Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ғылым өркениетке жетелейді

Ғылым өркениетке жетелейді
Ашық дереккөз
Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев облысымызға жұмыс сапары аясында Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында өткен «Ғылым және инновация – аймақты дамытудың драйверлері» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты.

Облыстың 85 жылдығы мен Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының 15 жылдығына орай ұйымдастырылған конференцияның ашылу салтанатында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ғылымды дамыту мемлекеттік саясаттың ең маңызды бағыттарының бірі екенін жеткізді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қоғам дамуының ең маңызды факторы – ғылым мен білімнің дамуына баса назар аударуда. Заман талабына сай білім саласында да сапалы өзгерістер орын алуда. Бәсекеге қабілетті мамандарды дайындау маңызды міндеттердің бірі болып отыр, – деді Ербол Шырақпайұлы. 


Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Ғылым қызметкерлері күнінде конференция өткізудің символдық мәнін атап өтті.– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасында жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Оқытудың озық әдістерін енгізе отырып, жоғары білім беруді жаңғырту және реформалау жөніндегі шаралар іске асырылуда, – деді Мәлік Нұржанұлы.

 


Бұдан соң Парламент Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының вице-президенті Махметғали Сарыбеков, К.И.Скрябин атындағы Қырғыз Ұлттық аграрлық университетінің доценті Венера Кожогулова, Қарақалпақ ауылшаруашылығы және агротехнологиялар институтының халықаралық байланыстар бѳлімінің бастығы Есен Абдуллаев тақырып аясында баяндама жасады. Сондай-ақ онлайн режимде түркиялық Кастамону университетінің профессоры Явуз Гулоглу сөз сөйледі.Салтанатты жиында бірқатар педагог «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапатталды.Сонымен қатар Мәлік Отарбаев пен Ербол Қарашөкеев халық жазушысы Шерхан Мұртаза мен көрнекті қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың ескерткішіне гүлшоқтарын қойды. Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының жатақханасы мен музейін, «Рухани жаңғыру және шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығын аралап, ғылыми жетістіктер көрмесін тамашалады.

Ғылым қызметкерлері күніне орай М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде Ғылым және коммерцияландыру департаментінің ұйымдастыруымен «Тампонаждық материалдар мен бұрғылау ерітінділерінің қасиеттерін зерттеу» зертханасы ашылды. Зертхананың лентасын Мәлік Отарбаев пен өңірлік университеттің ректоры Мұхтар Байжұманов қиды.Ғылыми зертхананың ашылу салтанатына облыс әкімінің аппарат басшысы Лесбек Илебаев, «Амангелді Газ» өңдеу зауыты директорының орынбасары Болат Бухбанов, «QazaqGaz – барлау және өндіру» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің инженерлері Құлмағанбет Уалиев пен Ғалым Дәндібай арнайы қатысты.

Зертхана ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыру жобасы аясында ашылды. Жоба жетекшісі – PhD докторы Арман Кабдушев. 
Ғылым қызметкерлері күнімен құттықтаған Мәлік Нұржанұлы зертхананың маңызы зор екенін айтып өтті. – Бүгінгі таңда ғылым саласына үлкен мән берілуде. Былтыр дәл осы күні Президент жанындағы Ғылыми кеңес отырысы өткен болатын. Еліміздегі танымал ғалымдар сол кезде өз ойларын ортаға салды. Президент ғылымды дамытуда біршама нақты тапсырмалар берді. Бүгінде сол бағытта айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгінгі ашылып отырған зертхана магистранттар, докторанттар, жас ғалымдардың жұмысына серпін беріп, мұнай-газ саласындағы құрылыста сапаны және өнімділікті жақсартуда септігін тигізеді деп сенемін, – деді М.Отарбаев.


Университет ректоры Мұхтар Қазбекұлы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан жас ғалымдарды қолдау жыл сайын күшейтіліп келе жатқанын айтты.– Жас ғалымдардың зерттеулерін гранттық қаржыландыруға арналған конкурстардың нәтижесінде сұранысқа ие жобалар еліміздің әр өңірлерінде іске асырылып жатыр. Қазақстандық ғалымдардың ғылыми жарияланымдарының саны мен сапасы артты. Ақпарат ретінде айта кетсек, 2024-2026 жылдарға жас ғалымдардың зерттеулерін гранттық қаржыландыруға 18 миллиард теңге қарастырылған. Бұл ақпаратты айтып отырған себебіміз, «Тампонаждық материалдар мен бұрғылау ерітінділерінің қасиеттерін зерттеу» зертханасы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыру аясында ашылды. Зертхана 2023 жылы желтоқсан айында толық жабдықталып, ҚР Ғылым қызметкерлері күніне орай пайдалануға беріліп отыр. Қазіргі таңда зертханада PhD докторы Арман Кабдушев жетекшілігімен докторанттар мен магистранттар, бакалаврлар білім алып, зерттеулерін жүргізіп, ғылыммен айналысуда. Кафедраның ғалымдары зерттеу жұмыстарын жүргізіп, мақалаларын жариялауда, – деді М.Қазбекұлы.


Айта кетсек, «Тампонаждық материалдар мен бұрғылау ерітінділерінің қасиеттерін зерттеу» зертханасы еліміздегі мұнай-газ саласындағы ұңғымаларды бұрғылау және бекіту кезіндегі мәселелерді шешуге бағытталған. 

Жұлдызай МҰСАЕВА,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз өңірлік 
университетінің
 4-курс студенті

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар