Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жер-су атауларының тарихи мәні мен маңызы зор

Жер-су атауларының тарихи мәні мен маңызы зор
Ашық дереккөз
Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін жер-су аттарына ерекше мән беріліп, тарихи атауларын беру жұмыстары жүргізілді. Өйткені жер-су атаулары – елдікті айқындайтын құндылығымыз. Тау тұлғалы жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайдың «Жер тарихы – ел тарихы» деп айтқаны да тегіннен-тегін болмаса керек. Әрине, халқымыздың санғасырлық болмыс-бітімі, танымы елді мекен, жер атауларында жатыр. Өкінішке қарай, бір кездері елімізді отаршылықта ұстағандар халқымыздың арғы тарихын ел жадынан өшіру арқылы бізді рухани мәңгүрттікке ұшыратты.

Отарлаушылар халықтың санасынан рухани құндылықты мүлдем өшірудің жолы – ең әуелі, жер-су атауларын өзгертуден басталатынын әбден білген. Ал көне атаулардың мағынасына мән беріп, терең түсінбеген ұрпақ жер-су атауларын жөнсіз ауыстыруға әуес келеді. Әсіресе соңғы кездері елді мекендерге атау беру біздің қоғамда үлкен бәсекеге айналып барады. Көпшілік тани бермейтін ата-бабасының, ағайын-туысының есімін беру үрдісі қоғамда үдеп барады. Шындығында, тарихи тұрғыдан атау беруге де біліктілік, білімділік, пайым-парасат қажет.

Біздегі жер-су атауларының шығу тарихына тоқталып, зерттеу жүргізген саяхатшылардың еңбектері шетел архивтерінде, кітапханаларында көптеп кездеседі. Мысалы, облыс орталығы Тараз қаласы ертеректе неге Тараз деп аталды? Біріншіден, мұсылман саяхатшыларының қалдырған қолжазбаларында Талас өзенінің атауына сәйкестендірілгені айтылады. Екінші нұсқа – Тараз қаласында жан-жақтан, әсіресе Қытайдан келген жібек бұйымдары саудаланатын болған. Тараз сөзінің түркі тіліндегі мағынасы «бұрылмаған жібек жіп, сым» дегенді білдіреді. «Тараз» сөзі тарихта алғаш рет Ахмет Вефиктің «Лұғат-ы Османи» (1876) еңбегінде: «Тараз – матаның кедір-бұдыры, ілулі жіп» деген атпен белгілі болды.

Яғни Тараз сөзін «жібектей тегіс және жылтыр матадағы сым жіп» деп түсіндіре отырып, бұл атау «сауда қаласы», «көпестер қаласы» болғаны үшін де баламалануы мүмкін дегенді алға тартады. Үшіншіден, көне түркі тарихшысы Нершахи «Бұхара тарихында» Таласты емес, Таразды деп жазып, қала осы атаумен жалғасын тапқан деген де деректер бар.Қалай болғанда да мұның бәрі бір Тараз (Талас) қаласының өзі 2000 жыл бұрынғы атауына қайта келіп, өлкенің өркендеген, тарихи оқиғаларға толы ортағасырлық қала болғандығын айғақтайды. Сонымен қатар Тараз (Талас) төңірегінде болған елді мекендердің де баламалануында өзіндік мағына жатыр.

Сонау Ұлы Жібек жолы, Талас алқабының бойында орналасқан елді мекендердің де бірнеше тарихи атауларға бай өңір екендігін көруге болады. Мысалға алсақ, Сарыкемер елді мекені атауының мағынасы – бұл маңдағы кемердің, жардың сарғылт болып жататындығын білдіреді. Ал «кемер» сөзі үнді, иран, араб тілдері негізіндегі қамар, хамар – терең сай, саға, тар алқап, кейде қыр деген мәндерді береді. Халық ауылға қоныстанбаған кезде ауыл маңындағы Талас өзенінің бойы сарыкемерленіп, күнге шағылысып тұратындықтан ежелден бұл жер «Сарыкемер» аталған. Құмбел Сарыкемер ауылынан батысқа қарай 17 шақырым жерде орналасқан боз жусан, баялыш, күйреуік басып өткен бозғылт қоңыр, сұр топырақты шөлейт белдеуде орналасқан. Сонымен қатар Сарытөбе, Шөлтөбе, Ақжар, Аққия, Тегістік, Құмжота, Ақтөбе, Көкөзек, Қарасу, тағы да сол сияқты атаулардың барлығы да өзен, бел, жота, топырақтың түсіне, орналасуына қарай аталған елді мекендер. Ал Жуалы өлкесі болса, ерте кезден тау баурайларынан бастау алатын бұлақтарының көптігінен «Мыңбұлақ» деп аталған. X ғасырдың басында мұсылман географы Ибн Хордарбектің «Жолдар мен өлкелер» атты кітабында: «Теріс өзенінің бойында орналасқан қалалар мен бекіністер арқылы Түркібасыға Мыңбұлақ (Абарджаж), Арыс өзені бойындағы Шақпақ жоталары арқылы өтеді. Абаркак (Абарджаж) деген жерде мың бұлақ (бұлақтар) бар және бұл бұлақтар шығысқа қарай ағады. Шығысқа қарай ағатын бұл бұлақтар «Беркуваб» деп аталады. Бұл сөз «балықтың түсі бірте-бірте қараланып барады» дегенді және «теріс» деген мағынаны білдіреді» деп сипаттаған. 

Кейіннен сай-салаларда жуаның көптігінен «Жуалы» деп аталған. Жуалы өлкесінде «Күреңбел» деп аталатын елді мекен бар. Ол сонау сағымды қырдан күреңітіп тұрған соң осылай аталған деседі. Өйткені аудан орталығына бара жатқан оңтүстік беткейі биік асу, ал солтүстік жағы да биік жон немесе тау белдеулеріне орналасқан.Қырғыздың халық жазушысы Шыңғыс Айтматов: «Аңызға айналған Ақбидай өлкесі – Жуалы өңірі менің санамда мәңгілік қалып қойды. Бөтен елдерге сапар шеккенде мені қазақ әні «Ақбидай» әуені ерекше елітіп, қуантады.

Сол ән осы Жуалыда туған ғой деп ойлаймын. Қалай айтсақ та, жазсақ та Жуалы ақ бидайымен, батырлары, Мыңбұлағы, табиғаты және тарихымен қазақ еліне ертеден-ақ белгілі», – деген екен. Міне, осындай жазбалар, естеліктерде айтылғандай, жер-су атаулары арқылы ұрпақтың тарихты тануға, Отанға деген құрметін оятуға болады. Бұл бір ғана келтірілген мысалдар. Алайда облысымыздың әрбір елді мекені, жер-суы тарихқа, сырға толы.

Әбіш Кекілбаев: «Сондай ат иемденгендердің мәңгі өшпестей ұлы, иемдене алмай қалғандардың ұлы бола тұрып жерде қалып жатқанын көрген жоқпыз», – деп, жер-су атауларының мағыналық жағына мән беру керектігі туралы пікір білдірген. Ертең ана елді мекеннің атын өзгертеміз, ата-бабамның атын береміз деп жүріп дау үстіне дау туғызбай, жер атауларының қай атау қандай жағдайда, мағынада қойылғанына, ол сөздің түпкі мәні қандай болғанына мән берілуі қажет деп санаймын.Қай ұлттың болмасын егемендігін таңбалап тұратын өзіне тән құндылықтары болады. Сол құндылықтардың ішіндегі маңыздысы – жер, ал оның атаулары – сананы ашатын, туған жерге деген ықыласты арттыратын қайнар көзі.

Сәния НАҒАШБЕКОВА, 
тарихи-мәдени ескерткіштерді 
қорғау және қалпына келтіру 
дирекциясының 
ғылыми қызметкері

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар