Мақала авторы жазғандай-ақ, «Дулати жастары» халық театрының студент-әртістері расында да үлкен сахналарда өнер көрсетуге әбден лайықты екеніне дипломдық қойылымдарына қарап көз жеткізгендей болдық. Анығын айтқанда, ақпан айының соңында университеттің «Мәдениет және өнер» кафедрасының биыл диплом қорғайтын жоғары курс студенттері өндірістік тәжірибеге шығар алдында жыл бойы дайындаған қойылымдарын арнайы комиссияға көрсетіп, сараптамадан өткізді. Комиссия отырысына облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар мен облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Теміржан Серікұлы қатысып, театрдың тырнақалды қойылымдарын жоғары бағалады. Апталық аясында театр жастары «18 автобус» трагедиясын, «Диляфруздың төрт күйеуі» комедиясы мен «Сәт» композициялық қойылымын комиссия назарына ұсынып, тәлімгерлердің оң бағасын алды.
Жалпы «Дулати жастары» театрының тарихы 2003 жылдан бастау алады. Сол жылы ҚР Мәдениет қайраткері Айгүл Қабиеваның ұйымдастыруымен студенттік театр құрылады. Араға үш жыл салып, яғни 2006 жылы Айгүл Қабиқызының жетекшілігімен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Мәдениет және өнер» кафедрасы ашылып, театрдың тынысы ашыла түседі. Осылайша көптеген байқауға қатысып, көзге түсіп үлгерген жас өнер ұжымы елордадан арнайы келген министрлік өкілдерінің алдында Ораз Бекболовтың «Ит өлімі» қойылымын сахналап, халықтық театр атағын сәтті қорғап шығады. Бір айта кетерлігі, сол жылдары республика көлемінде «Дулати жастары» театрынан басқа ешбір өнер ұжымы халықтық атағын қорғамаған екен. Содан бері «Дулати жастары» халық театры халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп, атағы алысқа жайылған ұжымға айналып үлгерді. Кезінде студенттік театр сахнасында өнер көрсеткен дарынды жастар бүгінде Астана, Алматы және еліміздің басқа да қалаларындағы өнер ордаларында сахнаның сәнін келтіріп жүргенін мақтанышпен айта аламыз. Ал жас өнерпаздарға осы уақытқа дейін Тұңғышбай Жаманқұлов, Ақылдос Тәжиев, Асқарбек Сейілхан секілді мәдениет майталмандары дәріс берген. Өткен жылы кафедрада Тұңғышбай Жаманқұловтың шеберханасы ашылды. Даңқты жерлесіміздің қуанышына әріптесі Бекжан Тұрыс ортақтасып, театр жастарына ағалық ақ батасын беріп қайтқан.
Қазір жалынды жастарды актерлік және сахналық шеберлікке ҚР Мәдениет қайраткері, «Дулати жастары» халық театрының бас режиссері, актриса Шолпан Айтибаева үйретеді. «Мәдениет және өнер» кафедрасының аға оқытушысы Шолпан Жолдыбайқызы өнер десе ішкен асын жерге қоятын шәкірттерімен бірге талай биіктерді бағындырып жүр. Режиссер шекпенінен шыққан «Дулати жастары» халық театры әртістерінің талантын жоғары бағалап, еліміздегі белгілі өнер ұжымдарымен бәсекеге түсе алатынын айтады.– Университет ұжымына 2017 жылы қосылдым. Содан бері театр жастарымен бірге «Күшік күйеу», «Кармен», «Қара шекпен», «Қысылғаннан қыз болдық» қойылымдарын сахналадық. Желтоқсан көтерілісі туралы «Ызғарлы күн», қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының философияға толы өлеңдерін инсценировкалап қойған «Толғауы тоқсан қызыл тіл» қойылымдары да сәтті шыққанын айта кету керек. Бүгінде республикамызға танымал «Дулати жастары» театрының облыстық, республикалық фестиваль, байқаулардан жүлдесіз қайтқан кезі жоқ. Шәкірттеріміз А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында, еліміздің түкпір-түкпірінде үлкен сахналарда өнер көрсетуде, –дейді Шолпан Жолдыбайқызы.
ҚОҒАМНЫҢ ДЕРТІН ДӨП БАСҚАН ҚОЙЫЛЫМ
Әне-міне қолдарына дипломдарын алатын жастардың қай туындысы болмасын ерекше сезімге бөлейді. Күлдіреді, жылатады, терең ойға батырады, толғандырады. Жүректі тебірентетін қойылымдарының бірі – «18 автобус» трагедиясы. Спектакльдің режиссері – «Мәдениет және өнер» кафедрасының 4-курс студенті Естай Тұрғанбек. Туындыда қоғамдағы көптеген өзекті мәселе көтерілген. Сюжет желісі автобус айдап, ауыл мен аудан арасында жолаушылар тасымалдайтын Зәкір есімді кейіпкердің өміріне қатысты өрбиді. Қойылымдағы әрбір кейіпкер оқиғаның мазмұнын аша түседі. Санаңды селт еткізер қойылым Зәкірдің үш күндік демалыстан кейін жұмысқа қайта шығуынан басталады. Бірақ басты кейіпкердің бойында үлкен өзгеріс бар. Автобус ішіндегі жолаушыларға бұрынғыдай жылы сезіммен қарай алмайды. Басты кейіпкердің ойынша, ауыл тұрғындары опасыз, имансыз, екіжүзді, күншіл, таяз ойлы сатқындар. Ең сорақысы, көлікте отырған жолаушының бірі – кезінде тастап кеткен туған анасы. Тағы бірі – арқа сүйеген адал досы. Мұнан бөлек жолаушылардың арасында өзгенің өміріне араласып, жағымсыз іс-әрекеттерімен шаңырағы шайқалып тұрған отбасыны ойран еткен өсекшілер де бар. Зәкірдің шарасыз күйге түсуіне барлығы да жауапты.
Жалпы Зәкір өмірге келмей жатып бағы жанбаған азамат. Анасы жас күнінде баянсыз махаббатты бастан кешіп, аяғы ауыр болып қалады. «Ата-анамның бетіне қалай қараймын, ауылға қалай барамын» деп ұяттан жерге кірердей болған бойжеткен қолындағы шаранасын автобустан лақтырып жіберуге оқталады. Бойжеткеннің ауыр күнә арқалағалы отырғанын байқаған автобус жүргізушісі сәбиді өлімге қимай, өз бауырына басады. Жаны таза, жүрегі кең адамның тәлімін алған Зәкір де асырап алған әкесінің жолын қуып, жүргізуші болады. Үйленіп, жанынан артық жақсы көретін келіншегінен ұл сүйеді. Алайда санасында «апталап, айлап жолда жүремін, әйелімнің не істеп, не қойып жатқанын білмеймін» деген арам ой қылаң беріп қоятын.Белгілі бір бағыты жоқ болса да автобусқа күніге мініп, ең артқы орындыққа жайғасып, өзі пісіріп әкелген бәліштерін сатып жүретін кейуананың өзіне бір жақындығы барын іші сезетін. Себебі егде тартқан әйелдің жанарынан бұрын-соңды ешбір жаннан сезінбеген жылулықты, мейірімді байқайтын. Бірақ жанына маза бермеген сауалын қоюға батылы бармайтын. Бейбақ анасының да баласына «жаңылдым, кешір» деген сөзді айтуға күші жетпейтін. Дегенмен екеуін көзге көрінбейтін қылдай жіңішке жіп байланыстырып тұрғандай еді. Зәкірдің құлай сүйген жары арқасүйерім деп бағалаған жақын досымен көңіл жарастырып жүрген екен. Жалғыз ұлы да досынан болып шығады. Іштей сезіп жүрген ауыр шындықты ауылдың сөзтасығыш әйелдерінен естіген кейіпкер ашуға булығады. «Лауазымды қызметім де жоқ, тұлға болып қалыптаса алмай келемін» деген оймен өмір сүріп жүрген өзіне сенімсіз, жүйкесі бұзылған жігітке бұл жаңалық үлкен соққы болып тиеді. Ызадан жарылардай болған ол санасын билеген арам ойларға төтеп бере алмай, әйеліне қол жұмсайды. Ақыры әйелін өлтіріп, денесін бөлшектеп қапқа салып, өзі айдайтын автобусқа жасырады. Шарасыздықтан жанын қоярға жер таппаған Зәкір соңында қайраны жоқ дүниемен хош айтысуды ойлап, алдымен осы жағдайға жетуіне себепші болғандарды өлтіруге бел буады.
Басты кейіпкер Зәкірді болашағынан үміт күттіретін актер Шыңғыс Жақсыбаев әсірелеусіз әдемі сомдай білді. Биыл университет тәмамдағалы отырған студент кез келген рөлді өзің бастан кешіп жатқандай асқан жауапкершілікпен сомдау керек, сонда ғана көрерменді ойыныңа сендіре аласың деп санайды. – Кез келген кейіпкерді алып шығу оңай емес. Өйткені «кішкентай кейіпкер болмайды, кішкентай актер болады». Қойылымда жай ғана массовканың өзі үлкен рөл атқарады. «Соны қойшы, елеусіз бір кейіпкермін» деп рөліне атүсті қарауға жол берілмеуі керек. Мен де әрбір рөлімді жанымнан өткізіп, асқан жауапкершілікпен қараймын. Театр өнерінің, актерлік шеберліктің негізін қалаушы Константин Станиславскийдің «Работа актера над собой», «Работа актера над ролью» атты өлмейтін мұра болып қалған еңбектері бар. Зәкірдің рөліне кіру үшін ұлы тұлға қалыптастырып кеткен жүйеге сүйендім, – деген Шыңғыс кейіпкерін ауыр күнәға әйеліне деген шексіз махаббаты итермелегенін жеткізді.– Қылмыскерді ақтауым емес, бірақ менің ойымша, Зәкір жақсы жігіт. Тек өмір өгейлік танытып, адам баласына қиянат ойламайтын нәзік жүрегін тасқа айналдырып жіберді. Зәкір монологында «Менің бар жұмысым – ауыл мен аудан арасын қысқартып, адамдарды тасымалдау. Өмірімде ешкімді жолда қалдырып, біреуден артық тиын алып көрмегенмін. Сондағы жақсылығыма тағдырдың берген сыйы осы ма?! Мен сондықтан да Құдайға сенбеймін» деп толғанады. Ол айналасындағыларға қаншалықты жақсылық жасап, қолдан келген көмегін көрсетіп жүргенімен игі амалдарының бәрі өзіне жамандық болып қайтып жатты. «Күндіз-түні түзде жүрген күйеуім менің көзіме шөп салып жүрген болар» деген арам ойдың жетегіне кеткен әйелі де ішімдікке елітіп, көңілді сырттан іздей бастайды. Оған қоса «Сенде еркектік қасиет жоқ. Отбасыңнан автобусыңды артық көресің» деген ауыр сөздерімен жолдасының өзіне деген сенімсіздігін үдете түсіп, сағын сындырады. Зәкір сонда да әйелін ерекше іңкәрлік сезіммен жақсы көрді. Сүйе тұра махаббаты үшін күресе алмады. Өйткені оның бойында расында да еркектік қасиет аз болды. Соңы трагедияға ұласты. Махабат пен жек көрудің арасы бір-ақ қадам деген осы шығар, – дейді Ш.Жақсыбаев.
Тағдыры басынан сипай қоймаған Зәкірді дүниеге әкелген ананың да өз шындығы бар. Бұл рөлді ойнау «Мәдени-тынығу қызметі: бұқаралық қойылымдарды ұйымдастыру және вокалдық орындаушылық» мамандығының студенті Камила Жүзбайға артылды. – Менің кейіпкерім арқылы қоғамдағы ерте жүктілік мәселесі қозғалып жатқандай көрінді. Қайғымен аяқталған жағдайға кеңірек қарайтын болсақ, бәріне алдымен ана жауапты болып тұр. Алайда шешенің өзі де тастанды жетім қыз. Туысқандарының қолында өскен бойжеткен еркіндікте емес, қатаң шектеулерде өседі. Жан баласынан жылулық көрмеген тәжірибесіз қыз бір жігіттің сүйем дегеніне алданып, баянсыз махаббаты жүктілікпен аяқталады. Баласынан бас тартқысы келмесе де «ауылға қалай барам, үйдегілерге не айтамын» деген қорқынышын жеңе алмай, сәбиін жүргізушіге тастап кетеді. Ол содан кейін алаңсыз өмір сүре алмады, өкініш азабынан арыла алмады, – дейді К.Жүзбай.
Ал қойылымның қоюшы режиссері Естай Тұрғанбек жас драматург Қазыбек Аманжолдың қаламынан туған «18 автобус» пьесасын бір дегеннен талдай алмай әбден бас қатырғанын жеткізді.– «18 автобус» спектаклі үш айлық еңбектің жемісі. Пьесаны ең алғаш қолыма алып оқып шыққанымда қабылдауым қиын болды. Оқиғаны, сюжеттің шиеленісін, бәрін ұғып тұрғаныммен режиссерлік тұрғыда сараптама жасай алмадым. Жетекшіміз Шолпан Жолдыбайқызынан ақыл сұрап бардым. Ұстазым барлығын жіті талдап берді. Ақылдаса келе, 4 жыл бойы үйренгенімізді, қарым-қабілетімізді көрсетер апталық жұмысқа осы пьесаны лайық деп таныдық.Қойылымды көпшілік назарына ұсынбас бұрын трейлерін түсіріп, әлеуметтік желіге жарияладық. Туындыда елеусіз қалып кеткен кейіпкер болмады. Бәріне көңіл бөлуге, мінез-құлқын ашуға тырыстық. Мәселен, оқиғаны ушықтырып жіберген үш өсекші келіншектің аузынан қан ағыздық. Біреуді жамандаған жан мұсылман бауырының етін жегенмен бірдей. Ол пенде ақыретте де сонымен сыналады.
Сахнада ауыздан аққан қан арқылы соны көрсеткіміз келді. Сайып келгенде, өсекші әйелдердің өзі де «баламды қалай асырасам» деп жүрген жұмырбасты пенделер. Сондай-ақ қойылымда үлкен қалада бизнесін дөңгелетіп, әжептеуір атақ-даңққа қол жеткізген, ауылдан жаңа кәсіп ашамын деп келген бизнесмен де бар. Оның образы арқылы паң, атаққұмар, дүниеқоңыз жандарды бейнеледік.Одан бөлек күнәдан пәк екі кейіпкер бар. Бірі – жолдасына адал, көңілі кіршіксіз таза жүкті әйел болса, екіншісі – медициналық колледждің студенті. Жантүршіктірерлік оқиға орын алмас бұрын аяғы ауыр әйелдің толғағы басталып, студент оған көмек қолын созып, екеуі жолдағы дәрігерлік пункттен түсіп қалады. Сол арқылы қайғылы жағдайдан аман шығады. Болып жатқан оқиғаларды толықтыра түссін, көрерменнің көңіл күйін дөп бассын деп спектакльдің соңын әдемі термемен түйіндедік. Нәтижесі жаман емес, ең бастысы, нағыз мамандарға, аға оқытушыларымызға ұнады, – дейді Е.Тұрғанбек.
P.S: Сұхбат соңында талантты жастардың өз туындыларын үлкен аудиторияға көрсетуге мүмкіндігі жоқ екенін ойлап, еңсеміз түсті. Қоғамның ащы шындығын әлі оқу бітірмеген жастардың шебер суреттей білгеніне, жан жүректерімен сезініп жеткізгеніне қайран қалдық. Өнер үшін жаралған өрімдей ұл-қыздардың таудай талаптарының алдында басымызды идік. Студенттік театр алдағы уақытта пьесаның авторы, жас драматург Қазыбек Аманжолды өңірімізге арнайы шақырып, оның қатысуымен қойылымды тағы да сахналауды жоспарлап отыр. Өнерлі жастармен болған әсерлі әңгімемізден кейін олардың «Өз театрымыз болғанын қалаймыз» деген аманатын арқалап қайттық.
Ақтоты Жаңабай
Ғылым өркениетке жетелейді
Ұқсас жаңалықтар
Қазақстандық оқушылар робототехникадан үш дүркін әлем чемпионы атанды
- авторAR-AY
- 30 қыркүйек, 2024
Енді колледждер өз базасында шығарған тауарлар мен қызметтерден табыс таба алады
- авторAR-AY
- 5 қыркүйек, 2024