Мәселен, сауда сөрелеріне 8,1 тонна жылқы, сиыр, қой және тауық еті қойылды. Сонымен қатар 3 тонна шұжық, 5 тоннаға жуық сүт, 600 келі кондитерлік және 4,4 тонна макарон өнімдері саудаға шығарылды. Бұдан бөлек 7 мың жұмыртқа, 100 келі тұз, 1,2 тонна балық, 7 тонна ұн, 1,6 тонна бал мен 17,5 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері сауда сөрелерінен орын тапты.Тараз қаласы әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Жанболат Таңатаровтың айтуынша, облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының тапсырмасы бойынша жәрмеңке нарықтағы бағаға құрылған кестеге сай ұйымдастырылуда.
– Бұрын жәрмеңкені орталық алаңда өткізіп жүргенбіз. Дегенмен көлік қозғалысына кедергі келтіріп, ойлана келе, жәрмеңкені «Grand bazar» сауда орталығының алдында ұйымдастырып жүрдік. Алайда базардың қасы болғандықтан тұрғындарға қолайсыз болды. Сондықтан биыл жәрмеңкені «Жастар» аллеясынның алдында өткізуді жөн деп таптық. Биыл барлығы 5 жәрмеңке өтсе, үшеуі «Жастар» аллеясында ұйымдастырылды. Былтырғы 47 жәрмеңкенің бесеуі орталық аланда, қалғаны «Grand bazar» сауда орталығында өткен болатын.
Әр сенбі сайын өткізілетін жәрмеңкеге 10 аудан қатысады. Дегенмен аудандарды 5-5-тен бөліп, аймақтар апта сайын өз өнімдерін кезектесіп әкеледі. Сонымен қатар сауда сөрелеріне сенбі сайын Тараз қаласында шығарылатын тауарлар жұртшылыққа ұсынылады. Нарықтағы баға да әр сенбі сайын алдын ала анықталып, жәрмеңкедегі бағаны Тараз қаласы әкімінің тиісті орынбасары мен облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасы басшысы бекітеді. Жәрмеңкенің басты мақсаты – әр шаруа тауарын халыққа делдалсыз ұсыну, – деді Ж.Таңатаров.
Жәрмеңкеде Тараз қаласы әкімінің орынбасары Гүлдана Жауынбекова сауда қатарларын аралап, бағаның қолжетімділігіне көз жеткізді.– Жәрмеңкені ұйымдастырудың тағы бір пайдасы – бағаны тұрақтандыру.Осы арқылы халық керекті азық-түлікті осы жерден апта сайын арзан бағаға сатып ала алады. Анығын айтқанда, көпшілікке өнімді базардағы саудагер немесе делдалдардан емес, жергілікті ауылшаруашылық тауарын өндірушілерден сатып алуға мүмкіндік жасалған. Қала тұрғындарының жәрмеңкеге қатысу белсенділігі де уақыт өткен сайын артып келеді, – дейді Гүлдана Әлімжанқызы.
Қымбат ШӘРІП,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік
университетінің 4-курс студенті