Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЕРІКТІЛЕР АРАЛ ТЕҢІЗІНІҢ ТАБАНЫНА 5 МЫҢНАН АСА СЕКСЕУІЛ КӨШЕТІН ОТЫРҒЫЗДЫ

ЕРІКТІЛЕР АРАЛ ТЕҢІЗІНІҢ ТАБАНЫНА 5 МЫҢНАН АСА СЕКСЕУІЛ КӨШЕТІН ОТЫРҒЫЗДЫ
ашық дереккөз
ЕРІКТІЛЕР АРАЛ ТЕҢІЗІНІҢ ТАБАНЫНА 5 МЫҢНАН АСА СЕКСЕУІЛ КӨШЕТІН ОТЫРҒЫЗДЫ
Бүгінгі таңда әлемнің әр түкпірінде тіршілік нәріне қатысты экологиялық мәселе көп. Соның бірі – қалың қазақты алаңдатқан Арал теңізі. Себебі балығы тайдай тулаған теңіз бүгінде суалып, табаны қаңсып қалды. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Аралдың аумағы жетпіс мың шаршы шақырымға жуық болатын. Алайда су ресурсын дұрыс пайдаланбау, экологияның өзгеруі сынды себеп-салдардан теңіз суы жетпісінші жылдардан бастап суала бастады. Көлемі жағынан әлемде төртінші орында тұрған Аралдың қазіргі жағдайы тым мүшкіл. Бұған дейін Арал теңізін сақтау мақсатында бірқатар халықаралық шара қолға алынғанымен бұл мәселе өзектілігін әлі күнге дейін жоятын емес. Заманында даңқы шартарапқа жайылған теңізді құтқару мүмкін еместігіне көзі жеткен белсенділер енді сор басқан теңіз орнын тіршілік мекеніне айналдыруға кірісті. Атап айтқанда, наурыздың 1-3 аралығында Қызылорда облысында «Syr qorǵany – sekseýil» алғашқы эковолонтерлік жобасы өтті. Жобаның мақсаты – өңірдің экожүйесін қалыпқа келтіру және Арал теңізін экологиялық апаттың зардаптарынан қорғау. Көзделген нәтижеге қол жеткізу үшін Алматы менеджмент университеті 80-ге жуық еріктіні жұмылдырды. Еріктілер Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен Арал теңізінің құрғаған табанына 5 мыңнан астам сексеуіл көшетін отырғызды. Еріктілер Алматы, Талғар, Астана, Ташкент қалаларынан жиналды. Араларында тіпті АҚШ-тың екі азаматы бар. Сонымен қатар Қызылорда облысының Шиелі, Жаңақорған елді мекендерінің белсенді азаматтары да еріктілер қатарынан көрінді. 3 күннің ішінде олар 1 мың 30 шақырымды жүріп өтті. Алғашқы күні «Қорқыт ата» мемориалдық кешеніне соғып, ата-баба рухына тағзым етті. Одан кейін «Аралды құтқару» халықаралық қорының сарапшысы Мария Заднепровская мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кинорежиссер Сергей Азимовтың қатысуымен форсайт әңгіме өтті. Жиын барысында жиналған қауым режиссердің Арал тағдырын баяндайтын, 1988 жылы жарыққа шыққан «Жоқтау» фильмін тамашалады. – Аралды толық қалпына келтіру мүмкін емес. Бірақ елімізді, туған ауылымызды көркейту, экологиялық жағдайын жақсарту – қолдан келетін жұмыс. Сол себепті өзім ерікті ретінде жобаға қатысып отырмын. Сынап-мінегенше азаматтығымызды іспен көрсетіп, жағдайды түзеуге үлес қосуға болады. Ең бастысы, осы секілді жоба арқылы жастардың, қауымның экологиялық, ұлттық санасын, адами сезімін оята аламыз, – деп ой бөлісті белгілі режиссер. Келесі күні 80-ге жуық ерікті қолына күрек алып, Аралдың құрғаған табанына сексеуіл көшетін отырғызды. Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орманшаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті «Республикалық орман-селекциялық тұқым өсіру орталығы» бас директоры Әліби Ғазизұлы жобаның ерекшелігіне тоқталды. – 1 миллион 100 мың гектар жерге сексеуіл отырғызу жұмысы жүріп жатыр. 2021-2023 жылдар аралығында 545 мың гектар жерге сексеуіл отырғызылды. Енді жұмыстың жартысы қалды. Сексеуіл отырғызуға Аралға еріктілердің келуі – Қазақстан тарихында болмаған жайт. Сексеуіл – балта шаба алмайтын, ара кесе алмайтын қасиетті ағаш. Бір түбінің өзі 4 тонна құмға дейін ұстап тұра алады. Дүниежүзі бойынша сексеуіл біздің елде ең көп өседі. Сексеуілдің ақ және қара деген екі түрі бар. Жоба аясында қара сексеуіл отырғызылды. Енді 4 жылдан кейін тұқым береді, – деді Әліби Ғазизұлы. Белсенділердің арасында жерлесіміз, қазір Астана қаласында қызметте жүрген Ұлттық волонтерлік желісінің координаторы Бауыржан Жұмат та бар. Волонтер өзінің жобадан алған әсерін бөлісті. – Бұл – ерекше жоба. Алғаш рет жоба жайлы естігенімде «қатысамын» деп бірден шешім қабылдадым. Бұған дейін басқа да волонтерлік акциялардың бел ортасында жүргенмін. 7 жылдан бері еріктімін. 7 жыл ішінде Ақтөбе, Тараз қалаларындағы «Жасыл белдеу» экологиялық жобаларына атсалыстым. Шынымен де экологиялық апатқа душар болған өлкеге, Арал теңізіне келіп, тіршіліктің пайда болуына кішігірім болса да көмектестік деген ойдамын. Астанаға барған соң басқа да еріктілермен алған әсерімді бөлісемін, – деді Бауыржан Жұмат.

P.S:Тәуелсіздік жылдарында орманшылар теңіз ұлтанының 550 мың гектар аумағына сексеуіл еккен. Алғашқы отырғызылған ағаштар бүгінде алқапқа айналып, өлі аумақта тіршілік түлей бастады. Эковолонтерлер келесі жылы да қатысушы санын арттырып, игі істің ауқымын кеңейтсек деген ниетте.

Ақтоты Жаңабай

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар