Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ДИПЛОМАТИЯ – ДАМУ ДІҢГЕГІ

ДИПЛОМАТИЯ – ДАМУ ДІҢГЕГІ
ашық дереккөз
ДИПЛОМАТИЯ – ДАМУ ДІҢГЕГІ
Өткен аптада күллі әлемнің назары кезекті рет Қазақстанға ауды. Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі өтіп, оған түрлі діни ұстанымдағы конфессия өкілдері қатысты. Сөзсіз осынау шаралар Қазақстанның әлем елдері арасындағы орнын айшықтап, барша адамзатты алаңдатқан өзекті мәселелерді шешуге конструктивті диалог алаңын ұсынатын мемлекет ретінде танытты. Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде еліміз өзге мемлекеттермен дипломатиялық қатынас түзіп қана қоймай, жаһандық келісім мен тұрақтылық сақтау ісіне үн қосты. Бір-біріне қырғи-қабақ танытып жүрген елдердің арасында арағайындық жасады. Ең бастысы күллі ғаламға өзін тыныштық пен тұрақтылықты ту еткен мемлекет ретінде мойындатты. Және де Қазақстан сияқты дамушы елдердің жағдайында мұндай позицияның берері мол болды. Мәселен, тәуелсіздіктің алғашқы 25 жылында Қазақстанға 255 миллиард доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Тек Орталық Азиядағы шетел инвестициясының 75 пайызы Қазақстанға тиесілі. Шетелдік инвесторларды өздері қаржы салатын елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайымен бірге саяси ахуалы да қызықтырады. Сондай-ақ инвестиция салатын мемлекеттің көрші елдермен қарым-қатынасы, берік байланыс орнатуын да маңызды фактор санайтындар көп. Яғни инвесторлар артық тәуекелге барғысы келмейді. Бұл тұрғыдан алғанда осыдан дәл 30 жыл бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып, тәуелсіздігін дүниежүзіндегі 180-нен астам мемлекетке мойындатқан. Қазір еліміз әлемнің 120-дан астам елімен дипломатиялық қатынас орнатқан Қазақстанның халықаралық аренадағы орны айшықты. Одан бөлек көптеген интеграциялық бірлестіктің бастамашысы ретінде де жаһандық геосаясатта қолтаңбамызды қалдырып үлгергенімізге тарих куә. Әріден бастасақ, 40 жыл бойы Абай Құнанбайұлы, Мұхтар Әуезов сынды алыптар дүние есігін ашқан Семей өңірінде атом бомбасын сынаудан, жалпы қырып-жою қаруын иемденіп, өзгеге күш көрсетуге қарсы шықтық. Тәуелсіздіктің алғашқы елең-алаңында әлеуетті, даму қарқыны жоғары елдермен тереземіз тең болу үшін ядролық қаруды стратегиялық «қаруға» айналдыруды құп көргендер болған. Алайда мемлекет басшылары мүлдем басқа жолды таңдады. Сонысымен кеше ғана алып империядан еншісін алып, отауын сайлаған мемлекеттің халықаралық аренадағы беделі көтерілді. Одан кейінгі жылдары да әлгі зор абырой-беделімізді өз деңгейінде ұстап қалу үшін ауқымды жұмыс жүргізілді. Ел астанасында бірнеше рет Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезді мен ЕҚЫҰ саммиті өтті. Сирияда соғыс оты тұтанған сәтте де Қазақстан астанасы қос тарапқа бірнеше мәрте диалог алаңын ұсынды. Халықаралық дипломатиялық қауымдастық Астана саммиті деген атау ие болған бұл жиын күнтәртібіне ғаламдық геосаясаттағы ең өзекті мәселелер қойылып, кеңінен талқыланды. Дауласқан тараптарды келісім үстеліне отырғызып, бітімге келуге шақырды. Өткен жылы еліміздің сыртқы саясаттағы даму бағыттары мен ұстанымдарын айқындаған маңызды бір құжат қабылданды. Қазақтың төл дипломатиясының 30 жылдығы қарсаңында бекітілген құжат 2020-2030 жылдарға арналған Сыртқы саясат тұжырымдамасы деп аталады. Бұл құжат арқылы Қазақстанның халықаралық стратегиялық қағидаттары және бағыт-бағдары өзгермейтінін нақтылады. Өз кезегінде Қазақстан үшін Ресей, Қытай, АҚШ, Орталық Азия және Еуропа Одағы мемлекеттерімен стратегиялық қарым-қатынасты сақтау сыртқы саясаттағы маңызды дипломатиялық миссия болып қала береді. Жасыратыны жоқ қазіргідей геосаяси жағдай ушығып тұрған сәтте серіктес елдермен барыс-келісті реттеу күн тәртібіне шықты. Әсіресе Ресейге салынған санкциялар жағдайында экспорттық, импорттық міндеттемелерді орындау үшін жаңа көліктік-логистикалық инфрақұрылым іздеу, келіссөздер жүргізу халықаралық қатынастағы негізгі ұстанымға айналды. Қазіргі кезде дипломатиялық миссия елдер арасындағы қарым-қатынасты реттеумен бірге экономикалық саясатты жүргізуді көздейді. Яғни дипломаттар шетелдік инвесторды тарту, импорттық, экспорттық арналарды түзуге атсалысады. Бұл пандемиядан кейін экономикалық жағдайды тұрақтандырудың алғышарты. Сайып келгенде аталмыш миссияларды мүлтіксіз атқаруда елдің халықаралық аренадағы рөлі де шешуші мәнге ие.

Фарида ЖҮНІСОВА, облыстық мәслихаттың депутаты

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар