Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«ҰСТАЗДЫҚ ЕТКЕН ЖАЛЫҚПАС...»

«ҰСТАЗДЫҚ ЕТКЕН ЖАЛЫҚПАС...»
ашық дереккөз
«ҰСТАЗДЫҚ ЕТКЕН ЖАЛЫҚПАС...»
«Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын – мұғалімдікі» деген қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы, лирик ақын, Алаш арысы Мағжан Жұмабаевтың қанатты сөзі қанша уақыт өтсе де маңызы мен мәнін әлі күнге жойған жоқ. Болашақта да солай болып қала бермек. Себебі ұстаз – ұлтымыздың ұстыны, мемлекетіміздің жүрегі.  Сондықтан да еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері білім саласына айрықша қолдау көрсетіп, педагогтердің беделін көтеруге баса мән беруде. Мәселен, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Биылғы қаңтар айынан бастап педагогика саласы қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға көбейді. Алдағы үш жылда осы мақсатқа тағы 1,2 триллион теңге жұмсаймыз. Қабылданған шаралар жемісін беріп жатыр. Педагогикалық мамандықты қалап, оқуға түскендердің орташа балы күрт өсті» деп, ұстаздарды қолдау саясаты алдағы уақытта да жалғаса беретінін айтты. Мемлекет басшысы жуырда ғана, яғни 1 қыркүйекте жариялаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында да мұғалім мәртебесін көтеру, қадір-қасиетін арттыру мәселесін ұмыт қалдырмады. «Әділетті Қазақстанды құру ісінде мұғалімдердің рөлі айрықша екені сөзсіз. Мемлекетімізде соңғы жылдары ұстаз мамандығының абырой-беделін арттыру үшін көп жұмыс жасалды. Дегенмен бұл бағытта әлі де біршама өзгерістер жасау қажет. Педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредитациялаудың жаңа стандарты қабылданады. Сондай-ақ, ұстаздардың құзырет аясы айқындалады» деген Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметке бірқатар тапсырмалар жүктеді. Мұнан бөлек бірнеше жыл бұрын ҚР «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануы да мектептің жүрегі – мұғалімдердің мәртебесін биіктетіп, мерейін өсіруге бағытталған тарихи шешім десек, қателеспейміз. Осылайша мемлекеттің қомақты қолдауы білім-ғылым саласының жаңа сатыға көтерілуіне және талай жылдан бері қордаланған көптеген өзекті мәселелердің оң шешімін табуына ықпалын тигізуде. Сонымен қатар білім саласына мемлекеттік қолдау көлемінің артқанының нәтижесінде мұғалім мамандығына түскен талапкерлердің де қатары жыл санап артып келеді. Әрі білікті педагогтерге сұраныстың көбеюі де жастардың болашағын білім саласымен байланыстыруға септігін тигізуде. ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов те бірнеше ай бұрын бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында қазіргі қоғамдағы маңызға ие үш мамандықтың қатарына мұғалімдерді де жатқызған болатын. «Біріншіден, жас мұғалімдерге сұраныс жоғары. Қазір бұл мамандық тұрақтылықтың кепіліне айналды. Елімізде жақсы мұғалімдерге сұраныс өте жоғары. Қазір жалақы да, даму мен мансаптық өсу мүмкіндіктеріне де жағдай жасалған. Сонымен қатар осы бағытқа 9,5 мың грант бөлініп, ең жоғары стипендия тағайындалады, одан бөлек жалақы жыл сайын 25 пайызға өсіп отырады», – деді сонда Асхат Аймағамбетов. Иә, білімнің өзі үлкен бизнеске айналған қазіргі цифрлы технология дәуірінде ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім бере алатын білікті педагог мамандарға сұраныс артпаса, кемімейтіні анық. Сұраныс артып, қолдау көлемі көбейіп, тиісінше мектептер мен мұғалімдерге жүктелетін міндет те, артылатын жауапкершілік те жоғарылап келеді. Егер талап күшеймесе, мұғалім білікті болмаса білім беру үрдісі оңала қоймайды. Ал болашығымыздың айнасы ұстаздардың сенім үдесінен шығып, үмітті ақтамауға хақысы жоқ. Өйткені еліміздің дамуы, өсіп-өркендеу, бәсекеге қабілетті болуы, өркениет көшіне ілесе алуы білім жүйесіне, ұстаздарға тікелей байланысты.

Индира ЗАУРБЕКОВА, Тараз қаласының тұрғыны

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар