Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

САЙЛАУ САЯСИ ОЙЫН БА, ӘЛДЕ?..

САЙЛАУ САЯСИ ОЙЫН БА, ӘЛДЕ?..
ашық дереккөз
САЙЛАУ САЯСИ ОЙЫН БА, ӘЛДЕ?..
Биыл қазақстандықтар үшін өзгеріске толы жыл болды. Әсіресе «Қаңтар оқиғасы» талай былықтың бетін ашып берді. Ел байлығының тең жартысы белгілі бір топтардың ғана қолында болуы расында да әділетсіздік. Халықтың емес, қара басының қамын ойлаған адамдар билікте отырған мемлекетте жемқорлық түбімен жойылады дегенге сену қиын. Халық алдында сенімнен айырылған биліктің уәдесі мен елдегі қымбатшылықтан мезі болған халықтың өз талабын орындату үшін «бейбіт шеруге» шыққан сәтін пайдаланған лаңкестердің мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылуы секілді небір жаға ұстатар жайттар елімізде қандай да бір өзгеріс орын ала қалса, оны құп көрмейтін ықпалды адамдардың бар екенін айғақтайды. Ондай пиғылдағы адамдар бар жерде әділетті қоғам құру оңай шаруа емес. Жерде жұмақ орнатпасақ та баянды болашаққа даңғыл жол ашу үшін алда ел азаматтары атқаратын қыруар іс көп. Ойлаған мақсат-мүддеге бірден қол жеткізу мүмкін емес. Осыны көзі қарақты кез келген адам Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әрбір Жолдауы мен халыққа жасаған Үндеулерінен ұғына алады. Ал халық ойлағандай өзгеріс біртіндеп болса да орын алса, бұл сөз жоқ елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын ілгерілетеді. Негізі қазақстандықтар 2024 жылы Парламент сайлауын, одан кейінгі жылы Президент сайлауын өткізуі қажет еді. Бірақ Президент Қ.Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт, Берекелі қоғам» атты халыққа арнаған жуырдағы Жолдауында жаңа стратегиялық жоспарға сәйкес ең басты деген мемлекеттік институттарды кешенді түрде қайта жаңғыртуға кірісу қажеттігін айтты. Жолдауда Мемлекет басшысы: «Мен биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынамын. Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын... Ескі тәсіл бойынша сайланған биліктің өкілді органдарының кезектен тыс сайлау науқаны арқылы жаңаруы заңдылық. Сондықтан Мәжілістің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауын келесі жылдың бірінші жартысында өткізуді ұсынамын. Біз көпшіліктің мүддесін білдіретін депутаттардың жаңа құрамын жасақтаймыз. Бұл қадам мәслихаттар мен Парламент жұмысының тиімділігін арттырары сөзсіз. Болашақта Үкімет құрамына сайлаушылардың басым көпшілігінің даусын алған саяси күштердің ғана емес, Парламенттегі басқа да партиялардың өкілдері кіруі мүмкін. Мұндай тәсіл атқарушы билікке бүкіл қоғамның талап-тілегін ескеретін тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен, биыл Президент сайлауы, келесі жылы Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. Содан кейін Үкімет құрамы жасақталады. Соның нәтижесінде 2023 жылдың ортасында Президент, Парламент, Үкімет сияқты негізгі саяси институттардың бәрі қайта жаңғырып, жаңарады. Біз ашық бәсекелестік орныққан және бәріне тең мүмкіндік берілетін Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз», – деді. Десе де ел ішінде бұл саяси реформа «қаңтар оқиғасы тағы да қайталанбас үшін жүргізіліп жатқан болуы мүмкін деген пікір бар. Мұндай өзгеріс жасау қандай қажеттіліктен туындады? Президенттің «Жаңа Қазақстан» құру жолындағы қолға алған өзгерістері нені көздейді? Сайлау саяси ойын ба, әлде шынында да бұл ескі кадрдан арылмай,«Жаңа Қазақстан» құру мүмкін болмағандықтан, мемлекеттік басқару жүйесіне түбегейлі өзгеріс енгізу, елдегі Парламенттің рөлін күшейту үшін жасалып отырған қадам ба? «Жаңа Қазақстан» құру үшін не істеуіміз қажет? Сайлау әділ өтеді дегенге сенуге бола ма?» деген сауалдар төңірегінде өңірде саясаттан хабары бар деген бірқатар азаматтарға хабарласып, әңгімелескен едік. Мәселен, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Дауыл Бейсенқұлов алдағы сайлау реформалар мен бағдарламаларды жүзеге асыруға тың серпін беретінін айтады. –  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған әрбір Жолдауы мен Үндеулері халықтың ертеңгі күнге деген сенімін нығайта түсті. Жаңа Жолдауы да көтерген мәселелері жағынан салмақты, барды бағалауға болатын тарихи құжат болды. Себебі болашағымызды айқындайтын бұл құжат – ел күткен, елдің ойында жүрген мәселелерді дөп басты. Сондай-ақ Мемлекет басшысының өкілетті мерзімін жеті жылға ұзарта отырып, сайлану мерзімін бір мерзіммен шектеу бастамасы да билікті монополиялау үрдісін ретке келтіру мүмкіндігін тарих сахнасына алып шықты. Жеті жыл – аз мерзім емес. Реформалар мен бағдарламаларды жүзеге асыру мүмкіндігіне жеткілікті мерзім. Сонымен қатар Президент сайлауы мен Парламент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу мәселесі де қоғам мен бұқара халық күткен саяси реформалардың алғашқы қадамы екеніне сенімдімін. Енді, бұл сайлаудың қандай қажеттілігі бар деген сауалға келер болсақ, оған Президенттің өзі нақты жауап берді. Яғни саяси реформалар мен референдум кезінде құрылған саяси жүйені іске асыру үшін Президенттің де, Парламенттің де саяси мандаты жаңаруы керек. Бұл өз кезегінде жаңа саяси тұлғаларды, жаңа партияларды алаңға әкеліп, қоғамдық-саяси өмірді белсенді етіп, сол арқылы саяси жаңаруға жол ашатын болады. Сондықтан бұл тосын сайлау емес, жүйелі, осы өзгерістерді  халықтың ықыласын, саяси жүйені іске асыру бағытында жасалып отырған нақты қадам деп айтуға болады. Жаңғыру, жаңару табалдырығында тұрған Қазақстанның гүлденуі – баршамыздың бақуатты тірлігімізге байланысты. Президент айтқандай, «Бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығара» отырып, жарқын болашақ үшін жұмыла күресуіміз қажет. Сондықтан ел ертеңіне селқос қарамайтын әрбір азамат алдағы сайлауларда белсенділік танытуы керек, – дейді Дауыл Ынтықбайұлы. Кез келген мәселеде пікір алуандығы деген бар. Мәселен, біреулер президенттік мерзімді 7 жылға ұзарту заңға қайшы десе, ал көпшілік қауым Президент бір ғана мерзімге сайланғанымен, жеті жылда қыруар шаруа атқаруына болады деген ойда. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Педагогикалық психол огия» к афедрасының аға оқыт ушысы, магистр, «TALDAU» социологиялық және маркетингтік зерттеу орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Әлмұратов Президент Конституцияның жаңа баптары бойынша әрекет ететіндіктен бұл өзгерісті заңсыз деп айта алмайтынын білдірді. Ол 7 жылдық мерзім бұрын Франция, Түркияда болғанын, кейін аталған мемлекеттер ол мерзімді 5 жылға өзгерткенін сөз етті. – Меніңше болашақта бәрібір қайтадан 2 мерзімді 5 жылдық Президенттік өкілеттілікке келетін сияқтымыз. Бұл Конституция өзгерісінің соңғы нұсқасы емес деп ойлаймын. Жалпы, Президент өз Жолдауында: «Халық мемлекеттік органдардың өз уәдесін қағаз бетінде емес, іс жүзінде орындағанын қалайды», – деді. Бұл дегеніміз халықтың мемлек еттік органд ард ың құрғақ уәд есінен шаршағанын көрсетіп отыр. «Жаңа Қазақстан» сөзінің де мәнісі барған сайын кетіп бара жатыр. Бір сөзді қайта-қайта айта беру елдің құлағын жауыр қылатыны белгілі. Олай болса сөзбен емес, іспен «Жаңа Қазақстанды» құруды қолға алу керек. Мемлекет басшысы өз Жолдауында биыл Президент сайлауы, келесі жылы Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы жайлы сөз қозғағанына барша жұрт куә. Сайлау, мерзімінен бұрын сайлау қай елде болмасын көрініс тауып жатады. Демократиялық елдерде Үкіметті жасақтай алмаған соң, Парламентте көпшілік орынға ие бола алмай жатқанда, саяси тұрақсыздық орын алғанда ерте сайлауға барып жатады. Бізде «Жаңа Қазақстан» құру үшін мерзімінен бұрын сайлауға барып, депутаттар арасынан халықтың ойынан шығатын, «елім, жерім» деп жүрген азаматтар көрінбесе бұған тағы да саяси ойынның бір сценарийі деп қарауға болады. Өркениетті елдерде Парламенттің таратылуына негізгі себептер болу керек. Жоғарыда айтып кеткендей, белгілі партия көпшілік дауысқа ие бола алмай жатқанда немесе қайта-қайта коалициялық Үкімет құрып, ол тұрақсыздық танытып жатса, ерте сайлауға барудан басқа амал қалмайды. Біздегі жағдай қандай? Әлде жасы келген, зейнет жасындағы депутаттарды демалысқа жіберіп, өңкей сайдың тасындай халыққа қалтқысыз қызмет ететін, әділ сайлаумен, бәсекелестікпен жеңген саяси партияға немесе саяси тұлғаларға орын берейін деп жатыр ма?  Жалпы, батыс елдерінің көпшілігі парламенттік мемлекет. Саяси партиялар көпшіліктің басым даусымен билікке келсе, ол партия өзі Үкімет құрамын жасақтап, келесі сайлауға дейін алаңсыз жұмыс істей береді. Кейде сондай сайлауда бір партия көпшілік дауысқа ие бола алмай жатады. Мұндай жағдайда Үкімет қолдау табуы үшін басқа партиямен коалицияға бірігеді. Мұндайда Үкімет тұрақсыз болады. Екінші партияның ол Үкіметті таратуға құқығы бар. Сол кезде ғана Президент Жарлық шығарып, Парламент таратылады. Ал біздегі жағдай түсініксіз. Бір ғана мәселе, яғни «Жаңа Қазақстан» құру үшін ғана «жаңа депутаттар керек» дейтін болсақ, бұл меніңше саяси қателік. Өйткені осыдан үш жыл бұрын біз депутаттарды сайладық, олардың әлі өкілеттілік мерзімі біткен жоқ. Бұл Конституциямызға қайшы. Ал бұл Президенттің «Жоқ, Парламентке менің ғана адамдарым келуі керек» деген ойынан туындаса, «Жаңа Қазақстанды» қазіргі Парламентпен-ақ құруға, ойға алған іске біртіндеп қол жеткізуге болады. Тек қана жаңа кадрлармен «Жаңа Қазақстан» құру мүмкін емес. Біз «Жаңа Қазақстан» деген абстрактілі ұғымды әлі түсіне алмай жатырмыз. «Мемлекетіміз әділетті Қазақстан, бай-қуатты қоғам болуы керек» дейміз. Ал оны жаңа Парламент, жаңа құрам қаншалықты жасай алатыны белгісіз. Егер де алдағы сайлау бұрынғыдай, баяғы сарынмен жалғасатын болса онда «Жаңа Қазақстанның» ауылы алыс деген сөз. Егер сайлауда дауыстар ұрланып, бума-бума бюллетендер урнаға сайлау комиссиясы мүшелерінің қолымен салынса онда ешқандай да әділдік, ешқандай да демократия жайлы айтудың қажеті жоқ. Мен шынын айтқанда биылғы, келесі жылғы сайлаулардың әділ өтетініне күмәнмен қараймын. Өйткені халықтың саяси белсенділігі төмен. Күнделікті асханадағы «саяси әңгіменің» төңірегінде қалып қойып отырмыз. Шынайы саяси белсенділікке салғырт қарау басым. Мұны билік өз пайдасына жаратып отыр. Қазір «бәрібір сол зейнеткер, биліктің айтқанына көніп, айдауына жүретін, өз ойлары мен пікірлері жоқ, саяси қуыршақтар немесе көзге сүйел болған тұлғалар сайланады» деп жұрт көріпкелдік жасап отырғанын жасыра алмаймыз. Негізі «Жаңа Қазақстан» деген абстрактілі ұғым кейбіреулер үшін жалған ұранға айналмауы керек, – дейді Б.Әлмұратов. Президент аталған Жолдауында: «Парламенттің рөлін күшейту міндеті тұр. Бұл халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын табысты жүзеге асыруға жол ашады. Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз» – деді. Мемлекет басшысының «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» құруда өз ойлағаны бар екені даусыз. Не де болса жағдай қай бағытқа өзгеретінін келесі Президентімізді сайлап, Парламент пен Үкімет құрамын қайта жасақтағаннан кейін белгілі болады. Бастысы болашақтан үміт үзбейік. Себебі Қазақстанның дәуірлейтін кезеңі алда екенін халықтың түйсігі сезеді, осыған сенеді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар