Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қоқысты қайта өңдеуге 200 миллиард теңге бөлінеді

Қоқысты қайта өңдеуге 200 миллиард теңге бөлінеді
ашық дереккөз
Қоқысты қайта өңдеуге 200 миллиард теңге бөлінеді
Жақында Үкімет отырысында экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев инвесторларды тарта отырып, ірі қалаларда тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу зауыттарын салу бойынша атқарылған жұмыстың нәтижесі туралы баяндама жасады. Министрдің айтуынша, 2023 жылы елімізде 4,1 миллион тоннаға жуық коммуналдық қалдықтар түзілсе, 1 миллион тоннасы өңделген, қалғаны полигондарда көмілген. – Ірі 39 елді мекен бойынша ғана ғарыштық мониторингтің өзі былтырғы жылы 5 533 рұқсатсыз қоқыс үйіндісін анықтады. Бұл қалдықтардың нақты көлемі есепке алынатын көлемінен әлдеқайда жоғары екенін көрсетеді. Коммуналдық қалдықтардың морфоло­гия­лық құрамы шамамен 70 пайыз пайдалы фракциялардан тұрады. Атап айтқанда, 16 пайыз пластик, 11 пайыз макулатура, 9 пайыз шыны, 37 пайыз органикалық қалдықтар, 27 пайыз тағы басқа қалдықтар. Бұл көрсеткіштің өңірлерге байланысты айырмашылығы болуы мүмкін, – деді министр. Үкімет қалдықтарды басқару саласындағы жобаларды қаржы­лан­ды­ру­дың жеңілдетілген тетігін бекітті. Онда қоқыс таситын көліктерді сатып алу, сұрыптау желілерін және қайта өңдеу қуаттарын салу көзделген. Қаржыландыру Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы 3 жылдан 15 жылға дейінгі қарыз беру мерзімін және 3 пайыздық сыйақы мөлшерлемесін қарастырады. Бөлінетін қаражаттың жалпы мөлшері 3 жылға шамамен 200 миллиард теңгені құрайды. – Министрліктің жанынан құрылған жобалық топ барлық әкімдіктермен және салалық бизнес өкілдерімен кеңестер мен кездесулер өткізді. Жобаларды қарау кезінде өңірлердегі коммуналдық қалдықтардың ағымдағы жағдайын талдауға және мәселелерді жүйелі түрде шешу тұрғысынан жобалардың тиімділігіне баса назар аударылды. Нәтижесінде 232,2 миллиард теңгеге 94 жоба іріктелді, – деп атап өтті ведомство басшысы. Сұрыптау желілерін салу және жаңғырту бойынша өңірлермен 21 жоба пысықталған. Жобаларды жүзеге асыру – сұрыптау желілерінің қуаттылығын қазіргі 1,7 миллион тоннадан 4,7 миллион тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. – Қалдықтарды қайта өңдеу бойынша 45 жоба пысықталды. Жобалардың жалпы қуаттылығы жылына 1,2 миллион тоннадан аса. Ал құны – 171 миллиард теңге. Оның ішінде жеке инвестициялардың көлемі 34,3 миллиард теңгені құрайды. Жобаларды жүзеге асыру қалдықтарды қайта өңдеу көлемін жылына 1,5 миллион тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді, – деді спикер. Министрдің айтуынша, биыл қайта іске қосылған «EcoQoldau» бағдарламасы жұмыс істеп тұрған және жаңадан құрылатын зауыттарды шикізатпен қамтамасыз етуге ықпал жасайды. Төлемдер мамандандырылған ұйымдарға беріледі. Биыл осы мақсатқа 7,6 миллиард теңге қарастырылған. Министр атап өткендей, қалдықтарды басқарудың маңызды бөлігі – жеткілікті деңгейде контейнерлер мен қоқыс таситын көліктермен қамтамасыз ету. Әкімдіктердің мәліметінше, бүгінгі күні елімізде 133 мың контейнер болса, ал қосымша қажеттілік 60 мыңды құрап отыр. – Ірі қалаларда 1 681 қоқыс таситын көлік қызмет етеді, қосымша қажеттілік шамамен 900-ді құраса, ал оның 223-і инвестициялық жобаларда ескерілді. Басты талап – контейнерлер мен қоқыс таситын көліктер жергілікті бюджет пен жеке инвестициялар есебінен сатып алынуы тиіс. Қызылорда және Жетісу облыстарының тәжірибесін атап өткім келеді. Бұл өңірлерде жобалар облыс орталығында ғана емес, аудандарда да пысықталды. Шешім қабылдау барысында қалдықтардың қалыптасу көлемдеріне, логистика мен қажетті инфрақұрылымды тиімді орналастыруға баса назар аударылды. Бұндай тәсілді өзге өңірлерге де таратуды ұсынамын, – деген министр барлық жобалар жергілікті атқарушы органдармен келісілгенін және жақын арада Өнеркәсіпті дамыту қорының қарауына жолданатынын айтты. Сондықтан әкімдіктерге әр жобаны іске қосылғанға дейін бақылауда ұстауын, Өнеркәсіпті дамыту қорына жобаларды қарау мерзімдерін қысқартуды тапсыруын сұрады.

Ақтоты Жаңабай

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар