Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Экспозициялар ашылды

Экспозициялар ашылды
ашық дереккөз
Ұлы Отан соғысындағы жеңісті жақындатқан майдангерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Сол бір сұрапыл жылдардан бері қанша уақыт өтсе де жауынгерлердің батылдығы мен батырлығы, қайсарлығы мен қаһармандығы, парасаттылығы мен патриоттығы туралы деректер жас ұрпақтың жадынан өшпек емес. Жақында облыстық соғыс және тыл ардагерлеріне арналған «Даңқ» залында Ұлы Отан соғысына қатысқан ақын, әдебиеттанушы Балтабай Адамбаев пен Ауғанстандағы әскери іс-қимылдарға қатысушы Петр Вотинцевке арналған экспозицияның салтанатты ашылуы өтті.

Музейге Балтабай Адамбаевтың майдан даласында пайдаланған заттары және киімдері, кітаптары, таулы аймақтың бедері мен картасы қойылған. Сонымен қатар осы жердегі интерактивті тақтадан қарулы қақтығыстар мен қазақстандық сарбаздар туралы ақпаратты оқуға да болады.

Айта кетейік, Балтабай Әбдірахманұлы 1919 жылы Сарысу ауданының Саудакент ауылында дүниеге келген. Филология ғылымының кандидаты  бейбіт өмірде қазақ халқының ауыз әдебиетін, оның ішінде мақал-мәтелдер мен шешендік сөздерді ауқымды зерттеумен айналысты. Оның шешендік сөздердің және мақал-мәтелдердің тарихы, табиғаты, көркемдік ерекшеліктері туралы «Шешендік өнер», «Халық даналығы», «Қазақтың шешендік өнері» атты  монографиялық зерттеу еңбектері бар.
Музейдегі іс-шараға Б.Адамбаевтың кіші қызы Тамара Адамбаева мен  басқа да туыстары қатысты. Батырдың ұрпақтары өлең оқып, бабаларына деген ыстық ықыластарын арнады. 
– Халық маған «жақсының ізі» деп қарайды. Әке көрген қыз деп мақтанышпен айтады. Мен де сол жылы сөздерге лайық болуға тырысамын. Мұражайға әкеміздің пайдаланған заттарын қойып, еңбегі мен ерлігін насихаттап жатқаны үшін ұйымдас­тыру­шы­ларға  мың алғыс, – деді Тамара Балтабайқызы.
Тағы бір экспозиция Ауған соғысының ардагері Петр Вотинцевке арналып жасақталған. «Жарияланбаған соғыс» аталып кеткен отты жылдардың да бейбіт тұрғындарға тигізген зардабы аз емес. Кеңес әскерінің құрамында Ауғанстан жеріне азаматтық борыштарын өтеуге аттанған сарбаздардың да өмірі қауіп-қатерге толы болды. Дегенмен жауынгерлер антына адалдық танытып, өздеріне жүктелген тапсырманы тыңғылықты орындады. Міне, сол қатарда ерліктің ерен үлгісін көрсеткен Петр Вотинцев өжеттігімен қатар өлең шығаратын қасиетімен де ерекшеленді. Оның бірнеше жыры сақталған.
Музей  қызметкерлері қиындығы мен қасіреті мол соғыс жылдарында әртүрлі ұлттан құралған әскерлердің мызғымас достығы мен ерліктері туралы мағлұмат берді.
Келушілер музейге қойылған экспозицияларды тамашалады. Іс-шара соңында соғыс жылдарындағы көріністер қойылып, жырдан шашу шашылды. Патриоттық әндер шырқалды.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА   

 

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар