Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тұранның тұғыры биік тұрары

Тұранның тұғыры биік тұрары
Ашық дереккөз
Тұрар Рысқұлов бейнесі жылдар өткен сайын ұлтжанды ұрпаққа жақындай түсуде. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің азаматтығы, халқының болашағы үшін жасаған батыл әрекеттері – өшпес өнеге. Бүгінгі күні ұлы тұлғаның өмірі мен қызметі жайлы білгісі келетіндердің көбеюі осы ойымызды айғақтайды.

Тұрар Рысқұлов жайлы сөз қозғағанда қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, халық жазушысы Шерхан Мұртазаны айтпай кету мүмкін емес. Өйткені Абайды Абай еткен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» болса, Тұрарды да ақтап, тарихтың ақтаңдақтарын нақты дәлелмен халыққа ұсынған Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» романы еді. Өмірінің 35 жылын Тұрардай тұлғаның ғұмырын зерттеуге арнап, қазақ әдебиетінің алтын қорына енген үздік шығарманы жазып, халыққа ұсыну Шерхан Мұртазаның ерлігі десек, қате айтпаймыз. Осы ретте, ең алдымен, Шерхан Мұртазаның әйгілі романынан үзінді келтірсек: 

«Ресей Коммунистік большевиктер партиясы Орталық комитетінің ұлт мәселелері жөніндегі IV кеңесіне Тұрар Рысқұлов кешігіп келеді. Кремльдің үлкен залының ауыр есігін аша бергенде Сталин кеңесті бастап тұр екен. Рысқұлов екі-үш минут кешігіпті. Рұқсат па? – деді Рысқұлов есіктің көзінде тұрып. Зал толы халық бастарын бұрып, көз тікті.Сталин үнсіз қалып, есік жаққа көзін сығырайта қарады да, қара мұрты бүлк етіп: А, Түркістанның Шыңғысханы, төрлет, – деді...Неге олай деді? Аузынан қалай шығып кетті? Ешкім білмейді. Бәлкім, Сталиннің өзі де байқамай, зілсіз айта салған шығар. Екеуі Наркомнацта бірге жұмыс істеді. Бәлкім, бұрыннан әзіл-қалжыңдары жарасты да шығар. Бірақ екеуінің мөлтек сырын мына кілең ығай мен сығайлар, бүкіл Одақтан жиналған басшы қызметкерлер біле берер ме? Кекесін ретінде түсініп қалмас па екен? «Айтылған сөз – атылған оқ», енді неде болса айтылып кетті.

 А, Түркістанның Шыңғысханы,төрлет.Төрге грузиннің князі отырып қалған екен, маған осы бір жер де жетер, – деп Рысқұлов алға озыңқырап, бір бос орынға барып жайғасты.Зал сілтідей тынды. Сталин десе – деген шығар. Онысы орынсыз көрінсе де кешірімді болар. Өйткені Сталин – Сталин ғой. Ал Рысқұловтыкі не жүрек жұтқандық? Мүдірместен сарт ете қалды-ау. Айылын жиған жоқ. Бекер айттым-ау деген қымсыну да білінбейді. Бойын тік ұстап, аспай-саспай барып отырды. Залдың алдыңғы қатарларындағыларға Сталиннің шешек дақты ақсары жүзі ду ете қалғандай көрінді. Біразға дейін үнсіз тұрып қалды. Қолындағы бір парақ қағаз ептеп қана діріл қақты...». Осылайша жазушы шағын ғана диалог арқылы өз кейіпкерінің образын айшықтай түсіп, Тұрарды Тұранның биігінен қол бұлғатты.Тұрар Рысқұловтың образын ашу үшін Шерхан Мұртазаның қажырлы еңбек еткенін жазушының өз қолымен жазылған күнделіктерінен анық оқуға болады. Кейіпкерінің жүріп өткен әрбір жолын барлап, тарихи ізін анықтады.

Архивтегі құжаттармен қатар, көзін көрген азаматтармен жүздесті. Әрбір сұхбаты мен Тұрар тұлғасына қатысты дауларды, айғақтарды қойындәптеріне түртіп отырған.Шерхан Мұртаза 1971 жылдың жаз мезгілінде Тұрар Рысқұловтың жары Әзиза Рысқұловамен, қызы Сәулемен жолығыпты. Осы кездесу туралы жазушы күнделігінде: «1971 жыл, 2 тамыз. Әзиза Рысқұлова өз жары Тұрарды еске алып отырып: «Тұрардың туған қарындасы Түйметай 32 жылы күйеуі өліп, үш қызымен Москваға, менің қолыма көшіп келген. Біздің Тұрардың жолы қиын. Əлі күнге дейін əлегі таусылмай келеді. Кішкентайынан жетім қалып, көрмегенді көрді. Мəскеуде тұрғанымызда үйімізден қонақ үзілмейтін. Студенттер, жолаушылар, арыз қуғандар. 7 бөлмелі үйдің біріне Тұрар екі койка қойғызып, əдейі сол келген кісілерге арнады. Артық зат жоқ, тұрмысымыз шағын ғана болды. Дүние жиған кісі емес. Қолымызға көп адам қарады. Алып кетер күні (21.V.37) «Қазақ ССР тарихын» қайта қарап, қағаздарын реттеп, баспаға дайындап, редакциялаған еді.

Алдында «Қырғыз ССР тарихын» дайындаған болатын», – деді».Бұл Шерағаның Тұрардың жары Әзиза Рысқұловамен жүргізген ұзақ сұхбатының бір бөлігі ғана. Осының өзінен Тұрар Рысқұловтың өмірден өткенше ел жайын тереңінен ойлаған адал перзент болғанын ұғуға болады. Елден келетін азаматтар үшін дайындатып қойған бөлмесі Тұрардың нағыз қазақылығының көрінісі емес пе? Алыстан ат терлетіп келген әрбір азамат пана іздеп осы үйге аялдайды. Мәселен, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы ғалым Мекемтас Мырзахметұлына Тұрар Рысқұловпен кездесуі жайлы айтып береді. Екі тұлғаның кездесуі жайлы ғалым: «Өндірістік банкіде бухгалтер болып жұмыс істеп жүрген жас Баукеңді басшылық Ленинградтағы финанс академиясына оқуға жібереді. Алайда ондағылар «коммунист емессің, қабылдай алмаймыз» деп кері қайтарады.

Содан не істерін білмей дал болған ол әкесінің: «Қиналсаң, Рысқұлдың баласы Тұрарға бар. Ол – біздің туысқанымыз. Ағайынгершілік – атадан мұра болып келе жатқан ұлы қасиет. Тұрар да – алдына қиналып келген ешбір қазақтан көмегін аямайтын, қазақтың бәрін өзіне жақын тартатын бауырмал жан», – деген сөзін есіне алады. Негізі әкесі үйде Тұрар жайлы жиі айтып отырады екен. Баукең ұяла-ұяла телефонына хабарласып, «Жуалыдан келдім, әкем сізге жолық деп еді» дегенде Тұрар Момышты танитындығын айтып, бірден жұмыс орнына шақыртыпты. Министрлер Кеңесінің төраға орынбасары қызметіндегі Тұрар Рысқұловтың кабинетіне сескеніңкіреп барған Бауыржанды өзі орнынан тұрып, құшақ жая қарсы алыпты. Іші-бауырына кіре жағдайын сұрап, арқасынан қағыпты. Сосын Баукең әңгімесін «Мән-жайды білгеннен кейін бірден телефонмен бір жерлерге хабарласқан ол: «Қазір сол жаққа қайтадан барасың, сені оқуға қабылдайды, оқу орнынан стипендия аласың, оған қосымша саған Ресейдің атынан стипендия бергізіп тұрамын. Сабағыңды жақсы оқы», – дегенде алғысымды қалай жеткізерімді білмегем. Осылайша Тұрар ағаның арқасында оқуға қабылданып, екі жақтан стипендия алып, қаржыдан еш қиналыс көрмеген едім. Ақпейілді, қамқор ағамен бар болғаны бір-ақ рет кездессем де осы жайт менің жүрегімде мәңгіге сақталып қалды» деп аяқтайтын», – деп айтып берген болатын. 

Романды жазу барысында жүзге жуық адаммен сұхбаттасқан Шерхан Мұртаза құпия архивтерге қол жеткізу үшін 1984 жылы Орталық Компартияның бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың алдына барады. Кездесуде Д.Қонаев Т.Рысқұловпен қалай жолыққанын да жазушыға әңгімелеп, зерттеуіне барынша қолдау көрсететінін жеткізген. Сол кездесуден кейін Т.Рысқұловтың ғылыми мақалаларының бір парасы кітап болып басылып шыққанын кітапханаларға жеткен кітаптардан да аңғарамыз

Сондай сұхбаттар легімен жазушы 2002 жылы «халық жауының» жары Әзиза Рысқұловаға арнап «Әзиза» драмалық шығармасын жарыққа шығарды. Бұл да тау тұлғаның ғұмырнамасын толықтыра түскен көлемді шығармалардың бірі болды.Ш.Мұртаза архив пен орталық кітапхана қорларынан жинақтаған тың деректерді қойындәптеріне түртіп алып, өз шығармасында пайдаланды. Мәселен, «Қызыл жебе» романында кездесетін Үсіп Сатыбалдин, Нұршанов, Сарымолдаев, Тоқбаев, Жанұзақов сынды үзеңгілестері туралы деректерді алысқа бармай-ақ Жамбыл облысының мемлекеттік архивінің құжаттарынан кезіктіруге болады.

Тіпті Сатыбалдин Тұрармен бірге оқыған жылдарын, «Бұқара» революциялық одағын құру сәттерін екі параққа естелік етіп қалдырған екен. Ал Үсіптің жазуынша, көтеріліске Меркі орыс-түземдіктер мектебінің түлектері белсене қатысқан. Бұл жөнінде тұпнұсқасы Өзбекстан Республикасының орталық мұрағатында, көшірмесі Жамбыл облысының мемлекеттік мұрағаттарында сақтаулы Тұрар Рысқұловтың партия қатарын тазалау науқанына байланысты және Сталинге жазып берген қысқаша өмірбаяндық жазбасында нақты әрі анық жазылған. Осы құжатта Тұрардың мектепті бітіргеннен кейін бір жылдай Меркіде соттың хат тасушысы және көшір болғанын, одан соң Пішпек ауылшаруашылық училищесін бітіргенін жазады. Бұдан кейін білімін жетілдірмек ниетте Самара орта ауылшарушылық училищесіне құжатын тапсырады. «Бір сөздің жалғауы дұрыс емес деп, емтихан тапсырған 250 адамның арасындағы «жалғыз туземдік» екенімді де еске алмастан құлатып жіберді» деп жазыпты. Одан соң Ташкент мұғалімдер институтына түскісі келеді. Бұл жерде оның мұсылман баласы екені алға тартылып, оқуға қабылдамай қояды. Ал осы оқу орнына түсу үшін жазған диктантында ол бір ғана тыныс белгісінен қате жіберіп, «-5» деген баға алған. Тұрардың сол жазған диктантының көшірмесі бүгінде мұрағатта сақтаулы. (құжат көшірмесі мақалада көрсетілген). Оқуға қабылданбаған соң Оқу-ағарту министріне арыз жазады. Осы кезде 1916 жылғы дүрбелең басталып кеткендіктен Тұрар қайтадан Меркіге келіп, көтерілісшілер арасында түсіндіру, үгіт-насихат жұмысын жүргізеді. Бір жағы Тұрардай тұлғаның өмірі ерте қиылмай қалуына Кеңес үкіметінің орнауының да бір пайдасы тиді деуге болады. Бұл ретте атақты «так сложились звезды» деген тіркестің орайы келіп тұрғандай.Ал Рысқұловтың өз қолтаңбасы Әулиеата уездік атқару комитеті қорының құжаттарында 1920 жылға дейін жиі кездеседі. Оның ішінде 1919 жылы ашаршылыққа тап болғандарды аман алып қалу мақсатында қоғамдық асханалар құру туралы да тапсырмалық құжаттары бар. 

Сонымен қатар Ташкентте түпнұсқасы, біздің өңірде көшірмесі сақталған 1926 жылғы наурыз мерекесін тойлау туралы құжат та, 1915 жылы Ташкент педагогикалық училищесінде емтихан тапсырғанда үздік жазған диктанты да Тұрар Рысқұлов туралы жинақталған көп деректің бірі.Тұрар туралы, Шерханның «Қызыл жебесі» туралы кейінгі жылдары зерттеп, пікір білдірген көптің ішінен жазушы Тұрлыбек Мәмесейіттің мына ой түйінімен мақаламызды аяқтауды жөн көрдік: «Біздің жоғалтқанымыз – қазақ деген соры қайнаған халықты қайтсем бақытқа жеткіземін деп жанпидалықпен күрескен арыстарымыз еді, ең алдымен. Олар – біздің өткеніміз, тегіміз, руымыз еді ғой. Сорақы заман бізді содан айырғысы келді. Мәңгүрт жасағысы келді. Міне, сол оталған арыстарымыздың бірі және бірегейі Тұрар Рысқұлов еді. «Қызыл жебе» хамсасы арқылы біз алдымен сол Рысқұловты таптық және таныдық. Ал Рысқұлов тағдыры – халық тағдыры. Рысқұловты тану – халықты тану деген сөз. Халықты тану – өзіңді тану».

Назым ҚОЖАМАРОВА,
Ш.Мұртаза атындағы руханият және 
тарихтану орталығының 
шерхантану бөлімінің меңгерушісі

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар