Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Оқыған адамның ойы тұнық болады

Оқыған адамның ойы тұнық болады
ашық дереккөз
Қазақ халқының ұлт болып қалыптасуында қашанда аналардың рөлі зор болған. Жаугершілік заманда батырларша сауыт киіп, жорыққа шықса, ашаршылық кезеңінде өз баласынан басқаны да бауырына басып, бір ауылды бір өзі аман алып қалған аналарымыз болды. Олардың ел үшін істеген ерен еңбектерін елеген халқымыз біріне рудың атын, біріне ауылдың атын беріп, қолдан келгенше құрмет көрсетуге тырысты.

Жұрттың бәрі ғылым-білімге бет бұрған кезеңде де Еуропа елдерінде білім алып, Алашқа қызмет еткен аруларымыз аз емес. Мысалы, шетелде білім алған қазақтың тұңғыш тіс дәрігері Мүбина Ыбырайымқызы немесе Германияда оқып келген Гүлайым Балғынбай халқына қалтқысыз қызмет ете білді. Медициналық бағытта білім алған Жанкүміс Байғозықызы (Омбы акушерлік мектебінің түлегі), Зейнеп Садыққызы (Петербордағы қыздарға арналған медицина институтының түлегі), Гүлсім Аспендиярова (Петербор медицина университеті), Шахзада Аронқызы (Ташкент, Алматы медицина институттарында оқыған) да әлемнің түкпір-түкпірінде жоғары білім алып, еліміздің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан зиялы қаракөздеріміз болатын. 
Қазақ қоғамының көшін өрге сүйреген аруларымыздың жолын жалғастырып жүрген қыздарымыз, аналарымыз қазір де аз емес. Бір ғана биотехнология саласындағы қазақстандық ғалым, биология ғылымдарының докторы, профессор, академик Күнсұлу Закарияның өзі қаншама елге қазақ халқының да ғылымға үлес қоса алатынын дәлелдеген тұлға. Біз атаған аналарымыз бен аруларымыздың бәрі де әлемге танымал болған тұлғалар. Ал олар сияқты жер-жаһанға танылмаса да өз ауылының ішінде туыс-туғанға қадірлі болып, өз отбасындағы немере-шөбересінің көзін ашып жүрген зиялы аналарымыз бен әжелеріміз де баршылық. Солардың бірі М.Әуезов атындағы кітапхананың тұрақты оқырманы – Майко Хайыпова. 
1948 жылы Тараз қаласында туған Майко әжеміз жас күнінде көптеген қиыншылық көргенін және соның бәрін де ақылмен, парасатпен жеңіп, бүгінгі күнге тек кітаптан алған білімінің арқасында жеткенін айтады. 
– Біздің заманымызда елдің жағдайы қиын болды. Ит басына іркіт төгілген кезең болды деп айта алмаймын. Дейтұрғанмен де елдің алдына да шықпай, артында да қалмай өмір сүрдік. Оның үстіне ол кезде қазіргідей телефонға телміру деген жоқ. Бәріміздің миымыз тұнық кез еді. Бос уақыт бола қалса кітап оқитынмын. Кітап оқу – адамның ойлау қабілетін жетілдіреді. Яғни оқыған адамның ойы тұнық болады. Сондай-ақ көздің көру қуатын да машықтандырады. Ал қазіргілердің телефонның жарығынан көздерінің көру қуаты әлсіреп, милары шаршап жүреді. Әрине, жаңа заманның технологиясын меңгеру жаман деген сөз емес. Оны да өте ақылды адамдар ойлап шығарған. Бірақ телефонды көбісі артық пайдаланып, өздеріне кесірін тигізуде. Өйткені қазіргі балалар телефонға байланып қалғаны соншалық, қалай таң атып, қалай кеш батқанын да білмейді. Тіпті қарнының ашқан-ашпағанын да байқамай отыра береді. Мұндай адамнан нені күтуге болады. Сондықтан да балаларға кітап оқытудың маңызы зор. Ал оларға кітап оқыту үшін телефоннан алыстату керек. Оның жолы – әр ата-ана өз отбасында кішкене күнінен белгілі бір уақытпен ғана телефон ұстататын тәртіп орнату керек. Сонда ғана жастарды ғылым-білімге әуес қылып үйрете аламыз, – дейді кейіпкеріміз.
Сонымен қатар Майко Хайыпова кітап оқу адамның жандүниесін артық уайымнан, жаман ойлардан арылтатынын жеткізді. Әрі өзінің кітап оқу арқылы неше түрлі сезімге бөленетінін, ондағы қорқыныш пен үрей, қуаныш пен жұбаныш сезімдерінің адамды есейтетінін айтады. Сондай-ақ өзінің сүйікті жазушысы мен оның шығармашылығы туралы ойын да ортаға салды. 
– Осы уақытқа дейін 100-ден аса кітап оқыппын. Былтыр өзім барып жүретін М.Әуезов кітапханасы «100 кітап оқыған оқырман» деген сертификат табыстаған болатын. Ал былайша шетел әдебиетін де, қазақ әдебиетін де көп оқыдым. Әрі балалар телефонға қалай шұқшиып кіріп кетсе, кітап оқығанда мен де солай кіріп кетемін. Ең сүйікті 
авторым – XX ғасырдағы танымал британдық жазушы Агата Кристи.Шығармалары әлемнің бірнеше тіліне аударылған және миллиондаған оқырманы бар жазушы әлемге детектив романдары және қысқа әңгімелері арқылы танылған тұлға. Жазушының Эркюль Пуаро мен Мисс Марпл секілді белгілі әдеби кейіпкерлерінің өмірі әрбір оқыған адамға үлгі бола алады. Тіпті жаман кейіпкерлері де адамға жақсы жағынан ұстаз бола алады. Шығармаларын оқып отырып қым-қуыт оқиғаның баяндалуына өзіңіз де кіріп кетесіз. Агатаның еңбектері күрделі сюжеттерімен, күтпеген қорытындылармен және қайталанбас қаһармандармен ерекшеленеді. Сондықтан да Агата Кристи 1976 жылы қайтыс болса да шығармалары әлі күнге дейін өз оқырманын жоғалтқан емес. 
Жазушының ең танымал шығармаларының бірі – 1939 жылы жазылған «Десять негритят» романы. Романның сюжетінде Уллер деген жұмбақ аралдағы 10 адамның тағдыры баяндалады. Аралда бір адам жоғалып кетеді. Кенет жоғалған адамды іздеген үй иесі бұл қылмысқа сол жердегі әрбір адамның қатысы бар екенін байқайды. Бір кезде олар әйгілі «Десять негритят» деген балалар өлеңінің ритміне ілесіп өле бастайды. Міне, осылайша шығарма барған сайын шиеленісе береді. Автор өз шығармасында күдік пен паранойя атмосферасын шебер қолдану арқылы кейіпкерлердің әрқайсысының өзіндік сыры мен мотиві оқиғаға қосымша тереңдік береді. Жалпы бұл шығарманы оқып болғанда адам бойында бір астан-кестен ойлар, оқырманның ішінде басқаша бір адам өмір сүреді. Ол сонысымен де қымбат.
Әрине, мұндай жазушылар қазақ әдебиетінде де бар. Оралхан Бөкей, Шерхан Мұртаза, Мұхтар Мағауин, Дулат Исабеков, Төлен Әбдік сияқты жазушылар оқырманын ешқашан жоғалтпайтын құнды шығармалар жаза алды деп есептеймін, – дейді Майко Жексенбіқызы.
Өзінің оқыған кітабындағы кейіпкерлермен бірге өмір сүріп, олардың жандүниесін өз жандүниесі арқылы түйсініп жүрген ойлы оқырманның айтар ойы әлі де көп. Әрі ол кісі кітапты көп оқыған сайын соншалықты оқымаған сияқты сезінетінін айтады. Міне, біздің 70-ке келсе де қартайдым деп отырмай, ізденісін тоқтатпаған әжеміз нағыз көпке үлгі боларлық қасиетті жолда жүр деп есептейміз.

Фариза Кенжебаева, 
облыстық айтыскер ақындар, 
жыршы-термешілер орталығының «Ақпарат және айтыскерлер» бөлімінің меңгерушісі
Суретті түсірген А.Қартабай

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар