімі болған. Кейін қалаға келіп, балабақшада тәрбиеші қызметін атқарған. 76 жасқа келген әжеміз қазір зейнетте. Ал әкем Берік Сыздықов – теміржол саласында жұмыс істейді, жоғары білімді кісі. Біз бәріміз жиналып алып кешкі уақытта әкемнің домбырамен айтқан әндерін тыңдаймыз. Ал анамыз Жания Бірқожаева Бауыржан Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясында «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді.
Анам Қордай ауданындағы Қасық ауылының тумасы. Қазір аталған ауыл Әлжан ана атында. Анамның анасы да, атасы да, бауырлары да мұғалімдер. Кейде үйде отырғанда анам да әкеммен бірге бізге домбырамен күй тартып, ән айтып береді. Сол кезде біз ерекше бір сезімге бөленеміз. Әрі ата-анамның өнерлі болғанына мақтанамын.
Айтпақшы, анам мені дүниеге алып келгенде өз жанынан өлең де шығарған екен.
«Балапаным,
Қанат қағар ұяң – осы, қарап алғын.
Қарап алғын!
Бұл – сенің құт мекенің,
Таразға тамған тұңғыш кіндік қаның.
Тілеп тұр қарт Таразға бақыт таңын,
Бақытты бол, бал қызым, аппақ таңым!» деген анамның бесік жырынан анамның қаншалықты өнерлі екенін білуге болады. Сонымен қатар бізге үйде әжем мен анам көп нәрсеге үйретеді. «Қызға қырық үйден тыйым» деп, оғаш қылықтарымызға үнемі ескерту жасап, биязылыққа тәрбиелесе, анам жан-жақты болуымызға, еш алаңсыз білім алуымызға, сайыстар мен байқаулардан қалдырмай, тұлғалық қалыптасуымызға жағдай жасайды. Әкем көп сөзді емес, ол кісіден артық ескерту алмауға тырысамыз, – дейді Шырайлым Берікқызы.
Отбасының отанасы, бес баланы тәрбиелеп отырған ана Жания Бірқожаева өзін жастай осындай отбасы болуға тәрбиелегенін, әсіресе аналық тұлға қалыптастыруына көптеген кітап оқуы әсер еткенін айтады.
– Отбасымызда адал еңбекке қатты мән береміз. Жетістіктердің барлығы қайнаған еңбекпен келетінін түсінеміз. Оқу да еңбек және еңбектің ауыры. Осы уақытқа дейін бір кітапхананың дүниесін оқыған шығармын. Әлем әдебиетінен Оноре де Бальзактың шығармаларын жақсы көремін. Өмір шындығын сондай дәл, тіліп түсер реалистікпен беретін жазушы деп санаймын. Шыңғыс Айтматов, Джек Лондон, Маргарет Митчелл, Шарлотта Бронте мен үшін орны бөлек жазушылар. Қазақ әдебиетінен жыраулық поэзияны жаным сүйеді. Нағыз қазақтың қаймағы, тәрбиесі, тарихы осы толғауларда ғой. Оның үстіне біздің бала күнімізде балаларға арнап жазатын ақын-жазушылар көп болатын. Қазіргі балалар әдебиетінен атап көрсетер бір жазушыны білмейді екенмін. Балаларыма көбіне классикалық туындыларды оқытамын. Ыбырай Алтынсариннің әңгімелері, Бердібек Соқпақбаев, Сайын Мұратбеков шығармаларын оқытып, талдатып тұрғанды жақсы көремін. Сонымен қатар балалармен бірге оқығанға Шәкен Күмісбаевтың «Қарақуыстың желі» деген кітабы да өте қызық. Біздің үйдегі басты құндылығымыз – кітап оқу.
Ал ана ретіндегі ұстанымым – ұл-қыз тәрбиесінде өз менталитетімізді сақтап, ұлттық тәрбиеге сүйенсек деймін. Себебі жаһандануда өз ұлттық қодымызды сақтау – барлық елім деген азаматтардың міндеті болу керек. Отан – отбасынан басталса, ол отбасы тәрбиесінде көрініс табу керек деп есептеймін, – дейді Ж.Бірқожаева.
Ал Шырынкүл Сыздықова әжені сөзге тартқанымызда отбасы үшін ең басты байлық ынтымақ пен татулық екенін жеткізді.
– Қазіргі заманның жастарының бәрі ақылды. Сондықтан оларға бұрынғыдай басқа бір адамның ақыл айтуының қажеті жоқ. Менің бағыма орай, Құдай келінімді жақсы қылып берді. Осы күнге дейін алдымнан кесіп өткен кезі жоқ. Сонымен қатар келінім зиялы болды. Қашан көрсең үйдің күйбең тіршілігінен бөлек кітап оқып отыратын. Оның осы қасиеті барлық немерелеріме дарыса екен деп тілейтінмін. Енді міне, немерелерім де жаман болып жатқан жоқ.
Жалпы кітап адам баласының мінез-құлқын түзеуге де септігін тигізеді. Ал мінезі жақсы адамның тағдыры жақсы болатыны айтпаса да түсінікті. Қазіргі жастарға кітап оқы деп тәрбиелегеннен гөрі өзің сол кітапты оқып, көрсетіп, тәрбиелесең, сол әлдеқайда тиімді болады.
«Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» деп бабаларымыз айтқандай, менен сұрасаңдар «Оқитын отбасының ошағы алтын» дер едім, – дейді Шырынкүл Сыздықова.
Иә, қандай отбасы болса да оның басты құндылығы сол шаңырақтың адамдары екені анық. Сондықтан бір отбасындағы жандар бірін-бірі құндылық деп көзқарастарына, таным-түсінігіне құрмет еткенде ғана ол отбасының күннен-күнге гүлденіп, көркейе түсері хақ. Кітап оқу арқылы өз жанұясын танып, оның құндылықтарын түсінудің өзі ұлтқа жасап жатқан еңбектің қатарына жатады. Сондықтан да қоғамда кітапқа құмар ана мен кітап оқуға құштар бала көбейсін деп тілейміз.
Шапағат ӘБДІР
Оқыған адамның ойы тұнық болады
Ұқсас жаңалықтар
Димаш Құдайберген Діндер съезінің ізгі ниет елшісі болып тағайындалды
- авторAR-AY
- 8 қазан, 2024